Accessibility links

Белсенді Әйгерім Тілеужан екі айға үйқамаққа алынды


Белсенді Әйгерім Тілеужан. Алматы, 16 ақпан 2022 жыл.
Белсенді Әйгерім Тілеужан. Алматы, 16 ақпан 2022 жыл.

Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенді Әйгерім Тілеужанды екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде белсенді Әлнұр Илияшев Фейсбук парақшасында хабарлады.

Әлнұр Илияшевтің айтуынша, енді белсенді байланыс құралдарын пайдалана алмайды. "Тек адвокатпен, ведомствоаралық жедел тергеу тобы өкілдерімен, қадағалаушы прокурор және тергеу-сот процедуралары аясындағы өзге тұлғалармен ғана сөйлесе алады. Әйгерімге "әуежайды басып алу" ісі бойынша материалдармен (шамамен 50 том) танысуына тура келеді" деп жазды Әлнұр Илияшев.

Қазан айының соңында Әйгерім Тілеужан өзін Қаңтар оқиғасымен байланысты істе куәгерден күдіктіге ауыстырғанын хабарлаған еді. Айтуынша, ол 5 қаңтарда Алматы әуежайында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. Биыл наурызда күштік құрылымдар белсендінің үйіне тінту жасаған.

Ол жариялаған ведомствоаралық жедел тергеу тобы жетекшісінің қаулысында 2022 жылы 5 қаңтарда Алматы әуежайына бірнеше топтың кіргені, олардың қолында "үш таяқ-шоқпар және бір полицей қорғаны, бір өрт сөндіргіш болғаны" жазылған. Соның салдарынан әуежай 5-9 қаңтарда "істемей қалған". Қаулыда кірген 34-45 адамның кім екені анықталғаны жазылған.

Өткен аптада Eurasianet басылымы Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жаппай тәртіпсіздіктің артында “арнайы дайындықтан өткен лаңкестер” тұр" деген мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын жазған еді. Басылымның жазуынша, Тоқаев қаңтар айында берген сұхбатында әуежайды "Орталық Азияның басқа қаласынан азаматтарды әкелу үшін" басып алды деп мәлімдеген.

Алайда "әуежайды басып алды" деген күдікке ілінгендердің бірі – аудармашы, журналист Әйгерім Тілеужан мен тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов Тоқаев сипаттаған содырлар мен лаңкестерге келіңкіремейді, одан гөрі саяси белсенділерге көбірек ұқсайды деп жазды басылым.

Тілеужанова да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындайды, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады. Басылымның жазуынша, Тілеужанова "әуежайға Ресей әскерінің келгені туралы ақпараттың рас-өтірігін білу үшін және қандай да бір арандатушылықтар болса, оның алдын алу үшін барғанын" жеткізген. Оның сөзінше, ол әуежайда жарты сағат болып, кетіп қалған.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен кемі 238 адам қаза тапты.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының басып алынғаны да хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайды әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауына тура келген. 6 қаңтарға қараған түні әуежайдың "бүлікшілерден тазартылғаны" айтылды.
  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтардағы мәлімдемесінде "террорист бандалар ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" айтқан еді. Тоқаев осы мәлімдемесінде "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алғанын, террористік қауіптің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG