Accessibility links

Путин Орталық Азияға сапары арқылы "оқшауланбағанын және ықпалдан айырылмағанын" көрсеткісі келе ме?


ТМД басшыларының кеңес отырысы. Бішкек. 13 қазан 2023 жыл.
ТМД басшыларының кеңес отырысы. Бішкек. 13 қазан 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан ТМД саммитінен Ресей президенті Владимир Путиннің көздегені не деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Ресей газы Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалданатынына тоқталып, «Кремль Орталық Азия елдерінің қолдауына ие болу үшін өзінің энергетикалық ресурсын пайдаланып жатқанын» жазды. Бұдан бөлек Украинадағы соғыс басталғалы Қазақстанға білікті мамандар келе бастағанына тоқталып, олар он жылдан бері елден кетіп жатқан мамандар орнын баса ала ма дегенге үңілді.

ТМД САММИТІНЕН ПУТИННІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Ресей президенті Владимир Путин үшін Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен ТМД саммиті – маңызды мүмкіндік, өйткені ол одақтастарын Мәскеу әлі де маңызды ойыншы дегенге сендіруге тырысады, деп жазады Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы.

Путин Қырғызстанға ресми сапармен 12 қазан күні келген. Бұл − наурыз айында Халықаралық қылмыстық сот өзін тұтқындауға ордер бергелі Путиннің шетелге алғашқы сапары. Қырғызстан Рим статутын ратификацияламаған, сондықтан «Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз алып шығуды ұйымдастырды» деп айыпталған Путин үшін бұл − қауіпсіз жер.

13 қазан күні Қырғызстан астанасы Бішкекте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.

Қыркүйекте Орталық Азия елдерінің жетекшілері АҚШ және Германияға сапарлап, сол мемлекеттердің басшыларымен саммит өткізді. Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Пол Бартлет Батыс елдері бұл саммитте аймаққа көңіл бөліп, энергия материалдары импорты мен көлік дәліздерін дамытуға тырысқанына назар аударады.

«Путинге бұл саммит Батыс әлеміне өзінің оқшауланып қалмағанын, ықпалын сақтап отырғанын көрсету үшін қажет» дейді Ұлыбританиядағы Chatham House зерттеу институтының Ресей және Еуразия бағдарламасының ғылыми қызметкері Кейт Маллинсон.

Ресей, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары ТМД елдері басшыларын марапаттау рәсімінде. Бішкек, 13 қазан 2023 жыл.
Ресей, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары ТМД елдері басшыларын марапаттау рәсімінде. Бішкек, 13 қазан 2023 жыл.

ТМД 1991 жылы Совет одағы ыдыраған соң құрылды. Бастапқыда бұл ұйымға Совет одағынан шыққан барлық 15 республиканы қосу жоспарланды. Бірақ Балтық елдері – Эстония, Латвия, Литва ТМД-ға қосылмады. Кейін ұйымнан Грузия мен Украина шықты, қазір Молдова да оның келісімдерінен біртіндеп шығып жатыр.

Блоктағы қалған елдер − негізінен Ресейдің сенімді одақтастары. Қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта жаңа әскери қимылға көшіп, оны жеңіспен аяқтағанын, Таулы Қарабақты азат еткенін хабарлады. Армения премьер-министрі бұл жағдайға Ереванның қорғаушысы саналған Ресейді кінәлады. Мәскеу бұған араласпай, шет қалған еді. Артынша Армения Халықаралық қылмыстық сот шешімін орындауды міндеттейтін Рим статутын ратификациялады, Мәскеу бұған қабақ шытты.

ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы Батыс елдері аймаққа көп көңіл бөле бастаған тұста ғана емес, Орталық Азия мен Ресей арасындағы сауда қарқынды өскен шақта өтіп жатыр. Украинаға басып кірген соң Ресейге Батыс елдері санкция салды, Мәскеу бірқатар ел арқылы санкцияларды айналып өтіп жүр.

Пол Бартлеттің пайымдауынша, Мәскеумен сауданы күшейтіп жатқан елдер Ресей соғыста қолдануы мүмкін қос мақсаттағы тауар экспортынан қауіптенуі керек. Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектескен Өзбекстан мен Қырғызстандағы кей компаниялар Батыстың жанама санкциясына ілінді.

Украинаға басып кірген соң Ресей өзінің ықпалындағы аймақ санайтын Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейтті. Өткен сенбіде Тоқаев Мәскеуге сапарлап, Путин және Өзбекстан президенті Мирзияевпен бірге Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының ашылуына қатысты. Путин мұны үшжақты үлкен энергетикалық жоба деп таныстырды.

Бішкектегі саммитте Путин санкцияға ілінген тауар жеткізуді жалғастыруға ұмтылады. Маллинсонның ойынша, Орталық Азия елдері Кремльден мигранттардың Ресейге еркін кіруіне рұқсат алудан бастап Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнайды кедергісіз тасымалдауға дейін кепілдік алуды көздейді.

«Мұның өтеуі ретінде Орталық Азия елдеріне Путиннің экономика мен басқаруға қатысты талаптарына көнуге тура келеді» дейді Маллинсон.

"РЕСЕЙ МҰНАЙ МЕН ГАЗ АРҚАСЫНДА ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТІП ЖАТЫР"

Энергетика тақырыптарына маманданған Upstream Online іскерлік басылымы Батыс санкцияларының салдарын азайтуға тырысып баққан Кремль Орталық Азия елдерінің қолдауына ие болу үшін өзінің орасан энергетика ресурсын пайдаланып жатқанын жазды.

Автор Владимир Афанасьев өткен сенбі күні арқасын кеңге салған Путин Мәскеу түбіндегі резиденцияда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевті қабылдағанын еске салады. Тоқаев пен Мирзияев Мәскеуге Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының ашылуына келген. Ресей Өзбекстанға жылына 2,8 миллиард текше метр газ экспорттамақ.

Қазақстан, Ресей және Өзбекстан басшылары Ресейден Орталық Азияға газ тасымалдайтын жобаның ашылуы рәсімінде. Мәскеу, 7 қазан 2023
Қазақстан, Ресей және Өзбекстан басшылары Ресейден Орталық Азияға газ тасымалдайтын жобаның ашылуы рәсімінде. Мәскеу, 7 қазан 2023

Автордың жазуынша, келесі кезекте тұрған Қазақстан Ресейдің арзан газын Астана мен солтүстік және солтүстік-шығысқа тасымалдайтын желіні дайындаумен айналысып жатыр.

Мұндай келісім Астанаға мұнай мен газды Еуропа және Азия нарығына көбірек тасымалдап, табысын арттыруға жол ашады.

«Америкалық және еуропалық инвесторлар Қазақстанға тәуелсіздік алғалы, ал Өзбекстанға соңғы жылдары қанша инвестиция құйса да, бұл екі ел мен Орталық Азиядағы басқа постсоветтік мемлекеттердің жетекшілігі энерготасымалдағыштар үшін Мәскеуге жақындап жатыр» дейді автор Афанасьев.

Басылым бұл елдердің халқы Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаса да, олардың президенттері бұл көңіл-күйді елемейтінін айтады. Олар сондай-ақ Мәскеудің Орталық Азия елдерінің азаматтарын Украинадағы соғысқа тартып жатқанына көз жұмып отыр.

Өткен аптада Сочиде өткен форумда Путин «биполярлы әлемді» қалпына келтіріп, АҚШ пен оның одақтастарына қарсы тұратын ұлттар альясын құруды ұсынды. Украинада соғыс басталғалы 19 айдан бері Ресей мұнайы мен мұнай өнімдеріне Еуропада тыйым салынған соң, Мәскеу оны Азия-Тынық мұхит аймағы, Африка мен Оңтүстік нарыққа жөнетіліп жатыр.

Автордың пайымдауынша, экономикалық проблемаға тап болған елдерге энергия өнімдерін жеңілдікпен жеткізу Мәскеуге саяси ықпалын арттыруға жол ашады.

«Украинадағы соғыстың қашан аяқталары белгісіз, сондықтан Батыс энерготасымалдағыштарды қаруға айналдырған Ресейге қарсы экономикалық шараларды қайта сүзгіден өткізуі керек» деп қайырады автор.

СОҒЫС БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫҢ ЕЛГЕ АҒЫЛУЫНА ЖОЛ АША МА?

Он жылдан астам уақыттан бері көп саладағы білікті әрі білімді мамандар Қазақстаннан кетіп жатты. Украинадағы соғыс басталғалы ахуал өзгеріп, елге білікті мамандар келе бастады ма? Сингапур ұлттық университетінің ғылыми қызметкері Миша Монтейро-Бенсон Австралия ұлттық университетінің East Asia Forum платформасында осы мәселеге үңілді.

Нарықта мұнай мен шикізат бағасының тербелуі Қазақстанның экономикалық өсімін баяулатты. Қазақстан үкіметі тұрақты өсімге қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыруға тырысты. Алайда жоғары білім беру саласындағы кемшіліктер білікті мамандар тапшылығын тудырды, көптеген білімді жұмысшы шетелге кетті.

Мәскеудің Украинаға басып кіруі күтпеген жерден Қазақстанға компаниялар мен мамандардың миграциясына ұласты. Автордың жазуынша, бұл − ел үшін білікті мамандардың келуі мен экономиканы жаңартуға жол ашатын мүмкіндік. Бірақ қазақстандық саясаткерлер қарама-қайшы саяси мақсаттардың арасында баланс ұстап, тым сақтық танытып отырғандықтан, бұл мүмкіндіктен айырылып қалуы мүмкін.

Украинаға басып кіргелі Ресей эмиграцияның үш үлкен толқынын бастан өткерді. Бірінші толқын кезінде соғысқа қарсылар мен техникалық қызметкерлер елден кетті. Қазақстанда 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында ресейлік компаниялардың саны 4 мыңға артқан.

Ресейде мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға ағылған ресейліктер. 28 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейде мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға ағылған ресейліктер. 28 қыркүйек 2022 жыл.

2022 жылдың шілдесінде эмиграцияның екінші толқыны болды. Бұл кезеңде соғыс басталғалы бері көшуді жоспарлап, қамданып жүргендер елден кетті.

Ресей президенті Путин 2022 жылдың 21 қыркүйегінде ішінара мобилизация жариялаған соң эмиграцияның үшінші толқыны басталды. Бір апта ішінде Қазақстанға 98 мыңға жуық ресейлік келді. Мобилизациядан кейін әртүрлі елдерге жалпы саны 700 мың ресейлік кеткен.

Автордың ойынша, релоканттардың басым бөлігі отбасылы, медицина, IT және шығармашылық саланың білікті мамандары. Қазақстанда жұмыс таппаған ресейліктер Өзбекстан мен басқа елдерге кетті.

Ресей мен Қазақстан Еуразия экономика одағына мүше, осы себепті азаматтар үшін шекара ашық болатын. Былтыр желтоқсанда Қазақстан шекара ережелерін қайта қарап, Еуразия экономика одағына мүше елдердің азаматтары 180 күн ішінде тек 90 күн ел аумағында бола алады деген тәртіп енгізді. Бұл Ресей мигранттарын Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға мәжбүрледі.

Монтейро-Бенсон үкімет иммиграция саясатын қатаңдатса да, соғыс кезінде елге қоныс аударушылар арасында білікті мамандар бар екенін жазады. Бұл Қазақстанға соңғы он жылдағы экономика өсімінің баяулауын бәсеңдетіп, оны әртараптандыруға жол ашады деп болжайды автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG