"Қызметкерлер мен студенттердің жеке пікірін айтуға құқығы бар, бірақ егер ол ресми түрде университетпен келісілмеген болса, онда әрбір адам жеке өзінің атынан сөйлеген дұрыс". Жуырда ғимаратынан Украинадағы соғысты қолдаудың белгісі ретінде саналатын Z таңбасы бар жазу табылғаннан кейін Назарбаев университеті осындай мәлімдеме жасады.
"Университет қызметкерінің есігіне ілінген “Za наших”(“Біздікілер үшін”) деген жазуды ол (жазған адам - ред.) өз бетінше алып тастады, өйткені оның бұл әрекеті Университет қызметінің негізгі мақсаттарымен сәйкес келмейді. Қызметкерлер мен студенттер жеке пікірін білдіруге құқылы, бірақ ол Университеттің көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін" деп жазылған университеттің мәлімдемесінде.
Оқу орны сонымен бірге "саясат пен геосаясат мәселесіне келгенде университет бейтараптықты" ұстанатынын айтып өткен.
Осы апта басында Назарбаев университеті қызметкерлерінің бірі кабинетіне "Zа наших" деген жазуы бар қағазді іліп қойғаны жайлы әлеуметтік желіде сурет тараған. Ақпаратқа қарағанда, ол кабинет студенттермен тікелей жұмыс істемейтін IT-департаменті қызметкеріне тиесілі болып шыққан. Желідегі жазба авторы өзін оқу орны студенті ретінде таныстырып, университет басшылығының Украинадағы соғысқа байланысты ресми ұстанымы жоғын айыптаған.
Бір күн бұрын оқиғаға байланысты пікірін айтқан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Назарбаев университеті ведомствоға қарамайды деп мәлімдеген. Министрдің айтуынша, Назарбаев университетінің "дербес мәртебесі бар және министрлікке қарамайды".
Биыл 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей әскерінің бір бөлігі "Z" таңбасын пайдаланғаны, осыдан кейін Ресейде "Z" таңбасы пропаганда құралы ретінде пайдаланылып жүргені, "Украинаға шабуылды қолдайтын Ресей жүргізушілері көліктеріне "Z" таңбасын жапсыра бастағаны байқалған. Бұған дейін Қазақстанда көлігінде "Z" таңбасы бар кейбір жүргізушілерге айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР