Accessibility links

Көші-қон комитеті: Жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 млн Ресей азаматы келген


Ішкі істер министрлігінің ғимараты.
Ішкі істер министрлігінің ғимараты.

Жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 млн Ресей азаматы кірген, деп хабарлады ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон комитеті. Басым бөлігі елден шыққан.

"Биыл Қазақстанға 4,3 млн шетел азаматы кірген, 4,1 млн шетел азаматы шыққан. Оның ішінде елге кірген 1,66 млн Ресей азаматы бар, 1,64 миллионы елден шыққан. Елге келген әрбір азамат туралы толық мәлімет, оның ішінде төлқұжаттарының деректері мен келу мерзімі жайлы мәлімет жинақталып, тіркеледі. Көші-қон процесіне мониторинг жүргізіледі, – деді көші-қон комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарушы Аслан Аталықов жұма күні.

Ол ішкі істер органдары елге кірген шетел азаматтарының ережені сақтауын қадағалайды деді.

Статистика бойынша, жыл басынан бері 45,7 мың адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған, 4,2 мыңы Қазақстаннан шығарылған. Көші-қон заңнамасын бұзғандардың 3,2 мыңы – Ресей азаматы.

Комитет басшысы елде "көші-қон ағыны бақылауда" екенін бірнеше рет қайталап айтты.

"Ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстанда заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді" деді комитет төрағасы міндетін уақытша атқарушы.

Қазақстан заңнамасы бойынша, Еуразия экономика одағына (арасында Ресей де бар) кіретін ел азаматтары елде 90 күн визасыз бола алады.

21 қыркүйекте Ресей басшысы Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Мобилизация жарияланғалы бері әскерге барудан қашқандардың көрші елдерге ағыны, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер көбейген. Әзірге қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені туралы мәлімет жоқ.

Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар "ресейліктердің елге ағылып келуіне" алаңдаушылық білдіріп, кейбірі билікті шекараны жабуға үндеді.

Бір күн бұрын сенат спикері Мәулен Әшімбаев "ресейліктердің елге келуін шектемеуіміз керек", "оған байбалам салудың қажеті жоқ, жағдайды дұрыс түсінуіміз керек" деп мәлімдеген. Сенат спикері алайда "өз елінен рұқсатсыз келген азаматтарға ықтиярхат берілмейтінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG