Пекин қысқы олимпиадасында фристайлдың могул түрінен қазақстандық Юлия Галышева да медаль иелене алмады. 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері Қытайдағы ойындарда қателесіп, үздік алтылыққа да енбей қалды.
ГАЛЫШЕВАНЫҢ ҚАТЕЛІГІ
Олимпиада алдында әр спорт түрінен жүлдеге болжам жасайтын америкалық Gracenote cараптама орталығы қаңтарда "Юлия Галышева могулдан Пекин ойындарында күміс алады" деп болжаған еді. Ал олимпиада басталғанда орталық сарапшылары болжамдарын қайта өзгертіп, Галышеваны жүлдеге ілінетіндер қатарынан алып тастап, 4-орынға ысырған.
Бірақ 29 жастағы Галышева Қытайда суперфиналға шыққан үздік алтылықтың қатарына ене алмады. Спортшы бірінші финалда 74,97 ұпай алып, екінші финалға 7-орынмен шыққан еді. Екінші финалда бір трамплиннен секіру кезінде қателесіп, суперфиналға өтпеді. Галышеваның нәтижесі – 11-орын.
Спортшы үшін 2020-2021 жылғы қысқы маусым сәтті болып, Алматыда өткен әлем чемпионатында могулдан күміс алған еді, бірақ биылғы 2021-2022 жылғы қысқы маусым Галышева үшін сәтсіз болды. Себебі биылғы маусымда ол әлем кубогы кезеңдерінде де үштікке ене алмады. Ұлттық құраманың бас бапкері Елена Круглыхина Галышеваның жарақаты барын айтып, биылғы қысқы маусымдағы сәтсіздіктерді сонымен байланыстырған еді.
Галышева олимпиададағы сәтсіздігінен кейін журналистер алдына шықпады, нәтижесіне қатысты әзірше ешқандай пікір білдірмеді.
Пекин олимпиадасында могулдан сынға түскен 16 жастағы Анастасия Городко 21-орын, 20 жастағы Аяулым Әмренова 22-орын, 17 жастағы Олеся Граур 28-орыннан көрінді. Олимпиада алтынын австралиялық 23 жастағы Джакара Энтони, күмісті америкалық 25 жастағы Джелин Коф, қоланы ресейлік 19 жастағы Анастасия Смирнова иеленді.
"ҚАЗАҚСТАНДА БАЗА ЖОҚ"
Спорт сарапшысы Айдос Рымқұл Галышеваның жүлдесіз қалғанын, оның жасы келгенімен түсіндіреді.
— Қазір Қазақстан фристайл құрамасында буын алмасу жүріп жатыр. Галышеваның жасы келді. 2010 жылдан бері төрт олимпиадаға қатысты. Төрт олимпиаданы жүріп өткен жолына қарап, алғыс айтса болады. Бұл олимпиадада Әмренова, Городко, Граурды көрдік. Олар әлі жас. Шетелдік спортшылар 19-20 жасында жүлде алып жатады. Біздің спортшылар бұл жаста олимпиадада жүлде алуы қиын.
— Неге?
— Себебі Қазақстанда жаттығуға жағдай жасалмаған, могулдан база жоқ, шетелде жаттығуға мәжбүр. Ал шетелде жаттығуға жағдай жасалған. Қазақстан фристайлшылары шетелге барып жаттығуға мәжбүр. Базаның жоқтығынан бізде буын алмасу процесі өте ауыр болады. Қазір Галышева 29 жаста, яғни спорттың тілімен айтсақ, "қартайды". Бастысы қазіргі бапкер Круглихына Галышеваның орнын басатын резерв дайындап жатыр. Егер елде база болса, могулмен айналысатын жастар көбейер еді. Жастар көбейсе бәсеке де артады.
— Базаның жоқтығына кім жауапты?
— Могулдан олимпиадада жүлде алсақ та спортқа жауапты комитет, министрлік, басқармалар база салмаған. Спортшыларды шетелге жаттығуға жібере береді. База жоқ елден олимпиадаға төрт спортшы барғанына қуанам. Ал бұл спорт дамысын жүлде келсін десе могулға арналған база салу керек. Бізде спортты басқару жүйесіз. Мәдениет және спорт министрлігі, ұлттық олимпиада комитеті (экс-президент Назарбаевтың күйеубаласы, елдегі миллиардерлердің бірі Тимур Құлыбаев басқарады - Ред.) және облыс әкімдіктеріне бағынатын спорт басқармалары бар. Әрқайсысының бюджеті бөлек. ҰОК мен министрліктер дайын спортшыларды алып, соларға ақша бөледі. Олар облыстар резервтерді дайындауы тиіс дейді. Облыста спорттың дамуы әкімге байланысты. Ал Қазақстанда әкімдер жиі ауысады. База салу, спортты дамытуға келгенде министрлік, ҰОК пен спорт басқармаларының ісі қабыспай жатады. Жүйелі жұмыс болмаса база да, медаль да жоқ. Жалпы база салу облыстардың жұмысы болуы керек.
— Пекинде Галышевадан бөлек Сочи олимпиадасында алтын мен күмісті бөліскен канадалық апалы-cіңілі Жюстин Лапуант-Дюфур мен Хлоэ Лапуант-Дюфур да супер финалға шыға алмады, яғни алтылыққа енбей қалды. Хлоэ 30 жаста, Жюстин 27 жаста. Яғни, 25 жастан кейін могулда жүлде алу қиын ба?
— Әйелдер арасында могул жасарып барады екен. Осы олимпиадада соны аңғардым. Қытайда жүлде алған үш спортшы да жас. Қола алған ресейлік Смирнова 19 жаста. Қазақстандық Городко былтыр Алматыдағы әлем чемпионатында параллельді могулдан (олимпиада бағдарламасына енбейді – Ред.) 16 жаста қола алды. Қазір ұлттық құрамадағы Городко, Әмренова, Граур жас, алда нәтижелері өсер.
Кеше, 5 ақпанда могулдан ерлер арасындағы жарыста Дмитрий Рейхерд пен Колмаков та жүлдесіз қалған еді. Пекин олимпиадасы 20 ақпанда аяқталады. Бұл ойындарға Қазақстаннан 34 спортшы қатысып жатыр.
ПІКІРЛЕР