Accessibility links

"Полиция қызмет өкілетін асыра пайдаланды". Талдықорғандағы журналист ісінің жай-жапсары


Журналист Сандуғаш Дүйсенова. Бішкек, Қырғызстан, 22 шілде, 2022 жыл.
Журналист Сандуғаш Дүйсенова. Бішкек, Қырғызстан, 22 шілде, 2022 жыл.

Талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс басталмай жатып тоқтады. Бұл іс желіде наразылық туғызып, журналистік ұйымдар тілшіге араша түсті. Журналиске не үшін айып тағылды? Сотталушы азаматтың ЖСН дерегін жариялады деген күдікке ілінген оны неге "он ер адамнан тұратын" топ шешіндіріп, видеоға түсірген? Бұл елдегі сөз еркіндігінің ахуалынан хабар бере ме?

СОТТАЛҒАН АДАМНЫҢ АРЫЗЫ, ПОЛИЦИЯНЫҢ ТІНТУІ

55 жастағы журналист Сандуғаш Дүйсенованы 11 тамызда сағат 17:00-ге Талдықорған қалалық полициясы шақырған. Оны полиция басқармасында тергеп, тінтіп, бірнеше сағаттан соң, ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып, босатқан.

12 тамызда Жетісу облысының полициясы журналистің "Жеке өмiрге қол сұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша қылмыстық істе қатысушы екенін ғана хабарлады. Құзырлы орган істі қозғауға қандай негіз болғанын түсіндірген жоқ.

Журналистің айтуынша, былтыр "ауылдасын өлтірді" деген айыппен сотталып, қазір түрмеде отырған А.К. Ақжалбеков есімді азамат оның үстінен арыз жазған. Дүйсенова арызданған тұтқынның жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) жариялап жібергенін, бірақ оны байқаусызда істегенін айтады.

– Осыдан 1,5 жыл бұрын қасақана кісі өлтіріп, қашып жүрген адам туралы Instagram парақшамда жазғанмын. "Бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар" деген сарында пост салғанмын. Менің бар айыбым – сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым. Негізі ол жазбаны полицияға көмек болсын деп жазған едім, – деді Дүйсенова Азаттыққа.

Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наразы жұрт құлатқан ескерткішінен қалған тұғыр. 12 қаңтар, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наразы жұрт құлатқан ескерткішінен қалған тұғыр. 12 қаңтар, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Журналистің сөзінше, ол үстінен жазылған арызбен танысқан соң айыпты бірден мойындаған. Бірақ соған қарамастан полиция оны тінтуге кіріскен. Тінту кезінде Дүйсенованы тыр жалаңаш шешіндіріп, бейнекамераға түсірген. Журналист полицияның бұл әрекетінен қатты қорланғанын айтады.

– Полиция айтқанының бәрін істедім. Бірақ олар өз қызмет өкілетін асыра пайдаланды деп ойлаймын. Ол жайттың (кісі өлтірді деген күдікке ілінген адамның жеке дерегін жариялау – ред.) өткеніне бір жарым жыл болды. Полициядағылар қолымда сол іске қатысты қағаз, құжат жоғын біле тұра мені жалаңаш шешіндірді. Әйел адамдар келіп сипап тексерсе де болар еді. Бірақ олай істемеді. Олар менің құқығымды таптап, ар-намысыма тигісі келді деп ойлаймын, – дейді Дүйсенова.

Журналистер мен қоғам белсенділері де полиция әрекетін өткір сынады. Кейбір белсенді "бір адамның дерегін байқаусызда жариялап жібергені үшін шешіндіріп тінту ақылға қонбайды" деп жазды.

Ал Жетісу облысының полициясы Сандуғаш Дүйсенованы тінтуге сот санкция бергенін, заң бойынша тінту сәтін бейнекамераға түсіруге міндетті екенін хабарлады.

"МҰНЫ ТАПСЫРЫС ДЕП БІЛЕМІН"

15 тамызда түстен кейін Жетісу облысының прокуратурасы журналиске қатысты қозғалған қылмыстық іс доғарылғанын хабарлады. Прокуратура таратқан ақпаратқа қарағанда, істің тоқтатылуына тергеу органдарының заңда көрсетілген тергеу мерзімінде жәбірленушіге (Дүйсенованың үстінен арызданушы – ред.) елеулі зиян келгенін растайтын жеткілікті деректі анықтай алмағаны себеп.

Прокуратураның ақпаратына қарағанда, Сандуғаш Дүйсенованы 14 тамызда Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев қабылдаған. Дүйсенованың айтуынша, ол прокурормен "келешектегі серіктестік" жөнінде сөйлескен. Бірақ ол қандай серіктестік екенін ашып айтпады.

Талдықорған қаласында тұратын журналист Сандуғаш Дүйсенова. Фотоны Азаттыққа Сандуғаш Дүйсенова берген.
Талдықорған қаласында тұратын журналист Сандуғаш Дүйсенова. Фотоны Азаттыққа Сандуғаш Дүйсенова берген.

Дүйсенова өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі "тапсырыс" деп есептейді. Мұның артында Жетісу облысының әкімі тұрған болуы мүмкін деп болжайды.

– Осының бәрі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырысы деп ойлаймын. Өйткені ол әкім болып келгелі мен журналист ретінде жиналысқа шақырылмайтын болдым. Кейінгі кезде Жетісу облысы бойынша көп мақала жарияладым. Олар біздің облыстағы шенеуніктердің өз жұмысын тыңғылықты орындамайтыны жөнінде еді. Осының бәрі әсер етті деп ойлаймын, – дейді Дүйсенова.

Ол 15 тамыз күні Youtube желісіндегі Orda News арнасына берген сұхбатында да "өзін қудалауға тапсырыс берген адам" ретінде облыс әкімі Исабаевты атаған. Жетісу облысының әкімдігі де, әкім Бейбіт Исабаев та Дүйсенованың бұл сөзіне қатысты әлі жария реакция білдірген жоқ.

ЖУРНАЛИСКЕ АРАША

Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны туралы алғашқы ақпарат 11 тамыз күні түстен кейін әлеуметтік желіде тарай бастады. Желіде журналиске қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, киімсіз тінтіген полцияға шара қолдануды талап еткендер көптеп байқалды.

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры журналисті тінту мен оның үстінен қозғалған қылмыстық істің қаншалық заңды екенін тексеру жөнінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

"Әділ сөздің" жазуынша, Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс те, оны тінтудің заңдылығы да күмән туғызған.

"Журналистің сөзіне қарағанда, оны тінтіген бөлмеге полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылатын видеокамера орнатылған. Журналисті толық шешінуге мәжбүрлеген, он ер адамнан тұратын жедел басқару орталығындағы барлық қызметкердің көруіне мүмкіндік болған. Қазақстан Конституциясының 17-бабы бойынша, адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды" деп мәлімдеді "Әділ сөз" ұйымы.

55 жастағы журналист Сандуғаш Дүйсенова – бұрынғы Алматы, қазіргі Жетісу облысында танымал журналист. Ол осы өңірде ондаған жылдан бері жұмыс істейді. Республикалық түрлі басылымға облыстағы проблемалар жөнінде мақала жазады. Бұдан бөлек, ол әлеуметтік желідегі парақшаларында да өңірдегі түрлі мәселені көтеріп отырады. Оның Instagram парағында 50 300 жазылушы бар.

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласында жаппай наразылыққа шыққан жұрт тұғырынан құлатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің жоғарғы бөлігі жерде жатыр. 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.
Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қаласында жаппай наразылыққа шыққан жұрт тұғырынан құлатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің жоғарғы бөлігі жерде жатыр. 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.

Дүйсенова былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда құлатылған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің жерде жатқан бөлігін суретке түсіріп, жариялаған. Сол фотосуреті үшін ол MediaCAMP Award 2022 халықаралық байқауының жүлдесін жеңіп алды.

Сандуғаш Дүйсенова жұртшылыққа журналист қана емес, саяси белсенді ретінде де танымал. Ол былтыр қарашада өткен президент сайлауы қарсаңында "Ақ жол" партиясының съезінде осы ұйымнан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде өзін ұсынған. Бірақ партия съезінде Дүйсеновадан өзге тағы да үш адамның кандидатурасы қаралып, төраға Азат Перуашевтың бастамасымен "Ақ жол" партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандиатурасын қолдаған.

Журналисті билік аңдып жүр ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Осыдан кейін оның жеңіл көлігіне әлдекімдер телефон чипі бар GPS құралын орнатып кеткені айтылды. Журналист сол кезде мұны "саяси тапсырыс" деп атаған еді.

Дүйсенова биыл наурызда өткен парламент сайлауында да бір мандаттық окургтен мәжіліс депутаттығына түсіп, жеңіліп қалды. Ол сайлау кезінде "дауыс ұрлау" фактілері болғанын айтып, Орталық сайлау комиссиясы шығарған нәтижеге қарсылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG