Матчтың 27-минутында Абзал Бейсебековтің алаң ортасынан шығарған пасын Максим Самородов әдемі голға айналдыра білді. Максим қатты келген пасты аяғымен тоқтатты да, қарсылас қақпасының сол қапталына бағыттаған. Солтүстік Ирландия қақпашысы Бэйли Пикок-Фаррелл қолын созғанымен жетпеді. Доп қақпада. 30 мың жиналған стадион тулап сала берді.
Осы голдан кейін Солтүстік Ирландия шабуылды үдете бастады. Матчтың статистикасы да соны көрсетеді. Ойын кезінде Қазақстан жеті рет, Солтүстік Ирландия 14 рет шабуылдаған. Бірақ Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий мен Нұрәлі Әліп бастаған қорғаушылар қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік бермеді.
Бұл – Қазақстанның іріктеу аясындағы алты ойындағы төртінші жеңісі.
Қазір Қазақстан бар H іріктеу тобында төрт елдің жолдамадан үміті бар. Дания мен Словения 13 ұпай, Финляндия мен Қазақстанда 12 ұпай жинаған. Қазақстан 4-орында келеді. Топтан озып шығып, Еуропа біріншілігіне жолдама алатын екі құрама қазан-қарашада өтетін ойындарда анықталмақ.
Қазақстан турнир кестесінде төртінші орында тұрса да, 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігі сақтаулы. Қазақстан бұрын-соңды Еуро додаға шығуға дәл мұндай жақын болмаған.
Осыдан үш күн бұрын, 7 қыркүйекте Астанада Қазақстан құрамасы Финляндиямен 0:1 есебімен жеңіліп қалғаны ойыншыларды да, жанкүйерлерді де жабырқатқан. Сондықтан Солтүстік Ирландиямен ойында жеңіс өте қажет болды. Егер бұл ойында жеңілгенде Қазақстанның турнир кестесіндегі жағдайы қиындап, Еуропа чемпионатына шығуға мүмкіндігі азайып кетер еді.
Бүгінгі Солтүстік Ирландиядан кейінгі ойыннан соң Қазақстан құрамасының бас бапкері ресейлік Магомед Агиев баспасөз мәслихатында құраманың жағдайына көңілі толмайтынын айтып қалды.
"Команданың жағдайы жақсы деп айта алмаймын, бүгінгі ойын соны көрсетті. Ойынның соңында нашар ойнадық. Финляндиядан үш ұпай алу керек деген мақсатымыз орындалмай қалды. Бүгін ашулы болдық. Біз жолдамаға таласқа қайта оралығымыз келді. Алда сырт алаңда қиын матчтар күтіп тұр, соған дайындаламыз" деді ол.
Іріктеу жарысы қарашаның соңына дейін жалғасады. Қазақстан құрамасының енді төрт ойыны қалды. Үш ойын, Агиев айтқандай, Қазақстанның топтағы басты қарсыластары Дания, Финляндия және Словениямен сырт алаңда өтпек:
- 14 қазан: Дания – Қазақстан
- 17 қазан: Финляндия – Қазақстан
- 17 қараша: Қазақстан – Сан-Марино
- 20 қараша: Словения – Қазақстан.
Қазақстан қазір іріктеу аясындағы алты матчтың төртеуінде жеңіп, екеуінде жеңілді. Биыл наурызда Астанада Даниядан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкеткенде іріктеу турнирінің үлкен сенсацияларының бірін жасаған еді.
Қазақстан құрамасының іріктеу аясындағы осыған дейінгі ойындарының нәтижесі:
- Қазақстан – Словения 1:2
- Қазақстан – Дания 3:2
- Сан-Марино – Қазақстан 0:3
- Солтүстік Ирландия – Қазақстан 0:1
- Қазақстан – Финляндия 0:1
Іріктеу ережесі бойынша топтағы құрамалар бір-бірімен сырт алаңда және өз алаңында ойын өткізеді.
Қазақстан құрамасы іріктеу турнирі басталмай тұрып, UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) ұйымдастыратын Ұлттар лигасының үшінші дивизионында өз тобында бірінші орын алып, бір дивизион жоғарылаған. Келесі жылы Қазақстан Ұлттар лигасында Украина, Түркия, Украина, Грекия, Исландия сынды құрамалармен В дивизионында ойнайды.
Ұлттар лигасы мен Еуропа чемпионатына іріктеу жарысындағы жеңістерден кейін ел ішінде ұлттық құрамаға сенім артып, "Астана Аренаға" көрермен көп жинала бастады.
7 қыркүйектегі Финляндиямен ойынша 30019 көрермен жиналған еді. Бұл – Қазақстан үшін рекорд. Ал Солтүстік Ирландиямен ойынға 28 458 көрермен барған.
ПІКІРЛЕР