"ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛГЕН ЖОҚ"
Нұргүл Қилыбаева Ақжолды 9 қаңтар таңертең үйінің жанындағы гаражда асылып тұрған жерінен тауып алған. Анасы түнімен тергеуге кеткен ұлын күтумен болыпты.
– Таңғы беске бес минут қалғанда оянып кеттім. Біреу түртіп жібергендей болды. Қорқып, ұлымның бөлмесіне бардым: ешкім жоқ екен. Кроссовка мен сырт киімі тұр. Залда шығар деп ойладым, кейде сол бөлмеде жататын. Ол жақтан да көрінбеді. Хабарлассам, телефоны өшірулі екен. Әжетханаға немесе мал қарауға кеткен шығар дедім. Далада жарық сөніп тұрды. Тағы хабарластым. Маған көрсетпей сарайға тығылып, темекі шегіп отырған болар деп ойладым. Сағат 5:20 болып қалды. Гаражды қарадым. Онда бөрене ағаш бар. Ақжол ағашқа сүйеніп тұрғандай көрінді. Шақырып едім, жауап бермеді. Көрдім, құшақтап, айқайлап жібердім, – дейді марқұмның анасы.
Қазір Нұргүл Қилыбаева сол күнгі деректерді жинап, не болғанын анықтауға тырысып жүр. Ол ұлының өзіне қол салғанына сенбейді.
– Өзі өлген жоқ. Басына іс түссе, бірден асылып қалатын әлсіз адам емес еді. Қандай күйде болды екен? Полицияда не айтты? Не болды? Олар дұрыс жауап бермейді. 8 қаңтарда сағат 21:13-тен 9 қаңтар 2:30-ға дейін не болғанын білу үшін жазбаша арыз қалдырдым. "Қысым көрсетілген жоқ" деген жауап алдым, – дейді ол.
МИТИНГ, ТЕРГЕУ ЖӘНЕ ЖҰМБАҚ ҚАЗА
4 қаңтарда Ақжол Қилыбаев анасына ертең митингіге баратынын айтқан. Анасының қарсылығына қарамастан, "Бармасам, болмайды" деп райынан қайтпаған.
– "Митингіге бармай-ақ қойшы. Қорған болатын әкең де жоқ" дедім. "Қайрат Рысқұлбеков 18 жасында елі үшін ерлік жасады, ал мен үйде отырамын ба?" деп кетіп қалды, – дейді Нұргүл.
5 қаңтар сағат 19:30 шамасында Нұргүл Қилыбаеваға Ақжол жұмыс істейтін мектепте директордың міндетін атқаратын азамат хабарласып, "Ұлыңыз қайда?" деп сұраған. Нұргүл бірден ұлына хабарласқан. Ол "Әкімнің сөзін тыңдап тұрмын" деген. Қаңтар оқиғасы кезінде наразылардың алдына қала әкімі шығып сөйлеген.
– Сөзінде тұрып, кешкі сегізде қызымның үйіне жетті. Жанында біздің ауылдың адамы болды. Олар митингіге бірге барып келді. Достарын үйіне апарып тастап, қаладан ауылға шықты. Түнгі 11-де ауылға келді.
6 қаңтарда Ақжолдың митингіде видеоға түсіп қалғаны белгілі болған. Нұргүлдің айтуынша, Ақжол бұл жаңалыққа еш қамықпаған, ештеңе болмағандай жүре берген. 8 қаңтарда 16:00 шамасында Ақжол бұзау қарауға кеткен. Ұлы кешіккен соң, анасы артынан шыққан.
– Қайда жүргенін қарауға шықтым. Сарайда жарық жанып тұр екен, шөп шашылып қалыпты. Ақжолды шақырып едім, жауап бермеді. Көшеге шықтым: көршім ұлыммен сөйлесіп, митингіге барғанын айтып тұр екен. Ұлыма қарай жүріп едім, Ақжол алдымнан шығып, "Қазір малды жайлап, сосын [Абай] ауданына түсініктеме жазуға барамын" деді.
Ақжолдың қасында учаскелік полиция қызметкері және өзімен бірге митингіге барған ауылдың үш жігіті болған. Полиция қызметкері Нұргүлді сабырға шақырып, "Ұлыңызды аман-есен алып келемін" деп уәде берген.
– "Шыныңды айт, бірдеңені қираттың ба?" деп сұрадым. Ол көзіме тік қарап, "Жоқ, уайымдама" деді. Үнемі тік сөйлейтін, өтірік айтпайтын бала еді.
Ақжол 17:00-де көлікке отырып, ауданға кеткен. Нұргүл 19:30-ға дейін жігіттердің жанында ұлымды ұятқа қалдырмайын деп, Ақжолға хабарласпағанын айтады. Кейін учаскелік полиция қызметкеріне қоңырау шалып, "Ақжолға қарайлап жүр" деп тапсырған.
– Сегіз. Тоғыз болды. Тұтқаны ешкім көтермейді. Туыстарыма хабарласып, Ақжолды полиция алып кеткенін айттым. Ақжолдың жанындағы жігіттермен де сөйлесе алмадым. Үшеуінің телефонына қоңырау барады, бірақ ешкім көтермейді. Ақжолдың телефонына қоңырау бармады. Түнгі 11-де Мереке [тергеуге шақырылғандардың бірі] хабарласып, "Үшеуіміз шықтық, Ақжол іште қалды" деді.
Анасы қанша күтсе де Ақжол үйге келмеген. Түнгі 02:20-да Нұргүл учаскелік полиция қызметкеріне хабарласып, ұлының жайын сұраған. Ол дөрекі жауап беріп, "Мазалай бермеңіз. Не болды? Ұлыңызды әкелемін дедім ғой, сөзімде тұрамын" деп айтты дейді жігіттің анасы.
Ақжол 02:57-де анасына хабарласқан.
– "Анашым, шықтым, уайымдама" деді. "Бәрі жақсы ма?" деп сұрадым. Дауысы нашар шықты. Үйге келгенше күтетінімді айттым. "Күтпей, жата беріңіз" деді. Ұзақ сөйлескен жоқпыз, телефонын өшіріп қойды. Төрт жарымдарда келуі керек еді. Көлікте отырған кезінде әпкем хабарласыпты. Ол да "Ақжолдың дауысы біртүрлі" деді. "Шаршаған шығар" деп ойладым. Жаман ойламайсың ғой. Күтіп отырдым. Туыстарыма жазып, қоңырау шалып, "Ақжол үйге келе жатыр" деп хабар бердім. Беске 10-15 минут қалғанда немерем әжетханаға шығарып кел деді. Осыдан кейін немеремді ұйықтатып жатып, көзім ілініп кетіпті. Қазақ "ұйқы – дұшпан" деп бекер айтпаған ғой.
Беске бес минут қалғанда Нұргүл біреу түртіп жібергендей шошып оянып кеткен. Ұлын іздеп, жансыз денесін тауып алған. Алғашқы көмек көрсетпек болған, бірақ Ақжолды құтқарып қала алмаған.
"ДӘЛЕЛ ЖОҚ"
12 ақпанда Нұргүл Қилыбаева полицияға барып, Абай аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Хозаевпен және оның бірінші орынбасары Дархан Нұғмановпен кездескен. Олар Ақжолды бес сағат тергегендерін мойындамаған. Құжат бойынша, тергеу небәрі жарты сағатқа (21:13-тен 21:42-ге дейін) созылған. Тергеуші де Ақжолмен жарты сағат ғана сөйлескенін айтқан.
– Жалған сөйлеп отыр. "Видео қайда, камералар істей ме?" деп сұрадым. "Істейді, бірақ видео өшіп кеткен" деді. Біреуі видео бес, екіншісі жеті, үшіншісі он күн сақталады дейді. Әр басшы әртүрлі сөйлейді. Ұлымның полиция бөліміне кірген видеосын көрсетуді сұрағанымда, "видео автоматты түрде өшіп кетті" деген жауап алдым. Ұлым бір апта немесе он күннен кейін асылып қалған жоқ, сол күні өлді ғой. Артында сұрауын сұрайтын адамы – анасы бар. Бейнебақылау камераларының жазбасын көруге бардым. 25 қаңтар – 2 ақпан аралығындағы видеолар бар. Басқасының бәрі өшірілген. "Дәлелің жоқ, қайда барсаң да өзің біл" деп шығарып салды.
Нұргүл Қилыбаева аудан әкімінің қабылдауында да болған.
– "Жұрттың алдында сөйлемей-ақ қойыңыз" деген өтініштер айтылды. Халық көтеріліп кетеді деп қорыққан сияқты. "Жарайды" дедім. Бірақ бәрібір жұрттың көзінше әкімге ұлымның қалай қаза тапқанын айтып бердім. Әкім дұрыс жауап бермеді. Жеке қабылдауына шақырды. 22 наурызда өткен кездесуде өзі, Қасқабұлақ ауылының әкімі мен аудан прокуроры болды. Бәрін айтып бердім. 24 наурыз – жұмыс күні келіңіз деді. Арыз бердім. Ары қарай не болатынын білгім келді. "Эксгумацияға өтініш беріп, марқұмның миында суицидке бейімділік бар-жоғын тексереміз" деді. Екі ай өтті, қайдағы миды тексеру? Шығып кеттім.
Нұргүл Қилыбаева ұлының қазасы бойынша қозғалған істі жабуды сұраған.
– Ұлымның мәйітін рұқсатсыз қазып алуы мүмкін дегенді естіп, қорықтым. Сондықтан істі жауып тастадым, – дейді ол.
Қазір марқұмның анасы адвокаттың көмегімен "суицидке жеткізу" бабы бойынша іс қозғауға тырысып жатыр. 14 наурызда Нұргүл Қилыбаева бас прокуратураға арыз берген. Бас прокуратурадан "іс жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жіберілді" деген жауап келген.
– "Жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі тергеушімен сөйлестім. Ол "Нақты бір адамды таба алмасам, Абай аудандық полиция бөлімін кінәлі деп табамын. Істі Қуатжанов жүргізген, тергеудің алты сағатқа созылғаны хаттамада көрсетілген. Басшысы айтпаса да, тергеудің бейнежазбасын сақтап қоюы керек еді. Осы екі факт бойынша полиция бөлімін кінәлі деп табуға болады. Бірақ ұлыңызға нақты кім психологиялық қысым көрсеткенін айта алмаймыз" деді. Бір кінәлі адам болуы керек қой.
"ҮМІТІМ, ТІРЕГІМ ЕДІ"
25 қаңтарда Ақжол Қилыбаев 26 жасқа толар еді. Анасының сөзінше, жас жігіт 23 жасында үй салған, шаруаға икемді азамат болған. Анасы ұлының жоспары көп болғанын айтады.
– Ұлым тірегім, қорғаным еді. 23 жасында жалғыз өзі үй салды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. 20 жасынан бастап үй саламын деп жоспарлады. Бүкіл ауыл осыған таңғалады. Енді мамыр, маусымда үйдің сыртын жөндемек болды. Жұмыс кестесі де бар еді. КамАЗ алып, шөп тасып, жеміс-жидек ағаштарын өсіремін деп құлшынып жүрді. Шілдеде қарыз ақша, жер алып, мал бордақылаумен айналысқысы келді. Осындай жоспары бар жігіт мұндай қадамға қалай барады? Үнемі күш-қуаты тасып жүретін. Үмітіміз әрі сенім артатын азаматымыз еді.
Ақжол болашақта дүкен ашқысы келген. Сол үшін ай сайын 150 мың теңге төлеп, кәсіпкерлік курс оқып жүрген. Отбасына үлкен үй салып бермек болған. "Анам қартайғанда жоғары көтеріліп шаршамас үшін, жаңа үйге баспалдақ жасамаймын" деген.
– Мектепте ағаш шебері болып істейтін. Шамамен 50 мың теңгедей жалақы алды. Несиесін, алиментін төлейтін, менен бір тиын ақша сұрамайтын. Біреудің үйінің қабырғасын, шатырын жөндеп, қосымша табыс табатын. Қолынан іс келетін жігіт еді. Мейірімді болатын. Осы үйді салып жатқанда ауылдағы мешіттің төбесі жабылып жатты. Жұмыс арасында ол жаққа да жүгіріп барып, көмектесіп қайтатын. Ешкімнің айтқанына жүрмейтін.
Азаттық Абай аудандық полиция бөліміне хабарласқанымен жауап ала алмады. Бөлім қызметкерлері "ақпарат біліп, қайта хабарласамыз" деді. Бірақ полиция бөліміндегілер қайта байланысқа шықпады. Редакцияның жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жіберген хаты да жауапсыз қалды.
5 қаңтарда Семей тұрғындары Қазақстан қалаларын қамтыған жаппай наразылыққа қосылған. Наразыларды күштеп тарату кезінде қаза тапқандар туралы хабар болмаған, бірақ полиция ұстаған екі азамат қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР