13 қарашада қайтыс болған бауыры Болат Назарбаевтың құрметіне Астанадағы республикалық мешітте берілген аста Назарбаев өзі ел басқарған кез туралы, қазіргі президенттің саясаты жайлы пікір айтты.
Соңғы рет Назарбаев былтыр 20 қарашада президент сайлауы кезінде дауыс берген соң журналистер сұрағына жауап берген.
Нұрсұлтан Назарбаев "Алланың өзіне берген шаруасын түгел орындағанын", "жаны тыныш, шаруасы жақсы" екенін және "ештеңеге қамықпайтынын" айтты.
– Тәуелсіздікті орнату бізге оңай болған жоқ. 1992 жылы совет үкіметі құлаған кезде елімізде 1500 өндіріс орны тоқтап, 2 миллион адам жұмыссыз қалды, дүкен сөрелерінің бәрі босап қалды, жалақы, зейнетақы берілмеді. Сондай кездерде "ел боламыз ба, болмаймыз ба?" деп тұрғанда әріптестерім, қатарластарым барлығы жабылып, сол қиындықтан шығып, елімізді аяғынан тік тұрғыздық <...> Сондықтан өз басыма Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын, – деді экс-президент.
Халықаралық қақтығыстар мен соғыстарды меңзеген Назарбаев "ел бірлігін сақтап қалғанын", "соғыс өрті тұтанбағанын" еске салды. "Біздің ендігі мақсатымыз – елімізді әрі қарай өркендету <...> Қандай соғыста болса да, қазақ біріккенде ылғи жеңеді. Ажырағанда жерінен, үйінен айырылады" деді ол.
Назарбаевтың айтуынша, ол ел басқарған жылдары "бірліктің арқасында" Қазақстанның экономикасы көршілердікінен "5-10 есе көтеріліп, ең алға шығып кеткен".
Ол өзі билікте болған кезге берілетін баға туралы да көзқарасын айтты:
– Мен ештеңеге қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын, маған ешқандай сөз тимейді. Себебі бұл мәселе (Назарбаев билігіне баға беру – ред.) – біздің ұрпақтікі емес, тарихтың мәселесі. Тарих өз айтатынының бәрін айтады. Сондықтан оның бәріне өте байсалды қараймын, – деді Назарбаев.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда оның саясатын сынаушылар көбейген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елде олигополияның өркендеуіне жол берді" деп Назарбаевты сынап, оның тұсындағы "суперпрезиденттік басқару жүйесінен біртіндеп арылуға" шақырған. Шетелге кеткен активтерді қайтару науқаны басталғанда да Назарбаев әулеті мен оның айналасындағы адамдарға көп сын айтылған.
Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың көбі Назарбаев дәуірінде жеке басқа табыну белең алып, авторитаризм орныққанын, азаматтардың саяси құқықтары шектеліп, плюрализм азайғанын айтады.
Назарбаев аста сөйлеген сөзінде өзіне көңіл айтқаны үшін президент Тоқаевқа алғыс білдіріп, оның маңайына топтасуға шақырды әрі оны "елбасы" деп атады. Бұл атақ Назарбаев президент болып тұрғанда оның өзіне беріліп, бұл ұғым заңдастырылып, Конституцияға да енгізілгені бегілі. "Елбасы" статусы Назарбаевқа көп артықшылық беріп, оны қылмыстық қудалаудан қорғайтын. Былтыр маусымда өткен референдумнан соң Конституцияға өзгеріс енгізіліп, Назарбаевтың айрықша мәртебесі алынып тасталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан келгенше барлық шаруаны істеп жатыр. Әр буынның жолы болады, өзгертуі болады. Олай болмаса [ел] өсе ме, өркендей ме? ... Елімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бір адамдай болып елбасымыздың жасап жатқан шаруасын қолдауымыз керек. Онсыз болмайды, онсыз мемлекет те болмайды, – деді Назарбаев.
Назарбаев сөз соңында алақан жайып бата беріп, "Аллаһу әкбар!" деп бетін сипады.
Астанадағы мешітте өткен жиынға қонақтар тізіммен кіргізілген. Асқа келгендер арасында Қаңтар оқиғасынан бері жұрт көзіне түспеген сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаева болды. Оның қасында Назарбаеваның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев отырды. Қаңтар оқиғасына дейін мәжіліс депутаты болған Назарбаева кейін мандатын тапсырып, депутаттықтан кеткен. Ал Шәріпбаев Қаңтар оқиғасынан бір аптадан соң "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен босатылған.
Жиынға бұрынғы шенеуніктердің біразы қатысты. Арасында бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, сенат төрағасы болған Нұртай Әбіқаев, сенат спикері болған және Жоғарғы сотты басқарған Қайрат Мәми, Орталық сайлау комиссиясының экс-төрағасы Берік Имашев, бұрынғы министрлер, облыс әкімдері болды.
2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған жаппай наразылық соңы қантөгіске ұласып, кемі 238 адам қаза тапқан. Сол оқиғадан соң Нұрсұлтан Назарбаев ықпалын жоғалтып, оның туыстары қызметтерінен кеткен. Оның кей туыстары қылмыстық жауапқа тартылып, түрмеге қамалған.
Билік Қаңтар үшін басты кінәні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына артқан. Қанды Қаңтардың алғашқы күндері бейбіт наразылық зорлық-зомбылыққа ұласқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "арнайы дайындықтан өткен 20 мың лаңкес" келгенін мәлімдеген, бірақ оқиға басылған соң биліктің Қаңтар жайлы ұстанымы өзгерді. Кейін президент "мемлекетке опасыздық жасаған жоғары лауазым иелері билікті басып алуға әрекеттенгенін", "елді ыдырату үшін ойына келген барлық тәсілді қолданғанын", тіпті елдегі ахуал туралы өзіне жалған ақпарат бергенін мәлімдеді.
Биыл сәуірде Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды" және "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бостандығынан айырылды. Кейін Назарбаевтың немере інісі, Қаңтар кезінде ҰҚК төрағасының орынбасары болған Самат Әбіш "қызмет бабын асыра пайдалану" бабымен күдікке ілінген.
ПІКІРЛЕР