Ақтау қаласында терезесіне "Z" таңбасын жапсырған Jeep Cherokee маркалы автокөлік жүргізушісіне айыппұл салынған. Бұл жөнінде жергілікті "Лада" ақпарат порталы хабарлады.
Сайттың жазуына қарағанда, қаладағы жүргізушілердің бірі терезесіне "Z" таңбасын жапсырған Jeep Cherokee көлігін жол полициясы тоқтатып тұрғанын 19 наурызда видеоға түсіріп алған.
"Сұңқар" патруль полициясы Ақтау қаласының 3 б ықшам ауданында көлікті тоқтатып, Әкімшілік кодекстің үш ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырып айыппұл салған" дейді lada.kz
Сайттың жазуынша, айыппұлды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590 - бабы ("Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") 601- бабы ("Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау") бойынша белгілеген.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Z белгісін жапсырып жүрген көліктер тексерілетінін хабарлаған.
Наурыз айының басында Нұр-Сұлтанда көлігінде "Z" таңбасы бар жүргізуге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590 - бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша айыппұл салынған.
Биыл 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей әскерінің бір бөлігі "Z" таңбасын пайдаланғаны, осыдан кейін Ресейде "Z" таңбасы пропаганда құралы ретінде пайдаланылып жүргені, "Украинаға шабуылды қолдайтын Ресей жүргізушілері көліктеріне "Z" таңбасын жапсыра бастағаны байқалған.
ПІКІРЛЕР