Accessibility links

Алматыда "жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы заңның орындалмауына қарсы митинг өтті


Митинг в Алматы против жестокого обращения с животными». 14 мая 2023 года
Митинг в Алматы против жестокого обращения с животными». 14 мая 2023 года

14 мамырда Алматыда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңның орындалмауына қарсы құқық қорғаушылар рұқсат етілген митинг өткізді. "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы алаңда болған шараға шамамен 400 адам жиналды. Кей тұрғындар шараға үй жануарларын әкелді. Әдетте митингілерді бақылайтын әкімдік пен полиция өкілдері бұл жолы шарада көрінбеді.

Митингіні ұйымдастырушы, Kare жануарларды қорғау қорының жетекшісі Юлия Коваленконың айтуынша, шенеуніктер президенттің сөзін дұрыс түсіндірмей, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңды орындамайды.

"Президент "үйсіз қалған жануарларға шара қолдану" керектігін айтты. Менің түсінуімше, ол заң аясында жұмыс істеңдер деп айтып отыр. Жануарлардың мәселелерін шешуі тиіс заң аясында жүзеге асырылатын шаралар бар. Шенеуніктердің оны өзінше түсініп, заңды бұрмалауы бұл қылмыстық жауапкершілік. Неге оларды жауапқа тартпайды? Жануарларды әлі атып жүрген адамдар неге жазасыз қалады? Мұнда оны айғайлап айту керек" деді Коваленко.

Оның пікірінше, шенеуніктер заңды саналы түрде бұзады.

"Оларға жануарлардың көп болғаны тиімді. Үйсіз жануарларды аулауға бөлінетін қаржы көлемі олардың санына байланысты. Жануар көп болған сайын бюджет те молая түседі. Үнемі осылай болған. Ал біз жануарларды [залалсыздандыру арқылы] олардың санын қысқарту қажет деп отырмыз" деді жануарлар құқығын қорғаушы.

Митинг бір сағаттан астам уақытқа созылды. Онда "Заң жұмыс істеуі тиіс, жануарларды атқандар түрмеде отыруы керек!", "Жануарларды аулауды тоқтатыңдар!", "Қазақстанда қатігездікке жол жоқ!", "Ит - жеті қазынаның бірі", "Жемқорлыққа жол жоқ!", "Жануарларды өлтіруді тоқтатыңдар!" деген ұрандар айтылды.

Митингіде спикерлер өзге жайттармен қатар төмендегі мәселелерді қозғады:

  • Жануарларды қатыгездікпен өлтіру;
  • Үй жануарларын ұстаудағы жауапсыздық
  • Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңның орындалуын бақылағысы келетін ұйымдарға, белсенділерге кедергі келтіру;
  • Полицияның жануарларға қатігездік көрсету істеріне реакция танытпауы;
  • Жануарлардың адамға шабуылдауы туралы мәселедегі жалған айыптаулар;

Құқық қорғаушылар биліктен сонымен бірге жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі бойынша оқу орындарында таныстыру бағдарламасын жүргізуді, ақпарат құралдары мен билборд, плакат ілу арқылы мәлімет беруді талап етті.

Сәуір айының ортасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста "үйсіз қалған иттер мәселесін" шешуге үндеген. Ол сол кезде "барлық облыстан үйсіз иттерге қатысты шағым түсіп жатқанын және биліктің заңды алға тартып онымен айналыспай отырғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG