Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Баткен облысында зардап шеккендердің саны 42 адамға жетті.
"Баткен облыстық ауруханасында 19 адам, Лейлектегі орталық ауруханада 18 адам жатыр. Бес адам Лейлектен Бішкектегі ауруханаларға жеткізілді" деді ведомство.
Тәжікстан билігі Исфара қаласында бір бейбіт тұрғын қаза тауып, үш адам жараланды деген еді.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сағат кешкі бесте қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша жиын өткізеді. Бұл туралы Жогорку Кенеш спикері Талант Мамыров хабарлады.
Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазір Самарқандта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының жиынына қатысып жатыр.
Бүгін, 16 қырүйекте бір топ адам Жогорку Кенеш ғимаратына жиналып, Баткен облысына қосымша күш жіберіп, бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді талап еткен.
Қырғызстан шекара қызметі: Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев пен Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов 16.00-де атысты тоқтату туралы келісті.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Камчыбек Ташиев "Атысты тоқтату туралы бұйрық бердік. Азаматтар алаңдамаса болады. Бір-екі сағаттың ішінде атыс толық тоқтайды деп ойлаймын" деді.
Бған дейін екі елдің ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары атысты тоқтату туралы келіссөз өткізіп, атысты 16.00-ден бастап тоқтатуға келіскен. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, келіссөз "Равод" шекара бекетінде өткен.
ПІКІРЛЕР