Accessibility links

Баткенде өртенген ғимараттың бірі. 16 қыркүйек 2022 жыл.
Баткенде өртенген ғимараттың бірі. 16 қыркүйек 2022 жыл.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс. Не болды?

16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қақтығыс болып, екі тарап бір-бірін ауыр техника қолданды деп айыптады.

Қырғызстан жағы 59 адам қаза болғанын хабарлады. Тәжікстан билігі 32 адамның опат болғанын мәлімдеді.


15:14 16.9.2022

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сағат кешкі бесте қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша жиын өткізеді. Бұл туралы Жогорку Кенеш спикері Талант Мамыров хабарлады.

Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазір Самарқандта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының жиынына қатысып жатыр.

Бүгін, 16 қырүйекте бір топ адам Жогорку Кенеш ғимаратына жиналып, Баткен облысына қосымша күш жіберіп, бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді талап еткен.

15:09 16.9.2022

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Баткен облысында зардап шеккендердің саны 42 адамға жетті.

"Баткен облыстық ауруханасында 19 адам, Лейлектегі орталық ауруханада 18 адам жатыр. Бес адам Лейлектен Бішкектегі ауруханаларға жеткізілді" деді ведомство.

Тәжікстан билігі Исфара қаласында бір бейбіт тұрғын қаза тауып, үш адам жараланды деген еді.

14:49 16.9.2022

Тәжік тарабы не дейді?

  • Тәжікстанның шекара қызметі "Қырғызстан тарабы Тәжікстанды қақтығысты жалғастырып жатыр" деп айыптағысы келеді деп мәлімдеді.
  • Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті "келіссөздерге қарамастан шекарадағы қақтығыс тоқтаған жоқ. Қырғызстан әскерилері Исфара қаласындағы Богистан және Лакон елдімекендеріне қарулы шабуыл жасап, бейбіт тұрғындардың үйін және мекемелерді өртеді" дейді.
  • Тәжік тарабы "тиісті органдарымыз атысты тоқтатуды және келіссөз жүргізуді ұсынғанымен Қырғызстан әскерилері бұған құлақ аспай Тәжікстанның елдімекендерін атқылады" деп отыр.

Әскери қақтығыстар кезінде мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

14:32 16.9.2022

Қырғызстан Тәжікстанды "территориямызды басып алмақ" деп айыптады

  • Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті "тәжік тарабы танкілер, минометтер, бронетехника мен дүркіндете ататын реактивті жүйелерді қолданып, Қырғызстанның территориясын басып алуға тырысып жатыр" деп мәлімдеді.
  • Қырғызстан шекара қызметі қазір Баткен және Лейлек облыстарында қарулы қақтығыс болып жатыр деп хабарлады. Бұған қоса қырғыз шекарашылары "тәжік әскерилері Баткен облысы Достук облысындағы мектеп ғимаратын басып алды. Тәжікстан Баткен облысы және қала шетіндегі объектілерге ракетамен шабуыл жасады" деп те мәлімдеді.
  • Қырғызстан шекара қызметі қырғыз әскерилері Тәжікстанның "Ляккан" және "Богдари" шекара бекеттеріне соққы жасап, ауыр техникаларды жойды деп отыр.

Әскери қақтығыстар кезінде мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG