Accessibility links

Елшібаевтың жақтастары жуырда түрме жазасы ұзартылған белсендіге шыққан үкімді айыптады


Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты қолдап, баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Алматы, 13 қазан 2022 жыл.
Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты қолдап, баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Алматы, 13 қазан 2022 жыл.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер жуырда Қызылорда сотының үкімімен жазасы сегіз жылға дейін ұзартылған жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевқа шыққан үкімді заңсыз деп есептейді. Бұл туралы 13 қазан күні Алматыда өткен баспасөз жиынында айтылды.

2019 жылдан бері қамауда отырған Ержан Елшібаев биыл наурызда «түрме басшылығының қысымына шыдамадым» деп өз-өзіне қол жұмсаған. Түрме әкімшілігі оны осы әрекеті үшін «мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді» деп айыптады. 29 қыркүйекте Қызылорда соты Елшібаевтың жазасына тағы 7 жыл қосып, оны түпкілікті 8 жылға соттады.

Елшібаевтың адвокаты Шынқуат Байжановтың айтуына қарағанда, оған тағы 7 жыл жаза беру негізсіз.

– Елшібаевтың барлық жасаған әрекеті өзінің кіндігінің тұсына біз сұққаны. Ол мұндай әрекетке түрме басшылығының қысымына шыдамаған соң барған. Былайша айтқанда, өзін қорғау үшін өз-өзіне қол жұмсаған, – дейді Байжанов.

Баспасөз мәслихатында сөйлеген оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбай Елшібаевқа тағылған айыптың «саяси астары» бар деп топшылайды.

– Ержан 2019 жылы Жаңаөзендегі жұмыссыздар мәселесін көтергені үшін сотталды. Ол түрмеде де белсенді болды. Оған белсенділігі үшін түрмеде талай қысым көрсетті. Енді міне жазасының бітуіне аз уақыт қалғанда тағы ұзақ жылға қамап отыр. Бұл – үлкен әділетсіздік, – дейді Сәрсенбай.

Адвокат Байжановтың айтуынша, туыстары Елшібаевтың кейінгі жазасы бойынша апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қаратпақ.

34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Сол жылы Жаңаөзен соты оны «біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» деп айыптап, бес жылға бостандығынан айырған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Құқық қорғаушылар Елшібаевты белсенділігі үшін қамалды деп, «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG