Accessibility links

Полиция белсенді Достияровты кішкентай қызымен бірге ұстап әкеткен соң құқық қорғаушылар бала құқығы бұзылғанын мәлімдеді


Полицияның белсенді Достияровты кішкентай қызымен бірге ұстап әкетпек болған сәті. Бақылау камерасынан алынған видеодан скриншот.
Полицияның белсенді Достияровты кішкентай қызымен бірге ұстап әкетпек болған сәті. Бақылау камерасынан алынған видеодан скриншот.

"Бала құқығын қорғау жөніндегі" қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тобы 5 қаңтарда белсенді Абзал Достияровтың 4 жасар қызымен бірге ұсталғанына наразылық білдірді. Құқық қорғаушылар полицейлер бала құқығын бұзды деп мәлімдеді.

Достияров 5 қаңтарда таңертең кішкентай қызын балабақшаға апару үшін үйінен шыққан кезде ұсталған. Полицияның бірнеше қызметкері оны сүйрелеп, көлікке отырғызуға тырысқан. Белсенді полицейлерге әуелі қызын балабақшаға апаруға рұқсат берулерін сұраған, бірақ полицейлер келіспеген. Оны баласымен бірге лифтіден күшпен шығарған. Ұстау видеосы бақылау камерасына түсіп қалған.

"Тіпті полицейлер қыздың әкесі рұқсат етілмеген митингіге шығуға оқталып, құқық бұзушылық жасауға тырысты деген күннің өзінде бала әкесінің әрекеті үшін жауап бермеуі тиіс. Құқық қорғау орган қызметкерлері бала құқығын өрескел бұзған" деп жазылған жұмыс тобының мәлімдемесінде.

Достияровты полицейлер Әуезов аудандық полиция басқармасында шамамен бес сағат ұстаған. Баласы ол жақта шамамен бір жарым сағат болған. Кейін анасы келіп әкеткен. Ата-анасының хабарлауынша, кішкентай қыз оқиғадан шошып қалған, қазір көшеге шығуға қорқады.

"Бала құқығын қорғау жөніндегі" қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тобы құзырлы органдарды оқиғаға араласып, бала құқығын бұзуға қатысы бар қызметкерлерді жазалауға шақырды.

Алматы қаласының полиция департаменті Достияровтың қызымен бірге ұсталуына түсініктеме бермеді. Белсендіге қандай да бір айып тағылмаған.

Митингілер қарсаңында белсенділерді үйлерінің алдында күтіп алып, жиынға жібермеу – Қазақстанда кеңінен таралған практика. Белсенділердің айтуынша, полицейлер оларды подъездерінің алдында сағаттап күтіп, сыртқа шығуларына мүмкіндік бермейді. Егер сыртқа шықса ұстайды.

Достияров ұсталған күні полиция "Демпартияның" тағы бірнеше өкілін ұстаған. Арасында Аружан Дүйсебаева мен Гүлнар Мирмамбетова бар. 5 қаңтарда "Демпартия" жақтастары Республика алаңына барып, Қаңтар құрбандарын еске алған.

  • Бір жыл бұрын Алматыда үкіметке қарсы жаппай наразылық тәртіпсіздікке ұласып, күштік құрылымдар оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, қалада 151 адам мерт болған. Мемлекеттік органдардың хабарлауынша, елде Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам опат болған.
  • 5 қаңтарда ондаған адам Тәуелсіздік монументі алдына жиналып, Қаңтар құрбандарына дұға бағыштап, марқұмдарды еске алды. Олар Қаңтар қантөгісі объективті тергелмегенін, халыққа оқ атқандар әлі жазаланбағанын айтты.

XS
SM
MD
LG