Accessibility links

ҚМГ "Өзенмұнайгаз" бен оның мердігер компанияларын тексеріп біткенін хабарлады


"Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдында наразылық жасап тұрған мұнайшылар. Жаңаөзен, 28 сәуір 2023 жыл.
"Өзенмұнайгаз" кеңсесі алдында наразылық жасап тұрған мұнайшылар. Жаңаөзен, 28 сәуір 2023 жыл.

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" бен оның мердігер компанияларына жүргізілген тексеріс нәтижесі жарияланды. Бұл жөнінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Компанияның хабарлауынша, тексеріс нәтижесінде "118 заңсыздық пен сәйкессіздік" анықталған, алдын ала болжам бойынша 47 млн теңге көлемінде шығын келген.

  • 7 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілген;
  • 10 факт бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр;
  • 101 факт бойынша жауапты тұлғаларға тәртіптік айыппұл салынады, деді ҚМГ.

ҚМГ-ның хабарлауынша, құқық қорғау органдарына берілген фактілер арасында жұмысшыларды "өтірік жалдау", жұмысқа қабылдау алгоритмін бұзу, сатып алудағы олқылықтар және өзге жайттар бар.

"ӨМГ-ның өтірік сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. ӨМГ-ға келтірілген алдын ала шығын көлемі 47 млн теңге шамасында екені анықталды. 2022-2023 жылдары ӨМГ және "БерӘлі Маңғыстау company" арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде 311 бригада-сағатқа (27,8 млн теңге) артық істегені, сонымен бірге 69 млн теңге көлемінде жұмыс орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленді" деп жазылған компания хабарламасында.

Бұған қоса, ҚМГ "Өзенмұнайгазға" жұмысқа орналастыру алгоритмінің бұзылу фактісіне де мысал келтіреді.

"Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылдану амалы ретінде пайдаланған" деді ҚМГ өкілдері.

ҚМГ-ның айтуынша, сатып алудағы "олқылықтар да" жетіп артылады.

"Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ға орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды, яғни тауар ұсыныстарының 42% бойынша келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыс бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды" деп жазылған компания хабарламасында.

Ұлттық компания "кемшіліктерді жою жоспары әзірленіп жатқанын", алдағы бірнеше жылда соған сәйкес жұмыстар атқарылатынын хабарлады.

Тексеріске жұмыссыз қалған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы мұнайшыларының наразылығы себеп болған. Сәуірдің ортасында олар жұмыс беруді талап етіп Астанаға барды. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды ертесінде полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен.

Мұнайшылардың наразылығынан кейін келіссөз басталып, екі айға созылды. ҚМГ арнайы комиссия құрып, ӨМГ мен мердігер мекемелерді тексере бастағанын хабарлаған. Ізінше "Өзенмұнайгаз" компаниясының бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаевтың ұсталғаны, "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компанияларының өзге де лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған еді.

"БерӘлі Маңғыстау Company" бұрынғы жұмысшылары жуырда ғана талаптарының 90 пайызға орындалғанын айтып, 20 маусымнан бастап "Мөлдір мұнай сервис" компаниясына жұмыс істей бастайтынын хабарлаған. Әзірге мұнайшылардың өздері ақпаратқа түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG