Мәжіліс пен мәслихатты сайлауда депутаттыққа өзін-өзі ұсынған бірнеше кандидат 19 наурызда өткен дауыс берудің нәтижесін мойындамайтынын айтып, сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
20 наурызда Алматыдағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода баспасөз мәслихатын өткізген кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзу фактілері болғанын да айтты.
Мәжіліске өзін-өзі ұсынған журналист, белсенді Инга Иманбай сайлаудың нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Ол сайлауды қайта өткізуді талап етіп, сотқа шағымданатынын жеткізді. Инга Иманбай жиында "тәуелсіз кандидаттардың дауысы ұрланды" деп мәлімдеді.
"Басты мәлімдемеміз – біз бұл сайлаудың қорытындысын мойындамаймыз, сайлауды қайта өткізуді талап етеміз. Күні бойы түрлі заңбұзушылық болды. Урнаны жапты, үкімет бюджет қызметкерлерінен өзі таңдаған адамдарға дауыс беруді сұрап, фотоесеп жіберткізіп жатты. Ең сорақысы – дауыс санау кезінде басталды. Менің бақылаушыларымды дауыс санауға қатыстырмас үшін шығарып тастап отырды, полиция шақырды, қорқытты" деді Инга Иманбай.
Сайлауда кандидаттың сенімді өкілі болған Құрманғазы Батырбек "бақылаушыларға қысым болғанын" айтады. "Дауыс санауды тоқтатып, бюллетеньдерді жинап тастады. Қайта санағанда бюллетень саны аз шықты" дейді Батырбек.
Алматыда мәслихат депутаттығына үміткер болған Равқат Мұхтаров сайлау нәтижелерін заңды деп мойындамайтынын айтты. Ол заңсыздықтарға анализ жасап, есеп шығарып, нәтижесін әлеуметтік желіде жариялайтынын жеткізді. Мұхтаровтың сөзінше, бұл Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне дау айтуға негіз болмақ.
"Сайлауға үмітпен бардым. Бірақ қателесіппін. Дегенмен әрі қарай да құқығымыз үшін күресеміз. Біз апелляциялық шағым түсіреміз" деді Мұхтаров.
Бүгін, 20 наурызда Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірі Мұхтар Тайжан да баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді.
"Дауыс санау процесі заңсыз болды. Заң бойынша, бақылаушылар 1,5 метрге дейін жақындауға құқылы, бірақ оларды жолатпады. Бюллетеньдегі белгілерді көретін мүмкіндігі болмады. Олар көрейінші дегенде полиция шақырды. Осы үшін арыз бердік" деді Тайжан баспасөз мәслихатында.
19 наурызда Тайжан мен тағы бір жеке кандидат Санжар Боқаев сайлауды заңсыз деп тануды талап етіп, Алматыдағы әкімшілік сотқа шағым түсірген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елде 19 наурызда өткен кезектен тыс сайлауда сайлаушылардың 54,19 пайызы дауыс берген. Яғни сайлауға құқығы бар 12 миллион адамның 6,5 миллионы дауыс берген.
Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні заң бұзу фактілері тіркелгенін мәлімдеген. Олар учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері байқаушылардың жүріп-тұруын шектегенін, оларға видео түсіруге тыйым салғанын, кейбір сайлау учакесінде бақылаушыларды дауыс беретін орын көрінбейтін жерге отырғызып қойғанын мәлімдеді. Бақылаушылар мен телеграм-арналар бюллетеньді топтап салу, "карусель" әдісімен дауыс беру сияқты іс-әрекет түсіп қалған видеолар жариялап жатыр
ОСК тәуелсіз бақылаушылар айтқан фактілерге қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
19 наурызда түнде мәжіліс сайлауының экзит-полл нәтижесі жарияланып, онда биліктегі "Аманат" партиясы 50 пайыздан аса дауыспен алда келеді.
Экзит-полл дайындаған үш ұйымның да нәтижелері бір-біріне өте ұқсас. Үшеуінде де "Аманат" сайлаушылардың жартысынан астамынан "қолдау тапқан". Екінші орында бұрын парламентке енбей келген "Ауыл" партиясы тұр. Сайлау қарсаңында ғана құрылған "Республика" партиясы өзін "парламенттегі оппозиция" деп атайтын "Ақ жолмен" кейде тең түскен, кейде одан асып кеткен.
Қазақстан халық партиясы да парламентке өтуі мүмкін. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның нәтижесі 5 пайыздық меженің ар жақ-бер жағында. Екі экзит-полл ЖСДП мәжіліске өтті десе, біреуі бұл партия межеге сәл жетпей қалғанын көрсетті.
ОСК сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы 20 наурызда жарияланатынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР