Accessibility links

Мемлекеттік хатшы Қарин бейбіт адамдарға оқ атылғанын жоққа шығарды. Куәгерлер сөзі оған кереғар


6 қаңтарда алаңда тұрған халық. Алматы, 2022 жыл.
6 қаңтарда алаңда тұрған халық. Алматы, 2022 жыл.

Қазақстан мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин 7 ақпанда "Қасқа жол" YouTube-арнасында жарияланған сұхбатында "6 қаңтарда Алматыда күштік құрылымдар бейбіт наразыларға оқ атқан жоқ" деп мәлімдеді. Мемлекеттік хатшының бұл сөзі қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстарының мәлімдемелеріне кереғар. Кейбірі жақындарына әскери қызметкерлер оқ атқанын айтады.

Бұған дейін куәгерлер 6 қаңтарда Алматыда Республика алаңында әскери қызметкерлердің халыққа оқ жаудырғанын айтқан.

Азаттық 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында болған өзге тұрғындармен де сөйлесіп көрді. Алматы тұрғыны Дінмұхамед Қаматайдың айтуынша, сол күні күндіз алаңға бейбіт наразылар жиналған. Ол жиналғандардың қаланы мародерлардан қорғайтын кезекшілер құру жөнінде әңгімесін естіген.

– Одан бөлек, "біз террорист емеспіз, қарапайым халықпыз" деген тұрғыда видеомәлімдеме жасамақ болды. Біз алаңда соны талқылап, мәлімдеме жасауға дайындалдық. Билік бізбен диалог орнатпайынша алаңнан кетпейтінімізді айттық. Кешке қарай халық өз талабын айта бастаған кезде және видео түсіріп жатқанда кенет Фурманов (қазіргі Назарбаев көшесі) жақтан әскери көліктер [Хаммерлер] пайда болып, жақындай бастады. Айнала тұман, кімнің әскері екенін анықтап білу мүмкін емес, бірақ адамдардың әскери киімде екені, кейбірі сарғыш жасыл түстегі формада болғаны анық. Бірнеше көлік жиналып, әкімдікке жақын аумаққа өз адамдарын орналастыра бастады. Біз олар оқ атады деп ойлаған жоқпыз. Бірақ кенет оқ ата бастады. Бұл кезде шамамен 18-18.30-дар шамасы болатын. Оқ адамдарға тие бастаған кезде хаос басталды: барлығы жан-жаққа қашты. Менің көзімше бір адам көз жұмды. Онымен біраз сөйлесіп, достасып қалған едім. Өз басым оқ тиген үш адамды көрдім. Әйелдер құлады, – деді Дінмұхамед Қаматай.

Оның сөзіне қарағанда, адамдар алаңнан Абай даңғылына қарай жаққа қашқан. Тәуелсіздік монументінің артындағы аулаларды сағалаған.

– Біз жарақаттанғандардың қиналған үнін естіп, оларды ол жақта қалдыру дұрыс емес болар деп қалай да алып шығу амалын қарастыра бастадық. Тәуелсіздік монументінің баспалдақтарына жақындай бергеніміз сол еді, тағы оқ атылды. Біз сол күйі жараланғандарды алып кете алмадық. Ол кезде Желтоқсан [көшесі] жақтан да ата бастады. Біз тағы баруға талпынып көріп едік, қара маска таққан қара киім кигендер бізге қарай жүрді. Жүгірген кезде қаштық, – деді Дінмұхамед Қаматай.

6 қаңтарда Республика алаңында президент Тоқаевқа талаптар айтылып жатқан шақта Салтанат Хамзина да сол жерде болған. Наразылар қойған талаптардың бірі – елге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін кіргізбеу.

– Фурманов жақтан әскери техника келді. Паника басталды. Төбедегі мергендердің оқ ата бастағанын көрдік. Бұдан соң Желтоқсан мен Фурманов жағынан техника жүріп өтті. Оқ атыла бастады. Өз басым үш адамның қаза болғанын көрдім. Олар бірден жан тапсырды. Өзім [Тәуелсіздік монументінің] баспалдағынан түсіп жүгіріп келе жатқан кезде жаныма бір қыз құлады. Бірден қимылсыз қалды. Бұған қоса, екі ер адам құлап, сұлық түсіп жатты, – деді Салтанат Хамзина.

Бұған дейін Азаттық 5 қаңтарда Талдықорғандағы әскери бөлім маңында оққа ұшқан малшы Ерназар Қырықбаев, 7 қаңтарда сол қалада үйлерінен қайтып келе жатып, кездейсоқ оққа ұшқан ерлі-зайыптылар Қуат Біткенбаев пен Гүлзипа Күлсұлтанованың қаза болғаны туралы жазды.

Мемлекеттік хатшының "бейбіт наразыларға оқ атылғанын" жоққа шығарғаны туралы мәлімдемесі күштік құрылымдарға "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бір айдан соң жарияланып отыр. Шамамен бір ай бұрын Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының онлайн-саммитінде "Біз бейбіт демонстранттарға ешқашан күш қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да" деп те мәлімдеген.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің сұхбаты жарияланған күні ол Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Тери Хакаламен кездесті. Ақорданың хабарлауынша, кездесу кезінде мемлекеттік хатшы мен ЕО-ның арнайы уәкілі Қазақстан мен Еуропа арасындағы әріптестіктің жалпы бағытын талқылап, "аймақ мәселелері бойынша пікір алмасқан".

Оның алдында ЕО-ның арнайы уәкілі президент Тоқаевтың қабылдауында болған. Ақорданың хабарлауынша, "мемлекет басшысы Тери Хакаланың өтініші бойынша қаңтар оқиғасы туралы айтқан". Тоқаев бас прокуратураға оқиғаны "жан-жақты әрі әділ тергеу" жүргізу туралы тапсырма бергенін хабарлады.

  • Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлеріне жылдам жайылды. Кейбір өңірде тәртіпсіздіктер болды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Билік қаза болғандардың тізімін жарияламады.
  • Азаматтық белсенділердің айтуынша, қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп және басым бөлігі 5 қаңтар күнгі қақтығыс пен 6 қаңтарда Алматыдағы орталық алаңда қаза болған.
  • 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет "террорист" сөзін қолданды. Ол Қазақстанға "іс жүзінде халықаралық террористік топ" шабуыл жасады деп мәлімдеді. Ол бұл тіркесті ҰҚШҰ-дан "әскери көмек" сұрау үшін және күштік құрылымдарға "арнайы операция" кезінде "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беру үшін пайдаланды.
  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оқиға кезінде әскерилердің шамадан артық күш қолданғанына айғақтар барын хабарлаған. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар қысым жасаған тұста билік өткен аптада полиция "күш қолданған болуы мүмкін" деп мәлімдеп, "заңсыз тергеу әдістері" туралы айтқан. Бас прокуратура "заңсыз тергеу әдістеріне қатысты" 148 шағым түскенін, 105-і бойынша қылмыстық іс басталғанын хабарлады. Күдіктілердің ұсталғаны айтылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG