Accessibility links

Бішкек жараланған қырғыз азаматына байланысты Қазақстан елшісіне нота тапсырды


Шолпонбек Сыдықов.
Шолпонбек Сыдықов.

21 қаңтарда Қырғызстан СІМ Қазақстанның Бішкектегі елшісін шақырып, Шолпонбек Сыдықовтың жағдайына қатысты нота тапсырған. Бұл жөнінде Kaktus media сайты хабарлады.

Шолпонбек Сыдықов – қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда ұсталып, екі аяғы мен қабырғасы сынған қырғыз азаматы. Өзінің айтуынша, полиция оны 8 қаңтарда Алматыдан Бішкекке бара жатқан жерінен ұстап, кейін ұрып-соққан.

Нотада қырғыз тарабы Қазақстан құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне алаңдаушылық білдірген. Бұған қоса, қырғыз жағы оқиғаны жан-жақты зерттеп, кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігін атап өтіп, Шолпонбек Сыдықовтың денсаулығына қатты зиян тигізгені үшін өтемақы төлеу мәселесін де қозғаған.

Шолпонбек Сыдықовтың туыстарының айтуынша, ол Алматыға жұмыс істеу үшін барған – мұнда жиһаз жасаумен айналысқан. Ол осы апта ортасында Бішкекке жеткізіліп, бірден ауруханаға жатқызылды.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты 10 қырғыз азаматы ұсталып, барлығы босатылған. Екі қырғыз азаматы қаза болған.

2 қаңтарда Қазақстанның батысында Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, бірнеше күнде елдің көп өңіріне жайылды. Билік Алматыға шетелде дайындықтан өткен-мыс "20 мың террорист" шабуылдағанын мәлімдеген. Соған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болған. Қазақстан Бас прокуратурасы мәйітханаға 225 адамның жеткізілгенін, бір бөлігін – "терактіге қатысқан қарулы қарақшы" деп атаған. Бірақ оған дәлел көрсетпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG