Accessibility links

"Бала-шағамызбен аш отырмыз". Атамекенге жетуді аңсаған Ауғанстан қазақтарының мұңы


Кабул көшесінде нан таратып жатқан кісіге қол созып тұрған адамдар. Ауғанстан, 31 қаңтар 2022 жыл.
Кабул көшесінде нан таратып жатқан кісіге қол созып тұрған адамдар. Ауғанстан, 31 қаңтар 2022 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келген соң, былтыр Қазақстан ол елден 35 қазақты тарихи отанына жеткізген еді. Билік атамекенге оралуға ықылас білдірген өзге қазақтарды да эвакуациялауға уәде еткен. Бірақ істің аяқсыз қалғанына бірнеше ай болды. Ауғанстанда қалған қазақтар Қазақстан үкіметінен өздерін көшіріп алуды сұрайды.

АНДХОЙЛЫҚ ҚАЗАҚТАР

Ауғанстанның солтүстігіндегі Фарьяб уәлаятына қарасты Андхой қаласының 35 жастағы тұрғыны, ұлты қазақ Зүлфия Азаттыққа қоңырау шалып, қазіргі жағдайлары өте мүшкіл екенін айтты. Оның сөзінше, 2021 жылғы тамызда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін Андхойдағы қазақтардың барлығы үй-жайы мен мал-мүлкін сатып, Қазақстанға кетуге бел буған.

Олар Ауғанстандағы қазақтарды атамекенге алып кететінін айтқан Қазақстан үкіметінің сөзіне сенген еді дейді ауғанстандық қазақ келіншек.

– Отбасында төрт балам, күйеуім бар. Жұмыс жоқ. Қазір бір танысымыздың үйінде отырмыз. Тамақ жоқ, ашпыз, – дейді Зүлфия.

Зүлфия қазір тұрақты жұмысы жоқ күйеуі "Талибан" қозғалысы билікке келгенге дейін шекара қызметінде аспаз болып жұмыс істегенін айтады. Ал қазір анда-санда уақытша жұмыс шығып қалғанда құрылыста еңбек етеді, көбіне жұмыс табылмай, үйде отырады екен.

Кабул көшесінде бала ұстап, қайыр тілеп отырған әйел. Ауғанстан, 27 қаңтар 2022 жыл.
Кабул көшесінде бала ұстап, қайыр тілеп отырған әйел. Ауғанстан, 27 қаңтар 2022 жыл.

Андхой қаласында тұратын бір топ қазақ Азаттыққа бұған дейін де хабарласып, өздерінің басындағы ауыр жағдайын айтып, видео жолдаған еді. Ол видеода бір бөлмеде отырған отызға жуық адамның арасында Зүлфия да бар. Көбі – кәмелетке толмаған балалар.

Видеода сөйлеген бір ер адам:

– Көш қылыңыздар. Қанымыз да, жанымыз да сіздерсіздер. Міне, осыншама ұсақ баламен Кабулдан он бес сағаттық жерде жатырмыз. Киім де, тамақ та, ақша да жоқ. Бұл жақта жұмыс жоқ. Бізге жәрдем қылыңыздар, – деп көмек сұрайды.

Видеода сөйлеген тағы бір адам дүниеге келгеніне 20 күн болған нәрестесіне туу туралы куәлік ала алмай отырғанын, өзгелерінің құжаты түгел екенін айтып, "бізге Қазақстанға кетуге виза бермей отыр" деп шағымданады.

Андхойлық қазақтардан келген видеолардың тағы бірінде егде жастағы адам Қазақстан президентінен көмек сұрап, "тәліптермен соғыста 23 жастағы ұлым қаза тапты. Міне, келінім 4 баласымен жесір қалды" деп жас әйелді нұсқап көрсетеді.

Видеодан олар отырған үйдің өте ескі, тұрмыс жағдайының нашар екенін аңғару қиын емес. Зүлфияның сөзінше, Қазақстанға кетуге бел буып отырған андхойлық жеті қазақ отбасында барлығы 36 адам бар.

"ҚАЗАҚСТАНДА ҮЙ-ЖАЙҒА ДА, ЖҰМЫСҚА ДА КЕПІЛДІК БЕРІП ОТЫР"

Қазақстандағы Шымкент қаласында тұратын Шамсадин Абдулкарим "Ауғанстандағы туыстарым тек нанды ғана талғажау етіп, қиналып отыр" дейді. Ол Ауғанстандағы туыстарын Қазақстанға көшіріп әкеліп орналастыру үшін Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан атындағы ауыл әкімдігімен келісімшартқа отырғанын, оларға үй-жай мен жұмыс орнын да даярлап қойғанын айтады.

15 жыл бұрын Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Шамсадин Абдулкарим қазір Шымкентте тұрады.
15 жыл бұрын Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Шамсадин Абдулкарим қазір Шымкентте тұрады.

– Қарағанды мен Павлодар облысы шектесетін жердегі ауыл екен. Бір емес, бірнеше шаруашылығы бар. Үй-жайларын да көрдім. Ауғанстандағы туыстарым осында келсе кез-келген жұмысты істеуге, мал бағуға да даяр. Тек қазақ консулдығы виза бермей отыр. Өзім де тамыз айында барып, бес ай жүрдім. Еш нәтиже шықпағасын қайтып келдім, – дейді Шамсадин.

Әлкей Марғұлан атындағы ауылдың тұрғыны, бірнеше жеке шаруашылығы бар кәсіпкер Асхат Бұланбаев егер билік Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға көшіріп әкелсе, олардың барлығын жұмыспен қамтамасыз ете алатынын айтады.

– Көшіп келген отбасына қызметтік баспана, жұмыс беріледі. Жұмыс істегісі келген әйел адамдар сауыншы бола алады, наубайханада бос жұмыс орны бар. Жалақысы тұрақты төленеді, – дейді кәсіпкер.

ЗАРИФТІҢ МҰҢЫ

Ауғанстанның қазақтар көбірек шоғырланған қалаларының бірі Құндыздың тұрғыны, базар мен ауыл арасына кісі тасып күнелтіп жүрген 32 жастағы Зариф былтыр "Талибан" жасағымен қақтығыс кезінде миномет жарықшағы тиіп, аяғынан жараланған болатын.

Зариф сол жарақаты әлі толық жазылып кетпегенін, таяққа сүйеніп жүргенін айтады.

– Жазылмады. Жүруім қиын. Шипаханаға (емхана – ред.) аяғымды қаратып жүрмін. Қазақстан консулдығына екі рет бардым. Соңғы рет осыдан бір ай бұрын барғам. Бізге ешқандай қайыр қылмады. "Қазақстанда қандай туыстарың бар? Солардан кепілдеме алып кел" дейді. Ол жақта менің тікелей туысым жоқ, – дейді ол ренішпен.

Зарифтің айтуынша, ата-анасы төрт жасында қайтыс болған. Өзі әркімнің есігін жағалап жүріп ержеткенін, бала күнінде әкесінің "қазақпыз, Қоңырат ішінде Божбанбыз" дегені ғана есінде қалғанын айтады.

Зарифтің кәмелетке толмаған төрт баласы бар. Үлкені 12-де, кенжесі үш жасар. Үлкен үш баласында ғана жеке басын анықтайтын куәлік бар. Бірақ онда "ұлты ауған" деп жазылған дейді Зариф. Оның Қазақстанға келуіне осы құжаттағы жазу да кедергі.

Зариф қазір бұрынғыдай көлікпен кісі тасып нәпақа табуға жарамай қалғанын, отбасын асырау қиындап кеткенін айтып шағынды.

– Көлік жүргізуге аяғым жарамайды. Басқа жұмыс істеуге денсаулығым келмейді. Істейтін жұмыс та жоқ. Үйде кей күндері нан да болмай қалады. Қара суды талғажау етіп отырмыз. Бізді Қазақстанға алып кетіңіздерші. Жақсылығыңызды ұмытпаймын, сіз үшін дұғада боламын, – дейді ол жалынышты үнмен.

КАБУЛДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

25 жастағы Абдулбасад Гүләм Дастагир Кабул қаласында тұрып жатыр.

Абдулбасад былтыр қыркүйек айында Қазақстан билігінің "атамекенге алып кетеміз" деген сөзіне сеніп, он бір қазақ отбасы – жиынтығы жетпіске жуық адам Тахардағы үй-жайын тастап, Ауғанстан астанасына келгенін, содан бері пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады.

– Істейтін жұмыс жоқ. Ақша да жоқ. Қиналып кеттік. Консулдыққа бардық. Комиссияның қарауынан өттік. "Құжаттарыңды Нұр-Сұлтанға жібердік, бір айдан кейін жауап келеді" деген. Міне, үш айдан асып кетті. Әлі жауап жоқ. Қазақстан президенті, бізге жәрдем қылыңыздар! – дейді Абдулбасад.

Өздерін қазақпыз деп таныстырған бір топ адам Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі алдында кезек күтіп тұр. Кабул, 6 қыркүйек 2021 жыл. Видеодан скриншот.
Өздерін қазақпыз деп таныстырған бір топ адам Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі алдында кезек күтіп тұр. Кабул, 6 қыркүйек 2021 жыл. Видеодан скриншот.

Тахардан қоныс аударған қазақтарды көшіру мәселесі қалай болып жатқанын білмекке Қазақстанның Кабулдағы консулдығына бірнеше мәрте қоңырау шалдық. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермей, байланыс үзіліп қала берді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін Азаттыққа "Ауғанстанда болған саяси-әскери жағдайға және сол елдің өз азаматтарын құжаттандыруға байланысты бірқатар қиындыққа орай қазіргі уақытта виза беру үрдісі уақытша тоқтатылды" деп жауап берген еді.

Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізген сәт. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізген сәт. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Былтыр жазда АҚШ пен оның одақтастары 20 жылдан соң Ауғанстаннан әскерін әкетті. Билікке шариғат заңына сүйенетін "Талибан" радикалды қозғалысы келді. Халық жаппай шетке кетудің барлық жолын іздей бастады. Сол кезде Ауғанстандағы қазақтармыз деген адамдар Қазақстан билігінен көмек сұраған еді. Қазақстан қыркүйекте Ауғанстаннан 35 қазақты тарихи атамекеніне жеткізген.

Қазақстанның Кабулдағы консулдығы жанынан құрылған арнайы комиссия қазақпыз дегендердің ұлтын анықтауға кіріскен. Комиссияның мәліметінше, Ауғанстанда жалпы саны 200-ге жуық қазақ, яғни 20 отбасы ғана бар. Бірақ Азаттық бұған дейін жергілікті қазақтардың дерегіне сүйене отырып, ол елде кемінде 400-дей қазақ немесе қырық шақты қазақ отбасы барын анықтаған. Олардың көбі консулдық жанындағы комиссияға өзінің қазақ екенін дәлелдеудің қиындығын айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG