Accessibility links

Шекарадағы ұзақ-сонар кезек: Қырғыз тарабы Қазақстанды айыптады


Қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ тілек" өткізу пункті. 22 тамыз, 2023 жыл
Қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ тілек" өткізу пункті. 22 тамыз, 2023 жыл

Қырғыз шекарасында Қазақстанға өте алмаған көліктердің ұзақ-сонар кезегі әлі тұр. Жолда қаңтарылған көлік жүргізушілерінің айтуынша, машина саны азаймаған. Қазақстан "ешқандай шектеу жоқ" дейді. Ал Қырғызстанның ресми тұлғалары көлік кептелісіне Астананы кінәлады.

Қырғызстан шекара қызметінің өкілі Сажир Чоколоевтың айтуынша, 25 тамыз, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша, шекарадағы ахуал өзгермеген. Оның сөзіне қарағанда, қырғыз-қазақ шекарасында тұрған жүк көліктерінің саны былтырғы жылдың осы кезімен салыстырғанда екі есе көп. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

"Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасында үлкен жүк көліктерінің ұзын кезегі байқалады. "Ақ Тілек" өткізу пунктінде – 353, "Чалдыбар" пунктінде – 88, "Кен-Булун" пунктінде – 38, ал "Чонг-Булун" бекетінде 88 машина тұр. "Қапқа" автокөлік өткізу пунктінде 82 көлік тұр. Қырғыз тарапында ешқандай шектеу жоқ, шекарашылар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр" деді ол.

Шекарада тұрған жүргізушілердің бірі Тілек Дуйшеевтың айтуынша, кезекте тұрған үлкен жүк көлігінің саны 200-ден асқан, оған себеп – Қазақстан көліктерді өте баяу өткізіп жатыр.

"Қазір алдымда 200 машина тұр, артыма тағы 50-і келді. Таң азанда келгенмін, қазір сағат 14:00 болды, осы аралықта шекарада ары кетсе 20 машина өтті" дейді ол.

ҰМЫС ТОБЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ӨТЕ АЛМАДЫ"

24 тамызда Қырғызстан мемлекеттік мекемелері мен Еуразия экономикалық комиссиясының өкілдері қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ тілек" өткізу пунктіне барып, жағдаймен танысты.

Қырғыз жағының талабы бойынша Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК) аясында шекарадағы жағдайды реттеу бойынша жұмыс тобы құрылды, оны ЕЭК-тің энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүшесі (министрі) Арзыбек Қожошев басқарды.

"ЕЭК делегациясы келді деген хабардан соң жағдай біршама жақсарғанын байқадық. Қазір сағатына 10 машинадан өтіп жатыр. Қазақстанда көліктерді ұстап, баяу өткізіп жатуының нақты себебі белгісіз. Қазақстанның бұл әрекеті одақтағы (Еуразия экономикалық одағы – ред.) келісімдерге сай келмейді" еді Қырғызстанның экономика және сауда министрінің орынбасары Назарбек Малаев.

Дегенмен қазақ шекарашылары ЕЭК жұмысшы тобын Қазақстанға өткізбеген.

ЕЭК-тің алқа өкілі (министр) Арзыбек Қожошев ресми өтінішіне жауап күтіп отырғанын, Қазақстан рұқсат берсе, ол жақтағы ахуалмен танысатынын айтты. Ол 29 тамызда өтетін ЕЭК кеңесінде бұл мәселе талқыланатынын ескертті. Қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдайды ол "жақсы емес" деп сипаттады.

"ЕЭО-НЫҢ НЕГІЗГІ ПРИНЦИПТЕРІНІҢ БІРІ БҰЗЫЛДЫ"

Қырғызстан экономика және сауда министрінің орынбасары Назарбек Малаев шекарадағы "Ақ тілек", "Кең-Булун" және "Чалдыбар" бекеттеріндегі кезек 20 тамыздан бері байқалғанын айтты.

Осы министрлік мәліметі бойынша, қазақ тарабы шекарадағы тексеруді күшейткеннен кейін шекарада автокөлік өткізу баяулап, кезек күткендер көбейген.

"Бұл арқылы қазақ тарабы Еуразия экономикалық одағының негізгі прнинциптерінің бірін бұзып, еркін тауар жеткізуді шектеп отыр. Бұл қалыпты әдетке айналып барады. Қазақ тарабы Қырғызстаннан бара жатқан автокөліктерді бөгеудің түрлі жолдарын ойлап табады" делінген ресми мәлімдемеде.

Қырғыз жағының айтуынша, бұл жағдай Қырғызстан саудагерлерін көп шығынға ұшыратып жатыр. Жүк арасында тез бұзылатын азық-түлік көп, оның үстіне бизнесмендер серіктестерінің алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындай алмай жатыр.

"ЕСІРТКІ ТЕКСЕРУ ОПЕРАЦИЯСЫ"

Қазақстан бұл мәлімдемеге қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Арменияның Цахкадзор қаласында өткен Еуразия үкіметаралық кеңесінің кезектен тыс жиынында Еуразия экономикалық одағында тауар жеткізуге қойылатын тосқауылды жою мәселесін көтерді. Бұл жиынға Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысып жатыр. Екі елдің үкімет басшылары шекарадағы ахуал мәселесін талқылады ма, жоқ па, ол туралы хабарланған жоқ.

Әлихан Смайылов осы жиында "Еуразия экономикалық одағының әлеуеті артып келе жатқанын" айтты және халық Еуразиядағы интеграцияның "нақты пайдасын сезінуі тиіс" деді.

Қазақстан мен Қырғызстан – экономикалық және кедендік интеграцияны дамыту мақсатында құрылған Еуразия экономикалық одағының мүшелері. Бұлардан қоса одақ құрамында Ресей, Армения мен Беларусь бар.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері кептелген 22 тамызда мәлімдеме жасап, шекарада ешқандай шектеу енгізілген жоқ деген. Қазақстанның шекара қызметі шекара маңында және өткізу бекеттерінде заңға қайшы әрекеттерді болдырмас үшін кешенді шара жүріп жатқанын айтқан.

Қазақстан қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "есірткі тексеру операциясы аясында шекара қызметі мен ҰҚК қатаң тексеріс жүргізіп жатқанын" мәлімдеген.

 Қазақ-қырғыз шекарасында көліктер кептеліп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG