Accessibility links

Алматыда полиция Орталық саябақ маңында он шақты адамды ұстады


Полиция "митинг орнында" үш адамды ұстап әкетті. Алматы, 1 мамыр 2022 жыл.
Полиция "митинг орнында" үш адамды ұстап әкетті. Алматы, 1 мамыр 2022 жыл.

Алматыда полиция Орталық саябақ маңында он шақты адамды ұстап әкетті. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, паркке баратын көшеде бір әйел мен екі ер адамға он шақты полиция жабылып, күшпен ұстап, газельге отырғызған. Ұсталғандар ешқандай ұран көтермеген.

Азаттық тілшісінің "Оларды не үшін ұстадыңыз?" деген сұрағына полиция қызметкерлері жауап бермеді.

Кейін полиция тағы бес адамды ұстады. Ұсталғандардың ешқайсысы талаптарын айтып үлгерген жоқ.

Митингіге келген жазушы Талғат Айтбайұлы да келген. Ол наразылыққа "халық жиналмаған соң" кетуге оқталды.

- Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты бүкіл әлем дүрлігіп жатыр. Нағыз соғыс жүріп жатыр. Бүкіл әлем халқы украин халқын қолдап отыр. Ал Ресейдікі таза басқыншылық. Бүгін Украинаны қолдау үшін келгенмін. Соғысқа қарсымын. Орыстар Украинадан әскерін әкетіп, халқына еркіндік берсе. Территориялық тұтастығын мойындаса. Донбасс пен Қырым, жаулап өзге де территорияны қайтарса, әлем халқының үніне құлақ түрсе. Бұған қоса, саяси қудалауға байланысты келдім. Жанболаттардың не жазығы бар? – деді жазушы.

Паркті полиция қызметкерлері қатаң бақылап тұр. Саябақтың кіреберісінің өзін 12 полицей күзетіп тұр. Полиция газельдері де жиі байқалады. Аумақта әзірге интернет істеп тұр.

Осыған дейін "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов халықты 1 мамырда жаппай митингіге шығуға үндеген. Алматыда "митинг орны" ретінде Орталық саябақ белгіленген еді. Әблязов митингіде ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығу; жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны екі есеге дейін өсіру; кредиттерді кешіру талаптарын көтеруді, Украинаны қолдауды ұсынған. Әблязовтың ҚДТ қозғалысы Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Бір күн бұрын бас прокуратура "1 мамыр күні рұқсат етілмеген митингілерге шықпауды" ескерткен.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар елде азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін айту құқығы жиі шектелетінін айтып сынаған. Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт жиынға қатысты құқықтарын шектейтінін мойындамай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG