Инфляция туралы қарапайым тілмен
Инфляция деген не?
Марат Қайырленов: Инфляция – тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі. Инфляцияны басқаша тұтынушылық бағалар индексі деп те атайды. Кейде бұл индекстен маусымға қарай бағасы өзгерген жанармай, картоп, сәбіз сияқты тауарларды алып тастап, базалық инфляцияны шығарады. Бұл – тауарлар мен қызметтер шынымен қымбаттап жатыр ма, әлде тек жекелеген заттардың ғана бағасы өсті ме, соны анықтауға мүмкіндік береді.
Баға – қолжетімді тауар мен ақшаның қатынасы. Ақша көбейіп, қолжетімді тауар болмағанда, баға өседі. Ақша бұрынғы көлемде қалып, тауар саны азайса да, қымбатшылық болады. Бағаға нарықтағы көңіл-күй де әсер етеді.
Инфляциямен күрескен дұрыс па?
Марат Қайырленов: Бәрі инфляция деңгейіне байланысты. Инфляция жоқ кезде дефляция басталады. Бұл – жаман: ондай кезде ақша жаратудың мәні қалмайды. Адамдар баға арзандайтынын білсе, қажет тауарды кейін аламыз деп күтеді. Сәйкесінше, экономикалық белсенділік тоқтайды. Нарықтық экономикаға аздаған инфляция пайдалы. Ол тұтыну мен инвестицияға серпін беріп, экономикалық өсімге жол ашады.
Инфляция тым жоғары болса, ақшаның тауарлар мен қызметтер құнын өтеу қызметі нашарлайды. Адамдар біртіндеп бартерге көшеді. Экономикалық белсенділік төмендейді. Сондықтан экономика тез әрі тұрақты өсуі үшін бізге тым жоғары емес немесе тым төмен емес инфляция деңгейі керек.
Жоғары инфляциямен қалай күресуге болады?
Марат Қайырленов: Мәселе сұраныста ма, ұсыныста ма, соған байланысты. Сұраныс тым жоғары болса, инфляциямен мемлекеттік шығындарды азайтып, ақшаның құнын арттыру арқылы күреседі. Сонда адамдар «Ақшамды қазір жаратсам ба екен, әлде депозитке салып қояйын ба?» деп ойланады. Тауар аз болса, нарықтағы тауарлар мен қызметтерге қатысты ұсынысты арттыру керек.
КІМ КІНӘЛІ ЖӘНЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Азаттық: Қазақстандағы инфляция туралы не айтуға болады?
Марат Қайырленов: Инфляция өсіп жатыр. "Неге?" деген сұрақтың екі жауабы бар. Мемлекет елде ақша мен сұраныс көп деп есептейді.
Олар пайыздық мөлшерлемені көтеріп, мемлекеттік шығындарды азайтпақ. Ұлттық банк кейінгі бір жылда базалық мөлшерлемені екі есе өсірді. Биыл мемлекеттік бюджет шығындары жалпы ішкі өнімнің 19 пайызын құрайды. Келер жылы бұл көрсеткішті 16 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Жалпы ішкі өнімнің үш пайызы деген не? Мемлекет әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне осы көлемде қаражат жұмсайды. 3,6 триллион теңге немесе жеті миллиард доллар деген аз ақша емес. Билік жиынтық сұранысты азайтып, инфляцияны төмендету үшін мемлекет шығындарын 3,6 триллионға қысқартып жатыр. Бірақ бұл шара ақшаның көптігінен болған инфляция кезінде ғана көмектеседі.
Базалық мөлшерлеме. Қаржыгер пікірі
"Базалық пайыздық мөлшерлеме" деген не?
Расул Рысмамбетов, қаржыгер: Бұл – экономикадағы ақшаның құны. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге базалық мөлшерлеме бойынша ақша береді. Қазіргі жағдайда [27 қазандағы өзгерістен соң] базалық мөлшерлемеге бір пайыз қосылады. Банктер халық пен бизнеске несие берерде базалық мөлшерлемені пайдаланады. Яғни, 16 пайыз және үстінен банктің табысы. Банктің табысына қызметкерлердің жалақысы және басқа да шығындар кіреді. Нәтижесінде несие мөлшерлемесі кем дегенде 20 пайызды құрайды.
Базалық мөлшерлеменің бір жылда бес рет өзгеруін қалай түсіндіруге болады?
Расул Рысмамбетов, қаржыгер: Ұлттық банк халықтың инфляцияға қатысты болжамын тежегісі келеді. Адамдар «Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген соң инфляция баяулайды» деп ойлағанын қалайды. Бұл – психологиялық процесс. Ұлттық банк күту кезеңінің өзінде инфляция азаяды деп үміттенеді.
Азаматтар не істеуі керек?
Расул Рысмамбетов, қаржыгер: Бастысы – несие алуды азайту. Тойға қарыз алмау керек. Өйткені қарашада болмаса, желтоқсанда қарыз қымбаттайды. Депозитіңіз болса, шығынды азайту үшін қорыңызды үшке бөліп, бір бөлігін – теңгеде, екіншісін – еурода, үшіншісін – долларда сақтаңыз.
Жазып алған: Мейірім Бақытжанова
Азаттық: Қазақстандағы бағалардың өсуіне қатысты балама көзқарас бар ма?
Марат Қайырленов: Қазақстандағы инфляцияның жоғары болуы Ресей дағдарысына байланысты. Трансұлттық компаниялардың бірін мысалға алайық. Кәсіпорын ТМД немесе Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тауар сата бастады делік. Ірі экономика болғандықтан, бас қоймасын Ресейге орналастырады, көлік шығындарын азайту үшін қаптама өндірісін де сол жақтан ашады, кейін ақша үнемдеу мақсатында шикізат пен бөлшектерді де Ресейден алуға көшеді. Нәтижесінде өндіріс толықтай көрші мемлекетке ауысады. Дайын тауарлар сол жақтан бүкіл ТМД елдеріне тарайды.
[Украинада] соғыс басталғаннан кейін Батыстың бір жарым мыңға жуық трансұлттық компаниясы жұмысын тоқтатып, Ресейден кете бастады. Ресейлік тауарлар азайып барады, бұған еш ықпал ете алмаймыз.
Екінші фактор: Ресей рубль бағамын қолдан көтеріп жіберді. Ресейлік тауарлар қымбаттап шыға келді. Бұл процесс жалғасады, өйткені Батыс компанияларының Ресейден кетуіне байланысты тауар көлемі азая береді. Яғни, бізде ұсынысқа қатысты "шок" болып жатыр. Сондықтан қазір Қазақстанда жиынтық сұранысты азайту дұрыс емес.
Азаттық: Базалық мөлшерлемені көтеруге қалай қарайсыз?
Марат Қайырленов: Ұлттық банк бұл шешімін қыркүйекте маусымдық өзгерістерге байланысты түзетілген инфляция мөлшерінің 27 пайызға жетуімен түсіндіріп отыр. Жылжымайтын мүлік пен білім беру саласы ғана емес, көп тауар мен қызмет бағасы қымбаттаған. Олар бұл жағдайға реакция білдіруі керек еді. Сондықтан базалық мөлшерлемені бірден 1,5 пайызға өсіретін болды. Бұл несие беруді азайтып, депозиттердің банкте қалуына көмектеседі. Өйткені халық депозитін шеше бастаса, олар бұл қаржыны (құнды қағаз, жылжымайтын мүлік алып) шетелге жібереді деген сөз. Бұл теңге бағамы мен банк секторындағы өтімділікке соққы болып тиеді.
Теория тұрғысынан, бұл – дұрыс. Практикалық тұрғыдан қарасақ, даулы шешім. Базалық мөлшерлемені жарты пайызға көтеріп, Ұлттық банк саясатының жалпы бағытын көрсетуге болар еді. Бірақ Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден көтеріп жіберді. Бұл стагфляция (экономика қысқарып, баға өсе береді) қаупін арттырады. Жоғарыда айтқанымдай, елдегі инфляцияның негізгі себебі – Ресей дағдарысы. Пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы жағдайға әсер ете алмаймыз. Сондықтан бағалар өсе береді.
Бұл экономикалық өсімге де қауіп төндіреді. Отандық бизнес онсыз да Ресей дағдарысына байланысты қиындықтарға тап болып отыр (қажет бөлшектерді сатып алу/тауар өткізу/Ресей арқылы тасымалдау мәселесі). Енді қарызға ақша алу да қолжетімсіз болады. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған мемлекеттік бағдарламалар көбіне айналымға ақша бермейді, жаңа құрылғы сатып алуды ғана қаржыландырады. Бизнесті қолдау институттарындағы қағазбастылық пен жемқорлық өз алдына бөлек әңгіме.
Кейінгі бірнеше айда экономикалық өсімнің біртіндеп баяулағанын көріп отырмыз. Экономикаға базалық мөлшерлемені жоғарылату да көмектесе алмайды.
Азаттық: Қандай саясат жүргізу керек?
Марат Қайырленов: Көлік-тасымал жолдарын қайта құру керек. Тауарды Түркиядан сатып алып, елге алып келу үшін теміржол, вагондар, Каспий теңізі арқылы паром тасымалын кеңейту қажет.
Инвестицияға арзан ақша болсын деп, пайыздық мөлшерлемені азайтып, нарықты кеңейту үшін мемлекеттік шығындарды арттыру керек. Үлкен нарыққа көп ойыншы таласады, олар бағаны түсіріп, көлік шығындарын арзандатып, жергілікті өндірісті жолға қояды.
Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені жоғарылатқан кезде "Қаншаға дейін көтересіздер?" деген сұрақ болды. Пайыздық мөлшерлемені көтеру инфляцияға әсер етпейді. Керісінше, қымбат ақша көлік тасымалын реттеуді және өндірісті дамытуды баяулатады. Қымбатшылық сол күйінде қалады. Бұл мемлекеттік қарыз бойынша шығындарды да арттырады. Қаржы министрлігінің қарыздары пайыздық мөлшерлемеге байланған. Бұл шара банктерге ғана тиімді.
Азаттық: Кейде инфляцияның өсуін әлемдегі қымбатшылықпен түсіндіреді…
Марат Қайырленов: Бұл – көп фактордың бірі ғана. Бағалар 100 пайызға өсті делік, бұған әсер еткен себептердің 20-30 пайызы – әлемдегі бағалардың өзгеруіне, 80 пайызы Батыс компаниялары Ресейден кеткеннен кейін Орталық банктің рубль бағамын 5-тен 8 теңгеге дейін көтеруіне байланысты.
Азаттық: Бізде нан сияқты толықтай жергілікті шикізаттан дайындалатын өнімдер бар. Бірақ олардың да бағасы өсіп жатыр. Мұның себебі неде?
Марат Қайырленов: Бидай – нарықтық тауар. Бидай саудасымен айналысатын кәсіпкер "Неге қазақстандық нан өндірушілерге астықты әлемдік бағасынан (тасымал, сақтандыру шығындарын қосқанда) арзанға сатуым керек? Бұл бағаларды субсидиялау неге менің есебімнен жүруі керек? Одан да бидайды шетелге сатпаймын ба? Қазақстанда тиын-тебенге өткізгенше, малға беріп, бордақылап, ет сатқаным артық" деп ойлайды. Бұл нарықтық экономика ғой. Ешкім шығынға батып, жұмыс істегісі келмейді. Қызметкерлер де жалақыны көтеруді сұрайды. "Бәрі қымбат, айлығымды өсір" дейді. Өмір сүру деңгейі төмендеп келе жатыр, сондықтан бәрі бағаны көтере береді.
Азаттық: Бағаның өсуін көбіне алып-сатарлармен байланыстырады. Алып-сатарлармен күрес баға динамикасына әсер ете ме?
Марат Қайырленов: Әсер етпейді деп ойлаймын. Совет одағы да бар кінәні алып-сатарларға арта салатын. Бұл жерде алып-сатарлар мен монополияны ажырата білу керек. Қазақстанда бірінші президенттің отбасымен байланысы бар компания теміржол билеттерінің сатылымынан пайыз алып отырғаны жөнінде ақпарат айтылып еді ғой. Осындай монополиялар жойылуы тиіс.
Екінші жағынан, мемлекет жүйелі шаралармен транзакциялық ақауларды азайтқаны жөн. Мұны бәсекеге айналдыру керек, қымбатшылыққа бәсеке ғана қарсы тұра алады.
Мысалы, осы айда алты-жеті рет теміржол вокзалында болдым, барлық поезд кешігіп келді. Дамыған елдерде компаниялар бұл үшін айыппұл төлейді.
Мемлекеттің қолында тұрақтандырушы қор, жекелеген өндірушілерді субсидиялау сияқты құралдар көп. Бизнесті қолдауға арналған 29 институт бар. Олардың бәрі халықтан жиналатын салық есебінен өмір сүріп жатыр.
СТАТИСТИКА МЕН ШЫНАЙЫ ӨМІР
Азаттық: Қазақстандағы инфляция мөлшері (17,7 пайыз) жоғары ма? Бұл көрсеткіш қалай есептеледі? Ресми инфляция мөлшері шындыққа жанаса ма?
Марат Қайырленов: Иә, жоғары.
Белгілі бір тауарлар мен қызметтер тізімі бар. Ай сайын осы тауарлар мен қызметтер бағасы бірдей дүкендерде қалай өзгергені есептеледі.
Ресми деректің шынайылығына келсек, бұл жерде екі мәселе бар. Адамдар белгілі бір сауда орнынан тауар сатып алып, үш ай ішінде баға отыз пайызға өсіпті деп жазатынын көрген шығарсыз. Бірақ бұл белгілі бір тұтыну себетіндегі инфляция ғана. Мысалы, билет бағасы аса қымбаттаған жоқ. Жалпы инфляция мөлшерін анықтау үшін тізімдегі барлық тауар пен қызметті тексеріп шығу керек.
Бір көрсеткішті үнемі бақылап жүрсеңіз, тенденция қалыптасады. Ұлттық статистика бюросы жариялаған инфляция көрсеткіші дұрыс сияқты. Әрине, инфляция мөлшері жалақы индексациясына, зейнетақы мен шәкіртақыға байланысты болғандықтан, оны азайтып көрсетуге тырысу бар.
Азаттық: Ресми деректе бағасы өскен тауарды тізімнен алып тастап немесе арзандатып, манипуляция жасалмағанын тексеруге бола ма?
Марат Қайырленов: Теориялық тұрғыдан, иә. Оның үстіне, әкімдер жұмысының тиімділігі туралы көрсеткіштерге инфляция мөлшері де кіреді. Шенеуніктер бұл үшін сөгіс алады. Ал ұлттық статистика бюросының қызметкерлері әкімге тәуелді, өңір не қала басшысы оларға мемлекеттің атынан үй береді. Сондықтан олар әкімнің өтініштеріне түсінікпен қарауы мүмкін. Бірақ бұрмалау аз сияқты, ресми дерек шындыққа жақын.
Азаттық: Инфляцияның өсуін тоқтатуға бола ма?
Марат Қайырленов: Жоқ. Ресейдегі өндіріс қысқарып, тауарлар азая береді. Үкімет халықты қолдауға күш салуы керек. Пандемия кезіндегідей адамдарға инфляция үшін өтемақы төлеуге болады.
ХАЛЫҚ КЕДЕЙЛЕНІП БАРА МА?
Азаттық: Жалақы индексациясы деген не? Бұл шара қалай жүзеге асады?
Марат Қайырленов: Жалақы индексациясы – айлықты инфляция деңгейіне көтеру. Қазақстанда кедейлікпен күрес қолға алынған, жыл ортасында бұрынғы вице-премьер Тоғжанов "миллиондаған адамның жалақысын өсірдік" деп мәлімдеген еді.
Осыны талдап көрейік. Мемлекеттік қызметкерлердің (мұғалімдер, дәрігерлер), квазимемлекеттік секторда істейтін азаматтардың жалақысы өсті. Кен өндіруші компания жұмысшыларының еңбекақысын өсіру ұсынылды. Бәрін қосқанда 2,3 миллион адам. Аз емес. Бірақ мәселе – мынада, бізде экономикалық белсенді халық саны тоғыз миллионнан асады. Иә, бизнес иелері пайда тапты. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 25 пайызы. Ал 75 пайыз халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп жатыр. Бұл – үлкен мәселе. Мемлекеттің бұл санатқа кіретін адамдардың табысын өсіруге тырысып жатқанын көрген жоқпын. Ал мұны жүзеге асыру өте оңай.
Мәселенің шешімі көп. Халықты қолдау үшін шетелден келетін көліктерге арналған кедендік төлемдерді 2010 жылғы деңгейге түсірсін. Сонда жеңіл көлік бағасы екі есе арзандайды. Халық жаппай көлік сатып ала бастайды. Таксилетіп ақша табады. Баға арзандайды, бұл инфляцияға да әсер етеді. Көлік қызметтерінің бағасы төмендейді. Экономикалық белсенділік артады. Бұған мемлекет тарапынан ақша бөлудің қажеті жоқ. Тек бірнеше олигархтың мүддесіне қарсы шығу керек.
Азаттық: Ең төменгі жалақыға инфляция мөлшері бойынша индексация жасалуы керек пе?
Марат Қайырленов: Ең төменгі жалақы мөлшерін 100 мың теңге деп белгілей аламыз. Бірақ бизнестің бір бөлігі көлеңкелі экономикаға кетіп қалады. Сол үшін кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау керек.
Азаттық: Зейнетақы мен жалақының өсуі қымбатшылыққа әсер етіп жатыр деген пікір бар. Сол рас па?
Марат Қайырленов: Тауардың көп бөлігін шетелден сатып аламыз. Сондықтан әлемдегі жеті миллиард адам 19 миллион халқы бар елдегі сұраныстың 10-40 пайызға артуына бола, бағаны өсіруге мәжбүр болып отыр деу "өте батыл" мәлімдеме.
Бізде зейнетақы мен жалақы өскенін ести сала бағаны көтеретін монополиялар бар. Бұл көбіне солардың мәселесі. Баға жалақымен қатар өспеуі үшін бәсеке керек. Бәсеке бар жерде өзіндік құн мен тиімділік туралы сөз болады.
Азаттық: Өмір сүру деңгейі туралы айттыңыз ғой. Бұл көрсеткіш қалай есептеледі? Қазақстанда кейінгі жылдары өмір сүру деңгейі төмендеді ме? Халық кедейленіп бара жатқан жоқ па?
Марат Қайырленов: Өмір сүру деңгейі әртүрлі көрсеткіштермен есептеледі. Ұлттық статистика бюросы жариялаған халықтың шынайы табысына қарасақ, халық кедейленіп жатқан жоқ, табыс көлемі бірқалыпты. Менің ойымша, бұл индикатордан пайда жоқ. Біздің шенеуніктер әсірелегенді жақсы көреді.
Оған қарағанда азық-түлік шығындарын қарау тиімдірек. Бұл көрсеткіш халықтың табысының қанша пайызы тамаққа кететінін көрсетеді. 2007 жылы табыстың 30 пайызы азық-түлікке кететін. Бұл Шығыс және Орталық Еуропа елдерімен бірдей еді. Қазір оларда халық тапқанының 18 пайызын, ал бізде 53 пайызын тамаққа жұмсайды. Биыл азық-түлік 20 пайызға қымбаттағанын ескерсек, бұл көрсеткіш 55-60 пайызға жетіп қалатын шығар. Бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі Нигериямен бір деңгейдеміз.
Халық қатты кедейленіп кетті. Аталған 53 пайызға коммуналдық төлем, көлік шығындары сияқты міндетті төлемдерді қосыңыз. Жалдамалы пәтерде тұратындарға тіпті қиын. Балалы отбасылар ше? Біздің халықтың тапқаны тамағынан артылмайды.
Азаттық: Бұл қашан аяқталады?
Марат Қайырленов: Оқиғаның қандай сценарий бойынша өрбитініне байланысты. Өмір сүру деңгейі төмендеп, әлеуметтік шиеленіс артады. Үкімет бюджет шығындарын жалпы ішкі өнімнің 16 пайызына дейін қысқартса, халық түсінбейтін шығар. Дөп басып айту қиын. Кем дегенде, тағы бір жыл инфляция жоғары болады. Бәрі Ресей дағдарысының қалай шешілетініне байланысты.
Азаттық: Алдағы бес жылда бұрынғы инфляция деңгейіне орала аламыз ба?
Марат Қайырленов: Салмақты саяси реформаларсыз дамуымыз кенжелей береді. Реформа жүргізілсе, мүмкін. Мысалы, облыс әкімдерін сайлау енгізілсе, олар өңірлердің экономикасын дамытуды ойлай бастайды. Бізде әр облыстың жері бір Еуропа мемлекетінің территориясымен бірдей. Шығынды да қажет етпейтін осындай қарапайым шешімдер көп. "Жусан" сияқты банктерге триллиондаған қаржы бөліп, қолдауды доғару туралы айтпай-ақ қояйын. Бұл қаржыны даму институттары арқылы төмен пайызбен халыққа таратсын. Еліміздің жер көлемі де үлкен, мүмкіндіктері де көп.
ПІКІРЛЕР