Accessibility links

"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаңтардың басында Қазақстанда болған дүрбелең президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігіне қауіп төндіргенімен, қазір ол күшін нығайтқанға ұқсайды. Бірақ билікті сақтап қалу үшін қабылдаған шешімдері халықтың оған сенімін азайтқан сыңайлы.

2019 жылы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев президент міндетін атқаруға кіріскен еді. Содан бері жұрттың көбі Тоқаев билікте отыр деген аты ғана, елді негізінен Нұрсұлтан Назарбаев басқарады деп айтатын.

Қаңтардың басында Тоқаев халықтың жаппай наразылығын басуға күш қолданды. Бұл оқиға оның билігіне қауіп төндіргені, Назарбаевтың жақтастары оны орнынан ығыстырмақ болғаны жайлы болжамдар айтылды.

Тоқаев ресми түрде президент болған үш жылға жуық уақытта кейбіреулер "Назарбаевтың тасасында қалмаса, мұндай тәжірибелі саясаткер елді басқара алар ма еді?" деген сұрақ қоятын.

Назарбаевтың отбасы мүшелері мен жақтастарын мемлекеттік мекемелерден қызметтен алып, бұрынғы президентті біршама өкілеттігінен айырған Тоқаевқа енді өзінің қандай басшы екенін жұртқа көрсете алатын сәт туған тәрізді. Бірақ үкіметтің жыл басындағы әрекетінен халықтың оған деген сенімі сарқылып бара жатқанын көрсетті.

ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТУ

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауы түрті болған халық наразылығы бүкіл елге тарады. Кейін кей қалалардағы наразылыққа белгісіз қарулы топтар араласып, соңы ойранға ұласты.

Қазақстанда кейбіреулер "қанды қаңтар" атап кеткен оқиға осылай басталды.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

Наразылық басталғанда, билік бүкіл елде интернетті өшіріп, төтенше жағдай жариялап, түн мезгілінде комендант сағаты режимін енгізді.

5 қаңтарда бірнеше қалада атыс болды. Елдің ең ірі қаласы Алматыда әкімшілік ғимараттар өртеліп, дүкендер тоналды.

Сол күні Тоқаев үкімет отставкасын қабылдағанын мәлімдеді.

7 қаңтарда халыққа жасаған үндеуінде Тоқаев қауіпсіздік күштеріне ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты.

Сол күні кешке Алматыда 73 жастағы Қуат Біткенбаев пен оның 64 жастағы әйелі Гүлзифа Құлсұлтанова қаза тапты. Туыстарының үйінен шыққан ерлі-зайыпты түнгі 11-де комендант сағаты басталған кезде әлі жолда кетіп бара жатқан еді. Көшеде оқ астында қалған жеңіл көлігі өртеніп, екеуі қаза тапты.

"86 жылы алаңнан тірі қайтып еді..." Оққа ұшып, өртеніп қаза болған желтоқсаншылар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Ерлі-зайыптының қазасы – сол кезде болған көп оқиғаның бірі ғана.

Алматыдағы көпқабатты үйде тұратын 21 жастағы Бабахан Жолбарысханұлы кешқұрым көршісі екеуі қоқыс тастауға сыртқа шыққан. Сол сәтте келіп тоқтаған үш полиция көлігінен форма киген адамдар атып шығып, оқ жаудыра бастаған. Өлімші болып жараланған Жолбарысханұлы көп ұзамай көз жұмған.

8 қаңтарда Талдықорған қаласында Нұрболат Сейітқұлов, әйелі Алтынай Етаева мен олардың 15 жасар қызы Нұрай үйіне бара жатқанда оққа ұшып, мерт болды. Оларды "комендант сағаты ерте уақытқа өзгертілгеніне қарамастан көшеде жүрген" деген желеумен атып тастаған.

6 қаңтарда археолог Ерлан Жағыпаров Алматыдағы үйінен шығып, алаңда не болып жатқанын білуге барған. Ол кешкі сағат 8 шамасында досына телефон соғып, өзін ұлттық ұлан сарбаздары ұстап алғанын айтқан. Содан кейін достары мен туыстары оны бірнеше күн бойы таба алмаған.

12 қаңтарда мәйітханадан хабарласып, қаза болған Жағыпаровтың сонда екенін айтқан. Мәйітханаға оны іздеп барған ағасы денесінде жарақат ізі бар, кеудесіне оқ тиген Ерланның қолы кісендеулі екенін көргенін айтқан.

Мұндай оқиғалар жайлы күн сайын шығып жатқан деректер наразылықты қаншалықты озбырлықпен басқанын көрсетеді.

Билік қаңтардағы оқиғалар кезінде 227 адамның қаза тапқанын, Алматының өзінде 149 бейбіт тұрғын мен 11 күш құрылымдары қызметкерінің көз жұмғанын хабарлады.

Дүрбелең кезінде он мыңнан астам адам ұсталып, жүздеген адамның әлі де қамауда отырғанын айтты.

Абақтыдан босап шыққандардың көбі қамауда болған кезде соққыға жығылғанын айтты. Солардың бірі қырғыз джаз музыканты Викрам Рузахуновтың "жұмыссыз екенін, біреулер ақша ұсынған соң үкіметке қарсы наразылықтарға қатысу үшін Қазақстанға келгенін" айтқан сөзі жазылған видеоны Қазақстандағы мемлекеттік телеарналар бірнеше мәрте қайталап көрсетті.

Рузахунов бостандыққа шыққан соң әлгі сөзінен бас тартып, қамауда өзін аяусыз ұрып-соғып, солай айтуға мәжбүрлегенін мәлімдеді.

Тағы бір қырғыз азаматы, Алматыда жұмыс істеп жүрген Шолпанбек Сыдықов өзін полиция бөлімшесінде асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, қабырғалары мен екі аяғын сындырғанын айтады.

Осыған ұқсас оқиғалар басынан өткенін қамауда болған басқа азаматтар да жеткізген. Олардың қатарында миы шайқалғанын айтқан белсенді Азат Әбішев пен Қуат Шамұратов та бар.

Полиция мен қауіпсіздік күштері қызметкерлері ауруханаларға барып, күдіктілерді алып кетіп жатқаны жайлы да деректер бар. Олардың кейбірі жуырда операциядан шыққанына қарамастан, полиция күштеп көлікке салып, алып кеткен.

24 қаңтарда ішкі істер министрлігінің өкілі Нұрділдә Ораз қаңтардағы дүрбелең кезінде азаптау дерегі бойынша жеті іс қаралып жатқанын айтты.

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

"20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ"

Тоқаев қаңтардағы оқиғаларға "шетелде дайындалған террористерді" айыптап, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Кейін "қазақша сөйлемейтін, не қазақ тілін, не орыс тілін білмейтін шетелдік террористер" жайлы айтылды. Сондай-ақ Тоқаев "терроризм қаупінің" қызыл деңгейі енгізілгенін хабарлады.

Тоқаев Алматы аудандарында "20 мыңға жуық террорист" жиналғанын, бұл ескертусіз оқ атуға негіз болғанын мәлімдеді.

Ол осы сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірген жоқ. Шеруге шыққандардың көбі террорист саналып кеткеніне ашуланып, наразылық акцияларын өткізді.

Тоқаевтың Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрауының ресми себебі де "терроризм қаупі" болды. Ол Қазақстанға сыртқы күштер қауіп төндіріп тұрғанын, оған қарсы тұру үшін көмек керегін айтты.

ҰҚШҰ отыз жылдық тарихында ұйымға мүше елдерге алғаш рет әскер жіберді. Бір аптада Қазақстанға 2000-3000 сарбаз келді. Олардың көбін Ресей жіберді.

Кей сарапшылар ҰҚШҰ күштері жағдайды тұрақтандыру үшін емес, Назарбаев жақтастарымен болған билік үшін таласта Кремльдің Тоқаевты қолдайтынын көрсету үшін келгенін айтады.

Бірақ Қазақстанда көбі сырттан әскер кіргеніне қарсы болды. Олар Тоқаев шетел әскерін тарту арқылы елдің егемендігіне қауіп төндірді деп санайды.

Өткен күндерге көз жүгіртсек, 19 қаңтарда Қазақстаннан кеткен әскердің елге не үшін кіргенін түсінудің өзі қиын.

Тоқаев "Қазақстанда мыңдаған террорист жүр" деп айтуын кілт доғарды. Ресми тұлғалар оқиғаға "террористердің қатысы барын" айтқанымен, нақты санын хабарламады.

24 қаңтардағы жағдай бойынша 711 адамның қамауда отырғанын ескерсек, елде мыңдаған террорист ешқашан болмағандай көрінеді.

ҚОҒАМ АШУЫН ТУҒЫЗҒАНДАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛДЫ МА?

Батыс Қазақстанда басталып, басқа қалаларға тараған бейбіт акцияларда жұрт газдың қымбаттағанына наразылық айтумен шектелген жоқ.

Тоқаев президент болған кездегі наразылықтар кезінде айтылған "Шал, кет!" деген ұран қаңтардағы бейбіт жиындарда жиі естілді.

Қазақстанның бұрынғы президенті, 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев өзін "Елбасы" немесе "ұлт көшбасшысы" деп атағанды тәуір көреді.

2000 жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістер Назарбаевқа биліктен кеткен соң да біршама өкілеттігін сақтап қалуына мүмкіндік берді. Ол 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кеткен соң Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы болып қалды.

Назарбаев қандай зейнеткер?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Тоқаев ресми түрде президент болған соң да, көпшіліктің елді кім, қалай басқарады жайлы не ойлайтынын осыдан-ақ оңай түсінуге болатын.

Халық "Шал, кет!" деп Назарбаевқа ғана емес, жалпы билік жүйесіне айтқандай болды. Назарбаев құрған жүйе оның отбасы мен достарын байытып, миллиардер қылған еді.

5 қаңтарда Тоқаев Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан ығыстырды.

Назарбаевтың үш күйеубаласы ірі компаниялар мен ұйымдардағы лауазымынан босатылды.

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті.

Тоқаев жаңа қор құрылатынын айтып, Назарбаев кезінде байығандар оған ақша салуы керек деді.

Бұл отыз жылда ел экономикасының сүбелі жерінен қарпып асап, қаймағын қалқып ішкендер түрмеге отырғысы келмесе байлығының бір бөлігін қайтаруы керек дегенге саяды.

Назарбаевтың отбасы мүшелері Тоқаевтың жеңісінен кейін жіліктің майлы басынан ажырағандай болып көрінсе де, олардың көп жылғы ашкөздігі үшін тергелетін немесе жауапқа тартылатын түрі байқалмайды.

20 жыл бұрын Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, Назарбаев пен оның туыстарын тергеуге тыйым салынған.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері Назарбаев алғаш рет еш лауазымсыз қалды. 18 қаңтардағы видеоүндеуде ол "зейнеткермін" деп мәлімдеді.

Оқиғаның бұлайша өрбуі Назарбаевтың менмендігіне соққы болып тигенімен, "елбасы" оның қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылатын ірі қылмыстар я шетел банктеріне аударылған қаржы үшін қандай да бір жазаға тартылатын адамға ұқсамайды.

"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН"

Назарбаевтың ықпалынан құтылған Тоқаев енді президент ретінде бағытын өзі таңдау еркіндігіне ие болған сыңайлы.

Бірақ ол әуелі құқық қорғау органдарына елде тәртіп орнату үшін халыққа кез-келген күшті қолдануға рұқсат беріп, онысын ақтап алу үшін қауіп төніп тұрғандай кейіп танытты.

Сондай-ақ ол билігіне қауіп төнген кезде әскер жіберген Кремльге борышты болып қалды.

Сонымен бірге Тоқаев Назарбаевтың отбасы мүшелерін не жақтастарын жауапқа тартуға ниетті емес сияқты. Қазақстан халқы олар отыз жыл бойы елді алдап, байлығын ұрлап келді деген пікірде.

Тоқаев президент болғалы халық одан әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жасауды талап етті. Бірақ бұл талап орындалған жоқ.

Сондықтан, жуырда президент талай өзгеріс болады деп уәде еткенімен, ол билікті түгел қолына алған биылғы қаңтардағы алғашқы күндер тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезең ретінде есте қалмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG