Accessibility links

Сенат қаржы пирамидасын құратындар мен жарнамалайтындарды қатаң жазалайтын заң жобасын мақұлдады


Қаржы пирамидасына байланысты сот процесі. Ақтөбе, 29 маусым 2021 жыл
Қаржы пирамидасына байланысты сот процесі. Ақтөбе, 29 маусым 2021 жыл

28 маусымды парламент сенаты "қаржы (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша" заң жобасын мақұлдады. Бұл жобадағы өзгеріс бойынша қаржы пирамидасына байланысты жауапкершілік қатайып, қаржы пирамидасын жарнамалайтындарды қылмыстық жауапқа тарту көзделген.

Заң жобасы қабылданған жағдайда, қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін бір мыңнан 3 мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде (9,1 миллион теңгеге дейін) айыппұл салынады және үш жылдан бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткендер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

15 маусымда заң жобасын мәжіліс мақұлдаған.

Қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мәселесі белгілі вайнерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін күрт көбейген. Тергеу нұсқасы бойынша, вайнерлер Mudarabah Capital қаржы пирамидасын жарнамалауға қатысқан және одан табыс тапқан.

Сәуір айында қаржы пирамидасынан зардап шегуші ретінде танылған Алматы тұрғыны Бағила Досмайылова тергеу барысына қанағаттанбай Нұр-Сұлтан қаласында, ішкі істер министрлігінің алдында өз-өзін жағып жіберген. Бұрын ол Алматы полициясы департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов "қылмыстық істі жауып тастауға асығып отыр" деп мәлімдеп, Mudarabah Capital компаниясын жарнамалаған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхана Шерниязовты жауапқа тартуды талап еткен.

Алматы полициясының мәліметіне қарағанда, Төребаев пен Шерниязов қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Қазір олар қамауда отыр.

Қазақстан қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін Қазақстанда 17 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларына 27 миллиард теңге салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG