Accessibility links

"Өлген орысты жинау". Мәскеу Орталық Азия мигранттарын Украина жеріне қалай жіберіп жатыр?


Ресей басып алған Украина қаласы Мариупольдің түбіндегі Ескі Қырым ауылы. Трактор мінген жұмысшылар мәйіт тасып жүр. 2023 жылғы ақпан.
Ресей басып алған Украина қаласы Мариупольдің түбіндегі Ескі Қырым ауылы. Трактор мінген жұмысшылар мәйіт тасып жүр. 2023 жылғы ақпан.

Орталық Азиядан шыққан жүздеген мигрант Украинаның оккупацияланған аудандарында окоп қазып, мәйіт жинап, соғыс кезінде бүлінген ғимараттарды жөндеумен айналысады. Орталық Азия елдері өз азаматтарына Украинаға бармаңдар деп ескерткен, ал Киев оккупацияланған аймақта жұмыс істеп жүргендерді басқыншылардың сыбайласы көреді.

Урмат майданның алдыңғы шебінде жауынгерлер мәйітін жинайтын жұмысқа тұрған. Ресейлік компания оған еңбегі үшін күніне 120 доллар төлейді.

Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген қырғыз мигранты бұл жұмыс қауіпті екенін түсінеді, келісімшартқа қол қоймас бұрын осы қызметте жүрген басқа мигранттармен сөйлескен.

– Олар кейде оқ астында қалғанын, адам өлтіруге тура келгенін айтты. Мұндай жұмысқа басқа амалы қалмаған адамдар барады. Көбінің қарызы бар, – деді Урмат.

Ресей компаниялары Орталық Азиядан шыққан жүздеген мигрантты Украинаның оккупацияланған аудандарына жұмысқа алған. Орталық Азия елдері өз азаматтарын Украинаға жұмысқа бармауға шақырған. Киев жұмысшыларды оккупанттардың сыбайласы көретінін мәлімдеді.

Мигранттардың көбі Мариуполь сияқты соғыстан қираған қалаларда құрылыста жұмыс істейді. Басқалары окоп қазып, мәйіт жинаумен айналысады.

Орталық Азиядан шыққан бірнеше мигрант әйел Украинаның шығысындағы оккупацияланған аймақта әскери госпитальға, асхана мен фабрикаға жұмысқа шақырылған.

Ақша – мигранттар үшін басты мотивация.

Ресей басып алған украиналық қала Мариупольдегі үй қирандысында жұмыс істеп жатқан экскаватор. 9 қараша 2022 жыл.
Ресей басып алған украиналық қала Мариупольдегі үй қирандысында жұмыс істеп жатқан экскаватор. 9 қараша 2022 жыл.

Мысалы, Ресейдің қол астындағы аймақтарда құрылыста істейтін мигранттарға 2000-3300 доллар жалақы ұсынады. Бұл Ресейде табуға болатын ақшадан әлдеқайда көп.

Ресейдің әр өңірінде жалақы әртүрлі, бірақ 7 наурызда кей мигранттар Азаттықтың Қырғыз қызметіне 600-1200 доллар аралығында жалақы алатынын айтқан.

"УКРАИНАДАН ҚАЙТА АЛМАЙ ОТЫРМЫН"

Украинадағы жұмыс туралы жарнама телеграм-арналар мен әлеуметтік желілерге, әртүрлі сайттарға жарияланады. Тәжік азаматы Сорбон К.-ның айтуынша, мигранттар Украинада ақша табу мүмкіндігін жұмыс берушілер мен Орталық Азиядан келген әріптестерінен естіп біледі.

Сорбон Батыс Сібірдегі Сургут қаласында жол салумен айналысып, маусымдық жұмыста істеген. Оның айтуынша, бұл – жоғары білімі жоқ адамдарға арналған жалақысы көп жұмыстың бірі.

– Орталық Азиядан шыққан, өзім танитын жұмысшылардың арасында Украинаға жұмысқа барғысы келіп жүргендер жоқ. Бірақ арасында біреудің танысы Украинаға кетіпті деген хабар алып тұрамын. Мариупольге жұмысқа кеткен тәжік азаматын білемін. Ол кейін туыстарын да қасына шақырып алды, – дейді Сорбон.

Жарнамаларда Украинадағы жұмыс қауіпсіз әрі жалақысы жоғары деп сипатталады. Бірақ Украинаға кеткен ондаған жұмысшы уәде етілген жалақысын ала алмай отыр.

Украинадан кетпек болған жұмысшыларды шекара қызметкерлері Ресейге кіргізбей қойған.

25 ақпанда Украинадағы ресейлік компанияға жұмыс істеген қырғыз азаматы Азаттыққа шекарашылар өзін Ресейге кіргізбей, кері қайтарғанын айтқан.

Жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған азамат Украинаға 2022 жылы мамырда Ресей Мариупольді басып алған кезде қалаға жұмысқа шақырылған 400 жұмысшымен бірге (арасында 20 қырғыз азаматы бар) барған.

"Ресейлік құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырып, Мариупольге келдім. Бұл жақта сегіз айдан бері жұмыс істеп жатырмын. 24 ақпанда Украинадан кетпек болдым. Бірақ ресейлік шекарашылар мені Ресейге кіргізбей қойды. Олар аты-жөнім қара тізімде екенін айтты. Қара тізімге не үшін ілінгенімді білмеймін", - деді ол.

Азаттық бұл азаматтың сөзін тексере алмайды. Мәскеудегі қырғыз дипломаттары жағдайды тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Соғысқа дейін ондаған жыл бойы жұмыссыздық жайлаған Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның миллиондаған азаматы нәпақа табуға Ресейге баратын.

"АДАМГЕРШІЛІКТІ ОЙЛАП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ"

Жұмыс беруші компаниялар Ресей түрмелерінде отырған орталықазиялық әйелдерге де хабарласып, "жазадан босатып, жалақы төлейміз" деп, Украинаға шақырып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласының тұрғыны Тілекмат атаның 31 жастағы қызы есірткі саудалады деген айыппен Ресейде алты жылға сотталған.

Ол медбике қызын Украинаға соғысқа тартып жатыр деп алаңдайды. Жақында қызы медициналық колледж бітіргенін растайтын дипломын жіберуді сұраған.

"Ешқандай құжат жібермеймін. Айына 1200 доллар төлейміз депті. Ресейліктер түрмеде отырған медбикелерді майданға жұмысқа баруға үгіттеп жатқан көрінеді", - дейді Тілекмат ата.

Ол қызы Украинаға бармай, түрмедегі жазасын өтеп шыққанын қалайды.

Бұрын Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысында математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Хосият Сафарматова кейінгі 10 жылдың көп бөлігін Ресейдің Түмен облысында өткізген. Орталық Азиядан келген ондаған мың мигрант осында жұмыс істейді.

Хосият Ресей басып алған аудандарда жұмыс істеген немесе күнкөріс қамымен Украинаға кетуді ойлаған бірнеше тәжік және өзбек азаматын таниды.

– Олардың көбі Украинаға жұмысқа барған дұрыс па, жоқ па деп ойланбайды. Бұл – олар үшін кезекті жұмыс қана, – дейді Хосият.

Ресейдің көп азаматы сияқты мигранттар да Мәскеудің соғыс туралы риторикасына сенеді және қазіргі жағдайға Украина мен Батыс елдерін кінәлайды.

– Кей адамдар Украинаға барғысы келді, бірақ кейін айнып қалды, бұл ісім адамгершілікке қайшы деп ойлағаннан емес, басыма бәле болып жүре ме деп қорыққаннан, – дейді ол.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG