Қырғызстан электр энергиясы тапшылығынан Нарын өзенінің бойына су электр станциясын салу жобасы қайта қолға алды. Бішкек бұл жобаың құрылысына Қытай компанияларын таңдаған.
Қырғызстан энергетика тапшылығымен күресіп жатыр. 1 тамызда ел үкіметі аталған салада үш жылға төтенше жағдай жариялады.
Қырғызстан энергетикалық қуатын арттыру үшін Нарын өзенінің бойына су электр станцияларын салу жобасын қарастыра бастады. 27 шілдеде Бішкек Қытай компанияларымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, инвестициялық келісім жасасты.
Жақында ғана қол қойылған "Казарман" жобасы туралы ақпарат аз. Жобаға Жалалабад облысындағы бірнеше су электр станциясының құрылысы кіреді. Министрлер кабинетінің дерегінше, жоба құны 2,4-3 миллиард долларды құрайды. Бұл – гидроэнергетика саласындағы ең ауқымды жобалардың бірі.
– Бұл – Қырғызстан тарихындағы ең үлкен инвестициялық келісім. Президенттің бақылауымен дәл осындай ауқымдағы ондаған жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр, – деді министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров 27 шілдеде өткен құжаттарға қол қою рәсімінде.
PowerChina Northwest Engineering Corporation, Green Gold Energy және China Railway 20 Bureau Group Corporation – Қытайдың гидроэлектростанция консорциумына кіретін компаниялар. Олар Қытайдың өзінде және әлемнің өзге елдерінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған.
China Railway 20 Bureau Group – әлемдегі ең құрылыс компанияларының бірі China Railway Construction Corporation корпорациясының еншілес компаниясы. Бұл корпорация кейінгі жылдары Орталық Азияда жасыл энергетика көздерін дамытумен айналысып жүр.
"Казарман" жобасынан бөлек, мамырда Сиань қаласында өткен Қытай-Орталық Азия саммитінде бұл корпорация Қырғызстан үкіметімен Ыстықкөлде күн энергетикасына негізделген жобаны жүзеге асыру туралы келісім жасасқан.
– Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін жылдық энергия өндірісінің 17 пайызын береді, – деді China Railway 20 Bureau Group компаниясының президенті Сун Ронгджун China Daily газетіне берген сұхбатында.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Жаңа жобалар Қырғызстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге көмектеседі. Ыстықкөлдегі күн электр станциясының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталуы керек. Ал "Казарман" жобасы ұзақмерзімге жоспарланған. Қырғызстан билігінің дерегінше, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, нысан 2030 жылға қарай іске қосылады. Энергетика министрлігі техникалық-экономикалық негіздеме 1 қыркүйекте басталып, 2024 жылы желтоқсанда дайын болады деді.
Қырғызстандағы Нарын өзенінің бойында бірнеше су электр станциясы бар. Су арнасының бойына жаңа станциялар салу жоспары көп жылдан бері айтылып келеді. Саясаткерлер Орталық Азияның күре тамыры – Сырдарияға құятын өзен суының әлеуетін толық пайдаланғысы келеді.
– Алдағы жылдары елдегі энергетика тапшылығын жойып, электр энергиясы экспортынан жүздеген миллион доллар табыс табамыз, – деді Жапаров.
БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Азиялық даму банкі жүргізген зерттеулер Қырғызстан қолда бар мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланса, Оңтүстік және Орталық Азияға, Қытайға электр энергиясын сата алатынын көрсетті.
Бірақ мұндай ірі жобаларды жүзеге асыруға қыруар қаржы керек. Қырғызстанда мемлекеттік жоспарлау жүйесі әлсіз, инфрақұрылымдық жобаларға қатысты дау көп. Сондықтан "Казарман" сияқты ірі жобалар кейінге қалып келді.
"Казарман" су электр станциясын салу идеясы алғаш рет 2013 жылы айтылды. Содан бері Түркия, Қазақстан мен Қытайдан бірнеше инвестормен келіссөздер жүрді.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, жобаны қытайлық компаниялар қаржыландыратын сияқты.
2022 жылы тамызда Қырғызстанның сол кездегі энергетика министрі Досқұл Бекмұрзаев "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында "Қырғызстан Қытай нарығына шығу үшін энергетикалық қуатын арттырғысы келеді" деді. Шенеунік кейін қызметін асыра пайдаланғаны үшін қызметінен босатылды. Бекмұрзаевтың айтуынша, Қытаймен сауда Қырғызстанның су электр станцияларының құрылысына алған қарызын қайтарып, бағаны тұрақтандыруға көмектеседі.
ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Қырғызстан кейінгі жылдары энергия тапшылығымен күресіп келеді. Сондықтан "Казарман" жобасы – Бішкек үшін маңызды қадамдардың бірі. Энергетика бойынша ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Мырзатай Сұлтанәлиев бұл жоба болашақтағы ықтимал энергетика дағдарысының алдын-алуға көмектеседі деді.
Сарапшының сөзінше, шілдеде жасалған келісім бойынша шешілмеген мәселелер бар.
– Келісім қандай шарттар негізінде жасалғанын білмейміз. Бұл нақты келісім бе, әлде жай меморандум ба, белгісіз. Бізде тараптар қол қойып қойса да, жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалатын инвестициялық келісімдер бар, – дейді Сұлтанәлиев.
Энергетика саласы бойынша сарапшы Батырқұл Баетов бұл жобаның төтенше жағдайды еңсеруге едәуір үлес қосатынына сенеді, бірақ келісімнің жүзеге асатынына күмәнмен қарайды.
– Қырғызстан шетелдік инвесторларға тәуелді. Келісім мен еңбек шартының дұрыс жасалуы сыртқы саясатқа байланысты, – деді ол.
Қырғызстанның гидроэнергетикалық стратегиясы жүзеге асса, бұл Орталық Азиядағы су мәселесін ушықтырып жібереді. Болжам бойынша, өңірде құрғақшылық көбейіп, климат өзгерген сайын, шиеленіс те артады.
Қырғызстан саясатында жер мен ресурстың орны бөлек.
Былтыр Қырғызстандағы су қоймасын Өзбекстанға беру туралы шешім жаппай наразылық туғызды. Осыдан кейін белсенділерді қудалау басталды.
Кей сарапшылар сөзіне қарағанда, электр энергиясының тапшылығына байланысты Қырғызстан сияқты өзеннің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттер болашақта төмендегі көршілеріне су жіберуді шектеуі мүмкін, бұл саяси текетірестерге әкеледі деп ескертеді.
Әзірге Қырғызстанның өзіне энергия жетпей отыр.
2022 жылы Қырғызстан 13,85 миллиард киловатт-сағат энергия өндірген. Бірақ 15,9 миллиард киловатт-сағат қолданған. Жетпегенін шетелден импорттаған.
2023 жылы тұтыну көлемі 17 миллиард киловатт-сағатқа дейін өседі деп болжанып отыр. Ал электр энергиясының өндірісі Тоқтоғұл су қоймасына келетін ағыстың баяулығына байланысты 15 миллиард киловатт-сағатқа дейін ғана жетеді.
Аталған компаниялар "Казарман" жобасы туралы пікір білдірмеді.
ПІКІРЛЕР