Accessibility links

Бішкек Украинаға қарсы соғысқан өз азаматын соттады. Ресей мұны қастық деп, қысым көрсетіп отыр


Қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлының осы селфиі Украинаның Ресей басып алған Луганск облысында түсірілген болуы мүмкін.
Қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлының осы селфиі Украинаның Ресей басып алған Луганск облысында түсірілген болуы мүмкін.

Қырғызстан құзыретті органдары Асқар Құбанышбекұлы есімді азаматты қамауға алған соң, елдің ұлттық қауіпсіздік комитеті оның бір суретін жариялады. Кепка киіп, әскери формада тұрған Құбанышбекұлы селфиге түскен. Қасында "тельняшка" дейтін ақ-көк жолақты жейде киген ер адам тұр.

Бұл фото Украинаның Ресей оккупациялаған Луганск облысында түсірілген болуы мүмкін. 2022 жылы жазда қырғыз азаматы Ресей әскеріне қосылып, Украинаға соғысқа баруға келіскен.

Қазір Асқар Құбанышбекұлы майданнан алыста. Бөтен елде соғысқа қатысқаны үшін өз елінде жалдамалық бабымен 10 жылға сотталып, Бішкектегі түзету мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатыр.

Ресейдің өкілетті тұлғалары сот шешіміне қарсы шығып, Құбанышбекұлына өткен датамен азаматтық беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Мәскеу Орталық Азиядағы серіктесіне қысым жасап, Ресей жағында соғысқан азаматты босатып алуға тырысып жатыр.

Ресейдегі мигранттар құқығы бойынша сарапшы Валентина Чупик 31 жастағы қырғыз азаматының ісі маңызды екенін айтады. Өйткені ол – Орталық Азия азаматтары ішінде Ресей Украинаға басып кіргелі басқыншы жағында соғысқаны үшін "тиісті жаза алған" алғашқы адам дейді сарапшы.

Чупик Қырғызстан билігі Асқарды босатып жіберсе, бұл кері прецедент қалыптастырады дейді.

– Қырғызстанның сот-тергеу жүйесіне қауіп төніп тұр. Қырғызстан билігі Ресейдің айтқанынан шыға алмаса, өз беделіне нұқсан келтіреді, – дейді ол.

ҚЫСЫМ ЖАСАУ МЕХАНИЗМДЕРІ

Жақындары Асқардың соғысқа қатысқанын жоққа шығарады. Бұрын киностудияда техникалық қызметкер болып істеген ол сотқа майданда болғанын айтқан.

Мамырда Асқар әкесінің денсаулығына байланысты елге оралған. Көп ұзамай қолға түсіп, сотқа тартылған. Үкім оқылған кезде Асқар Қырғызстан азаматы еді.

Ресей билігі жариялаған әскери мобилизация кезінде Орталық Азиядан барған мигранттарға салмақ түсті.
Ресей билігі жариялаған әскери мобилизация кезінде Орталық Азиядан барған мигранттарға салмақ түсті.

Ресей президенті жанындағы адам құқықтары және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кирилл Кабанов 21 шілдеде телеграм-арнасында Құбанышбекұлының қиын жағдайда екенін мәлімдеді. Кабанов Ресейдің сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарынан тұтқындағы қырғыз азаматына төлқұжат беріп, Қырғызстан билігінен оны Ресейге тапсыруды талап етейік деп сұрағанын жеткізді.

– Қырғызстан өтінішімізді орындамаса, Мәскеу қысым көрсетудің қолда бар механизмдерінің бәрін пайдалануы керек, – деді ол.

Ресей президенті жанындағы адам құқықтары және азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі кеңес – атқарушы орган емес. Бірақт содан бері Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова 2 тамызда Құбанышбекұлының мәселесі қарастырылып жатқанын растады.

Қырғызстан билігі ресейлік өкілетті тұлғалардың сөзіне жауап бермеді.

Орталық Азиядан шыққан мигранттар былтыр қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин жариялаған ішінара мобилизацияның негізгі күшіне айналған.

Дәл сол кезде Мемлекеттік дума "Ресей Қарулы күштерінде бір жыл қызмет еткен шетел азаматтарына азаматтық алу жеңілдейді" деген заң жобасын қабылдады.

Азаматтарының көбі Ресейде жұмыс істеп жүрген Орталық Азия мемлекеттері бұған қарсы шығып, соғысқа қатысты бейтарап позицияда қалды.

Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан өз азаматтарына шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Қырғызстан мен Өзбекстан бұл үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін атап өтті.

АЗАМАТТЫҚ ҮШІН СОҒЫСУ

Ресей шенділерінің аталған мәлімдемелері Асқар майданға кеткеннен кейін жасалды. Сотта айыпталушы соғысқа Ресей азаматтығын алу үшін қатысқанын айтты. Ол он жылдан бері Ресейде тұрып, ресейлік ситкомдардың түсірілімінде техникалық қызметкер болып істеген. Әріптесімен бірге жеке кәсіп те ашып көрген.

Асқардың ағасы Апсамат мамырда ресейлік RT арнасына берген сұхбатында "Інім әскерге досына еріп кеткен. Адвокатының кеңесімен сотта Ресей төлқұжатын алғым келді деп айтты" деді.

Өткен айда Асқардың әкесі Азаттыққа "ұлымның соғыста жүргенін білмедім" деді. Бірақ RT арнасының 19 шілдеде тергеу изоляторынан жариялаған видеосында Құбанышбекұлы мұны жоққа шығарған.

Ол атасы да Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде фашистерге қарсы күрескенін, сондықтан әкесі батасын беріп, соғысқа шығарып салғанын айтады. Асқар өз сөзінде Украинаны фашистік Германияға теңеген ресейлік пропаганданы қайталайды.

Орталық Азиядан соғысқа барған азаматтардың көбі майданның алдыңғы шебіне жіберілген. Соғыста қаза тапқан немесе тұтқынға түскен мигранттар туралы ақпарат көп. Асқар Луганскіде логистикалық қызметпен айналысқанын айтады.

RT репортажында Асқардың әскери жаттығуда жүргенде граната лақтырып, мылтықтан оқ атып жүрген кезінен кадрлер берілген.

RT журналистері ресейлік саясаткерлерді Асқарды босатуға атсалысуға шақырған. Олар тұтқынның "Ресей жеңілмейді, ерте ме, кеш пе, бұл соғысты жеңіп шығамыз" деген сөзін келтіреді.

Қырғыз азаматы сұхбатында "өзімді орыс санаймын" деген. Ол сондай-ақ түрмеден босаса, соғысқа оралатынын айтқан.

Сұхбаттың қашан және қалай алынғаны түсініксіз болды.

БЕЙТАРАП ПОЗИЦИЯДАН ШЫҒУ

Чупик азаматтық алу идеясы тартымды көрінгенімен, мигранттар арасында соғысқа баруға қызығушылық азайып келеді деп санайды. Түрмедегі тұтқындар әлі де мәжбүрлі түрде соғысқа тарту науқанына ілігіп жатыр. Басқаларды алдап, майданға шақыратын алаяқтар да көбейген.

Ресей билігінің Асқарды босатуға мүдделі болуы бекер емес. Ол шетелдіктер арасынан Украинадағы соғысқа кетіп, еліне аман-есен оралған аз адамның бірі. Осыған дейін Қазақстан 2014-2022 жылдар аралығында оккупацияланған Украина территориясында соғысып жүрген сепаратистік топтарға қосылған бірнеше азаматты түрмеге жапқан.

Ресей Қырғызстанға бұрыннан қысым көрсетіп келеді. Кейінгі кездері Кремль Қырғызстанның ішкі ісіне жиі араласа бастаған. Ресей сыртқы істер министрлігінің брифингтерінде Қырғызстан көп аталады.

Захарова Құбанышбекұлының мәселесін көтермей тұрып, Мәскеу Қырғызстан билігінің қырғыз тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлер қызметінен босайды деген мәлімдемесіне наразылық білдірген.

Өткен айда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қырғызстан президенті ұсынған жаңа заңды "демократияға қайшы", "дискриминацияға толы" деп бағалады. Президент Садыр Жапаров телеарнадан сөйлеп, заңды қорғауға мәжбүр болды.

Жапаров орыс тілінің мәртебесі Конституциямен қорғалады, жаңа заң оған әсер етпейді деп сендіруге тырысты.

Global Voices сайтының редакторы Нұрбек Бекмұрзаев бұл Ресей-Қырғызстан қарым-қатынасында колониалды көңіл-күй басым екенін көрсетеді дейді. Бекмұрзаевтың айтуынша, Құбанышбекұлына шығарылған қатаң үкім Мәскеудің шетелдіктерді соғысқа қолдану талпынысын азайтуы мүмкін.

– Кремль Құбанышбекұлының жауапқа тартылуын Бішкектің ту сыртынан пышақ ұруы деп қабылдады. Өйткені Қырғызстан осы арқылы Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап позициядан шығып кетті, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG