Accessibility links

Өскеменде Қаңтар оқиғасында үш адамды атқандар "анықталмаған". "Азаптау" істері қысқартылды 


Өскеменде Қаңтар оқиғасында қайтыс болған үш адамның суреті.
Өскеменде Қаңтар оқиғасында қайтыс болған үш адамның суреті.

Өскеменде Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан үш азамат – Қуаныш Қабылқанов, Жолжарық Есенжолұлы, Айдос Алдашовты атқан адамдар анықталмай, қылмыстық іс доғарылды. Ал азаптау бойынша түскен шағымдар "қысқартылды". Бұл жөнінде Азаттыққа ШҚО прокуратурасынан хабарлады.

"Үш адамның қаза болу фактісі бойынша құқық бұзушылық жасаған адамдар анықталмады, тергеу мерзімдері үзілді. Тергеуді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының қызметкерлері жүргізді" деп жазылған ШҚО прокуратурасының Азаттыққа берген ресми жауабында.

Сонымен бірге облыста "полицейлер азаптады" деген 33 шағым түскен. Бірақ сотқа дейінгі тергеулерден кейін бұл істер "қысқартылған". ШҚО прокуратурасы істердің "қысқартылу" себебін түсіндірмейді.

"Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа мәліметтер жария етілмейді" деп жазады облыстық прокуратура.

Қаңтар оқиғасының бір жылдығында Өскеменде құрбан болғандарды еске алған марқұмдардың туыстары тергеу ісі "жылжымайды", "оқ бар, бірақ оны атқан адам кім екені айтылған жоқ" деген еді.

Марқұм Қуаныш Қабылқановтың анасы Арайлым Сағатбаева қарашада тергеуді "әділ жүргізуді" талап етіп Астанаға бармақ болған, алайда әуежайда сөмкесінен "оқ табылып", кеден қызметкерлері ұшақтан алып қалған. Артынан патрон іші бос болғаны анықталды.

Осы оқиғадан кейін Арайлым Сағатбаева Азаттыққа "әлдекімдер екінші ұлы туралы сұрастыра бастағанын", өзін "қорқытқысы келе ме" деп күдіктенетінін айтқан.

Өскеменде қаза тапқан үш адам да "Қазақстан халқына" қорының "кездейсоқ құрбан болғандар" тізіміне енгізілген.

Бір жыл бұрын Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының өсуінен туындаған наразылық елдің басқа қалаларына да ұласқан. Өскемен тұрғындары 2022 жылы 5 қаңтарда орталық алаңға жиналып, әлеуметтік және саяси талаптар қойды. Кейін қаладағы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, оқ атылды. Ресми мәлімет бойынша, былтыр қаңтарда қалада үш адам қаза тапты.

ШҚО прокуратурасының Азаттыққа берген жауабында "Өскеменде Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған тоғыз қылмыстық іс бойынша 40 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысушы ретінде айыпталып, оларға бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жазалар тағайындалды" деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG