Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс
16-17 қыркүйекте тәжік және қырғыз шекарашылары арасында қақтығыс болған Баткен және Ош облысындағы ауылдар.
Ош облысында қақтығыс болды
Қырғызстан шекара қызметі 17 қыркүйекте сағат 12 жарым шамасында тәжік жағының Ош облысы Чон-Алай ауданында Тешик-Таш, Карамык және Кароол-Добо ауылдарындағы қырғыз шекарашыларының бекетін миномет және артиллериямен атқылағанын хабарлады. Бұған дейін Баткен облысының Баткен және Лейлек аудандарында қақтығыс болған. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.
Қырғызстан шекара қызметі жауап оқ атқан. Алайда ведомствоның хабарлауынша, жағдайды ушықтырмау мақсатында қырғыз әскері атысты бірінші болып тоқтатқан.
Қырғыз және тәжік шекарашылары арасында келіссөз болады деп айтылады.
Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды
Облыс басшысы Әбдікәрім Әлімбаев сондай бұйрыққа қол қойды.
Төтенше жағдай режимі қақтығыс ошағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қауіпсіз жерге көшіру мен орналастыру, адам өліміне жол бермеу мақсатында енгізілген.
Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағының минометпен атқылағанын хабарлады
Баткен облысындағы Достық ауылы миномет атқылауына ұшыраған. Қырғызстан шекара қызметі 17 қыркүйекте тәжік әскерінің ауылды минометпен атқылағанын мәлімдеді.
"Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, тәжік жағы Достық ауылын атқылады", - деді ведомство өкілдері.
Тәжікстанның ресми орындары Қырғызстан шекара қызметінің соңғы хабарламасына түсініктеме бермеді.
ПІКІРЛЕР