Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай: Атысты тоқтату келісіміне қарамастан қақтығыс жалғасты
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының даулы аудандарындағы қақтығыс кезінде ондаған адам қаза болды. Ақпаратқа қарағанда, тәжік ауылына шабуылда әскери дрон пайдаланылған. Қырғыз жағы тәжік әскерінің танк, миномет және өзге де ауыр қару түрлерін пайдаланғанын мәлімдеді.
Адам шығыны туралы мәлімет Қырғызстан мен Тәжікстан басшыларының атысты тоқтату туралы келісімінен кейін де түсіп жатты.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиев атыс тоқтағанмен жағдай ушыққан күйі қалғанын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қаза болғандардың басым бөлігі – әскери қызметкерлер.
Тәжік жағы Бободжон Гафуров ауданына қарасты Овчикалача ауылындағы мешітке соққы жасалғанын хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиға орнынан түсірілген видео жеткен.
Овчикалача тұрғыны Ахрор Нематов Озоди радиосына ондаған адам қаза болғанын және жараланғанын айтты. Жергілікті шенеунік мешітке соққы жасалғанын да растады. Ол билік жергілікті халықты эвакуациялап жатқанын айтты.
"Азия-Плюс" ақпарат агенттігі Телеграм арнасында қырғыз дронының шабуылы салдарынан адамдар жараланғанын жазды.
"Атысты тоқтату туралы хабардан кейін жұрт көшеге шықты, осы уақытта дронмен халыққа соққы жасалды" деді тұрғындар.
Озоди радиосына жіберілген видеода жерде алты мәйіттің жатқаны көрінеді. Соғды облысында жүрген журналист видеоның Овчикалача ауылында түсірілгенін растады.
Тәжікстан билігі қырғыз жағын "жағдайды қайта ушықтырды" және "бейбіт тұрғындарға дронмен соққы жасады" деп айыптады.
Екі дереккөздің хабарлауынша, 16 қыркүйекте кешке дрондар Ходжа Ало ауданында да пайдаланылған.
Қырғыз билігі айыптауларға түсініктеме бермеді.
Қырғызстан шекара қызметі атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан қақтығыс жалғасып жатқанын хабарлады.
"Тәжік жағы келісімді бұзып, Лейлек ауданындағы Кулунду және Жаны-Жер елді мекендеріндегі қырғыз шекарашыларының бекеттерін атқылады" деді шекара қызметінің өкілдері. Олардың айтуынша, тәжік жағы Баткен облысында дүркіндетіп ататын зымыран жүйесін қолданған.
Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағын танк, бронды техника және миномет қолданды деп айыптады. Бішкектің хабарлауынша, 16 қыркүйекте таңертең тәжік жағы Баткен қаласы маңындағы елді мекендерді атқылаған. Азаматтық инфрақұрылымдарға снарядтар түскен.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі қырғыз-тәжік шекарасына жақын орналасқан Баткен облысында кемі 24 адам қаза тауып, 87 адам жараланғанын хабарлады. Қаза тапқандардың бірі - 15 жастағы қыз бала.
Тәжікстан тарабы бұған дейін бір адам қаза тапқанын айтқан. Одан кейін Душанбе тарапынан қаза болғандар жайлы ақпарат болмады.
Қырғыз-тәжік қақтығысы. Негізгі ақпараттар:
- 16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының маңында қақтығыс болып, екі тарап бір-бірін ауыр техника қолданды деп айыптады.
- Қырғыз шекарашылары тәжік солдаттары 16 қыркүйекте шекара маңында танкілер, бронотехника, миномет пайдаланды деп айыптады. Тәжікстан тарабы Қырғызстанды әскери бөлімшелерді және тәжіктің жеті ауылын "ауыр техникамен" атқылады деп мәлімдеді. Қақтығыстың тұтануына екі тарап бір-бірін айыптады.
- Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі Баткен облысында 15 жастағы қыз бала қаза тапқанын, кемі 55 адам жараланғанын айтады. Ведомство қаза тапқандар саны өсуі мүмкін дейді.
- Тәжікстан билігі Исфара қаласында бір бейбіт тұрғын қаза тауып, үш адам жараланды деді. Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті "келіссөздерге қарамастан шекарадағы қақтығыс тоқтаған жоқ. Қырғызстан әскерилері Исфара қаласындағы Богистан және Лакон елдімекендеріне қарулы шабуыл жасап, бейбіт тұрғындардың үйін және мекемелерді өртеді" дейді.
- Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті "тәжік тарабы танкілер, минометтер, бронетехника мен дүркіндете ататын реактивті жүйелерді қолданып, Қырғызстанның территориясын басып алуға тырысып жатыр" деп мәлімдеді.
- Бұған қоса қырғыз шекарашылары "тәжік әскерилері Баткен облысы Достук облысындағы мектеп ғимаратын басып алды. Тәжікстан Баткен облысы және қала шетіндегі объектілерге ракетамен шабуыл жасады" деп те мәлімдеді.
- Қырғызстан шекара қызметі қырғыз әскерилері Тәжікстанның "Ляккан" және "Богдари" шекара бекеттеріне соққы жасап, ауыр техникаларды жойды деді.
- Тәжік тарабы басында "тиісті органдарымыз атысты тоқтатуды және келіссөз жүргізуді ұсынғанымен Қырғызстан әскерилері бұған құлақ аспай Тәжікстанның елдімекендерін атқылады" деп мәлімдеген. Кейін Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев пен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов 16.00-де атысты тоқтату туралы келісті.
- Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Самарқандта келіссөз жүргізіп, өз елдеріндегі тиісті органдарға атысты тоқтату туралы тапсырма берді. Шекарада жанжал шыққанда екі ел басшысы Самарқандта Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысып жатқан.
- Бірақ кейін екі тарап бір-бірін келісімге қарамастан оқ атты деп айыптады.
Қырғызстан шекара қызметі Тәжікстан әскерилері Лейлек ауданы Кулунду және Жаны-жер елдімекендеріндегі қырғыз шекарашыларына тағы оқ атты деп айыптады. Қырғызстан шекарашылары Бішкек уақыты бойынша 18:30-дағы жағдай бойынша "шекарадағы жағдай тұрақты емес" дейді.
Тәжікстан тарабы бұл мәлімдемеге қатысты әзірге ештеңе деген жоқ.
Бішкек пен Душанбе 16.00-ден бастап атысты тоқтатуға келіскен еді. Самарқандта Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон кездесіп, келіссөз жүргізген.
ПІКІРЛЕР