Accessibility links

Италияда әйел өлімінен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды


"Патриархат түбіңе жетеді!" деген жазуы бар плакат. Босния және Герцеговина, қазан айы 2023 жыл.
"Патриархат түбіңе жетеді!" деген жазуы бар плакат. Босния және Герцеговина, қазан айы 2023 жыл.

Италияда қоғамда резонанс тудырған әйел өлімінен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды. Елде орташа есеппен үш күн сайын бір әйел ер адамның қолынан қаза болады, деп жазды Associated Press.

22 жастағы Джулия Чеккетиннің мәйіті 18 қарашада Альп тауындағы көлден табылған. Италия ақпарат құралдарының жазуынша, сот медицина сарапшылары мәйіттен 26 пышақ жарақатын тапқан.

Associated Press агенттігінің жазуынша, бұған дейін жергілікті телеарналар Чеккетиннің өліміне қатысты видеокадрларды көрсеткен. Онда ер адам көліктен түсіп қашқан Джулия Чеккетинді ұрып-соғып, көлікке сүйрегені көрінеді. Көшеде қан іздері де байқалады. Кадрлар көп адам жүрмейтін көшедегі бақылау камерасынан алынған.

Күдікті оның серігі Филиппо Туретто Германияда ұсталған, жуық арада Италияға экстрадицияланады деп айтылады.

Associated Press-тің жазуынша, Падуан университетінің биомедицина инженериясы бойынша дәреже алуға тиіс Чеккетин мерекеге дайындалып жатқан. Марқұмның достары мен туыстарының айтуынша, оның 21 жастағы жігіті оның оқуды өзінен бұрын бітіріп, "жеке және кәсіби армандарын жүзеге асыру үшін кететіндігіне" наразы болған.

Джулияның әпкесі Елена жақынының өліміне назар аударту үшін наразылық акциясын өткізуді ұсынған. "Фемицид – бұл құмарлық қылмысы емес, биліктің қылмысы" деді ол жергілікті басылымға.

Қоғамда резонанс тудырған қайғылы оқиғадан кейін Италия парламенті әйелдерді қорғау туралы заң жобасын шұғыл түрде қабылдады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда да маңызды мәселе күйінде қалып отыр. Астанада Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін (бұл істе бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті танылған) 2020 жылдан кейін әзірленіп жатқан "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" заң қабылдауды талап еткен үндеулер жиілей түсті.

XS
SM
MD
LG