Accessibility links

Мариупольді қалпына келтіруге жіберілген тәжік мигранттары алданып қалғанын айтты


Ресей басқыншылығының салдарынан қираған Мариуполь.
Ресей басқыншылығының салдарынан қираған Мариуполь.

Украинаның Ресей басып алған Мариуполь қаласын қалпына келтіру үшін жіберілген тәжік мигранттары уәде етілген жалақыны ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Тәжіктердің көбі қираған қалада қазан-қараша айларынан бері жұмыс істеп жатыр.

Былтыр жаздан бері бірнеше ресейлік құрылыс компаниясы тәжік мигранттарына Мариупольді қалпына келтіруге көмектесуді ұсынып, жақсы жалақы ұсынған.

Сафарали есімді тәжік мигранттарының бірі шамамен 300 адам уәде етілген жалақыны ала алмай отырғанын айтты.

"Жұмыс берушілер айына 120 мың рубльге дейін төлеуге уәде берген. Алғашқы айларда бізге уәде етілген соманың жартысына жуығын ғана берді" деді ол.

Былтыр желтоқсанда да Мариупольдегі тәжік мигранттары жалақысының жартысын ғана ала алғанын айтқан.

Украинаның Мариуполь қаласын орыс әскері былтыр мамырда басып алған. Украина билігі қаланың 95 пайызы қирағанын айтқан. Қазір Ресей билігі Мариуполь қаласын қалпына келтіруге тырысып жатыр және оған еңбек мигранттарын да тартып отыр.

Тәжікстан билігі өз азаматтарына Украинаның қауіпті аймақтарына бармауға кеңес берген. Киевтің айтуынша, мигранттар Мариупольде заңсыз жұмыс істеп жатыр және егер олар тұтқынға түссе, Украина мен халықаралық заңға сәйкес жазаланады.

Өткен айда Украинаның Запорожье облысында орыс әскері үшін окоп қазған тәжік мигранттары жалақы ала алмай отырғанын айтып, Ресей полициясына шағымданған.

Былтыр ресейлік компаниялар орыс әскері басып алған жерлерде окоп немесе өзге де әскери нысандар салу үшін Орталық Азияның өзге елдерінің де азаматтарын жұмысқа тартқан.

Украинаның Мариуполь қаласы 2022 жылғы көктемнен бері Ресей әскерінің бақылауында. Ресей басқыншылығы салдарынан ондаған мың адам опат болған.

XS
SM
MD
LG