Accessibility links

Абай облысындағы орман өрті: Семейде төтенше жағдай жарияланды. Үш орманшы қаза болған


Абай облысындағы орман өрті. 8 маусым 2023 жыл. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.
Абай облысындағы орман өрті. 8 маусым 2023 жыл. Төтенше жағдай министрлігі таратқан сурет.

Мыңдаған гектар орман өртеніп жатқан Қазақстанның шығысындағы Абай облысы Бородулиха ауданында ахуал қиындады, деп хабарлады жергілікті әкімдік. Ауа райының қолайсыздығы мен географиялық жағдай да ахуалды күрделендірген. Байланыс үзілген 14 орманшының үшеуі қаза болған.

"Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы өртке байланысты Семей қаласында төтенше жағдай енгізілген.

"Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай әлі де сақталуда" деп жазылған облыс әкімдігі таратқан хабарламада.

Байланыс үзілген 14 орманшының үшеуі қаза болған. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Үкімет пен Абай облысы әкімдігіне қаза болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету тапсырылған.

9 маусым сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Табиғи апат орнына Астана қаласы мен Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 133 адамы мен 48 техникасы, сонымен бірге төрт тікұшақ қосымша жіберілетіні хабарланды.

Әзірге өрттің қанша аумаққа жайылғаны айтылмайды. 9 маусым түсте өрт аумағы 30 мың гектарға жеткені хабарланған.

Абай облысындағы табиғи өртке байланысты жедел желі ашылып, төтенше жағдай министрлігі және төтенше жағдай департаменті психологтарының жұмысы ұйымдастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG