Түркіменстанда шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжат алуға сұраныс артқан. Кейінгі кездері түркімендердің көбі шекара асып, басқа елден пана іздегісі келеді.
Азаматтардың айтуынша, жаңа төлқұжат алуға құжат тапсырудың өзіне мамырға дейінгі кезек толып қалған. Ал үкімет азаматтарды елде алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Түркіменстанның Лебап уәлаятында жаңа төлқұжат алу үшін мамырға дейін өтініш бере алмайсыз. Бірақ 200 доллар пара берсеңіз, кезегіңіз тезірек жылжуы мүмкін.
Жұмыссыздық, қымбатшылық, азық-түлік тапшылығы, жемқорлық пен мемлекеттік бақылаудың қатаң болуынан шетелге кеткісі келетін түркімендер саны артқан.
Мыңдаған түркімен өмір сүру деңгейі жақсы елде тұрғысы келеді. Түркіменстан билігі азаматтарды райынан қайтарып, елде алып қалуға бар күшін салып жатыр.
Азаматтардың айтуынша, елдегі екінші ірі қала – Түркменабадта көші-қон агенттігінен жаңа төлқұжат алуға мамырдың ортасынан ары қарай ғана жазылуға болады.
Былтыр Ашхабад 2020 жылы пандемияға байланысты енгізілген халықаралық рейстерге тыйымды алып тастаған кезде мыңдаған адам әуежайға ағылды.
Бірақ қолында төлқұжаты, билеті мен визасы бар азаматтар да елден шыға алмай қалуы мүмкін.
Ашхабадтағы авторитар үкімет азаматтарын кейінгі 10 жылда халық саны күрт азайған, оқшау мемлекетте алып қалу үшін неше түрлі айла-амалға көшкен.
Мемлекеттік қызметкерлерге төлқұжат бермеген немесе рейске жібермеген мысалдар да, видеоайғақтар да көп.
Біраз ата-ананың айтуынша, былтыр қыркүйек-қараша айларында көші-қон қызметінің өкілдері Ашхабад халықаралық әуежайындағы студенттердің көбін рейске өткізбеген.
Бұл шектеуден қанша студент зардап шеккені белгісіз. Куәгерлердің бірі Азаттыққа шетелге ұшатын рейстерден студенттерді жаппай түсіріп жатыр деп хабарлаған.
Бірақ не үкімет, не білім министрлігі әуежай қызметкерлеріне студенттерді шетелге оқуға жібермеуді тапсырдық деген мәлімдеме жасаған жоқ.
Түркіменстан азаматтары бұл шектеулерді жай ғана халықты елден шығармаудың амалы деп қабылдайды.
Кейінгі аптада ел астанасында 40 жасқа толмаған әйелдерді ұшаққа отырғызбай жатыр деген ақпарат тарады.
Мемлекеттік қызметкерлердің көбі мерзімі аяқталған төлқұжаттарын жаңарта алмай жүр.
Кейінгі жылдары жұмыс берушілер кей мемлекеттік қызметкерлердің биометрикалық төлқұжатын себебін түсіндірместен сұрап алып, қайтармай қойған.
Лебап уәлаятында мемлекеттік органдар қызметкерлеріне жаңа төлқұжат алуға өтініш бермеңдер, ескі құжаттарың болса, көзін жойыңдар деген кеңес берген.
2013 жылы қолданысқа енген биометрикалық төлқұжат – түркімендерге шетелге шығуға мүмкіндік беретін жалғыз құжат.
Түркіменстан өз елшіліктеріне шетелде тұратын түркімендерге де төлқұжат бермеуді тапсырған.
Олар құжатын жоғалтып алса немесе жаңарту қажет болса, Түркіменстанға баруға мәжбүр болады.
Қыркүйекте Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі түркімен азаматтары жұмыс істеуге жиі баратын Түркиядан визасыз режимді алып тастауды сұрады.
Түркия Ашхабадтың өтінішін орындап, түркімендерге 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беретін қаулының күшін жойды.
Түркияның мемлекеттік көші-қон қызметі елде 230 мың түркімен тұрып жатқанын айтты. Шын мәнінде олардың саны әлдеқайда көп. Көбінің төлқұжат не виза мерзімі аяқталып, заңсыз жүр.
Түркменабадтың кей тұрғындары кезек күтпей, бірнеше апта ішінде төлқұжат алу үшін 200 доллар пара берген.
Ашхабадтағы бірнеше ата-ана балаларын ұшаққа отырғызып, Ресей мен басқа елдердегі оқуына жіберу үшін әуежайдағы көші-қон қызметінің өкілдеріне ақша төлеген.
Куәгерлер Ашхабадтағы халықаралық әуежайда жасы 40-қа толмаған әйелдерге ұшаққа отыруға көмектесеміз деген адамдар жүргенін көрген. Бірақ олар қанша ақша сұрайтыны белгісіз.
Азаттық радиосы ресми Ашғабатқа шетелге шығуды шектеу жайлы сауал жолдады, жауап болмады.
Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.
ПІКІРЛЕР