Accessibility links

Маңғыстауда өзге компаниялар West Oil Software жұмысшыларының талабын қолдады


West Oil Software компаниясының жұмысшылары
West Oil Software компаниясының жұмысшылары

Маңғыстау облысында кемінде екі компания Жетібайдағы West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілін қолдайтынын мәлімдеді.

11 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жетібай кенішінде "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына транспорт қызметін көрсететін West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы ереуілге шыққан. Жұмыстарын толық тоқтатқанын хабарлаған олар өздерін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен бірыңғай еңбекақы төлеміне қосуды талап етеді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода "БозащыТрансҚұрылыс" кәсіпорнының жұмысшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және "ҚазМұнайГаз" басшылығына үндеу жариялағаны көрінеді.

Олар үндеуде West Oil Software жұмысшылары талабын толық қолдайтынын білдірген. Онда еңбек дауына байланысты жұмысшыларды қуғындауды тоқтатуды сұрайды. Мұнай игеруді химияландыру кәсіпорнының жұмысшылары да осыған ұқсас видеомәлімдеме жасады.

11 желтоқсаннан бері West Oil Software компаниясының шамамен 500 жұмысшысы өндіріс базасында ереуілдеп тұр. Олар көлікте қонып жүр. Бұған дейін аудандық сот олардың ереуілін заңсыз деп таныған. Жұмысшылардың өздері сотқа қатыспағанын айтып, шешімді заңсыз деп атады. Олар еңбек заңнамасына сәйкес ереуілге шыққанын айтады.

Ереуілге дейін олар шамамен бір жыл жұмыс берушілермен келіссөз жүргізген. Кейбір жұмысшылар ереуіл басталғаннан кейін өздеріне қысым жасалғанын айтқан. Ұйымның кәсіподақ өкілдері Азаттыққа жұмысшылар он айдан астам уақыт бойы келіссөз арқылы өздерінің талаптарын орындатуға тырысқанын және арбитраж комиссиясына жеткенін растады. Комиссия компания мен еңбек инспекциясының бастамасынан кейін мұнайшылар ереуілге шыққан.

13 желтоқсанда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмысшылардың талаптарын орындау мүмкін емес екенін айтқан.

"Жұмысшылардың позициясын тыңдадық. «ҚазМұнайГаз» үш жыл бойы қызметтер ақысын алдын ала төлейді, техниканы жаңартуға көмектеседі деп келістік. Әңгіме 200-ден аса техника туралы айтып тұрмыз. Бұл аз емес. Бұл талапты қабыл алдық. Бірақ одан басқа екі талап орынсыз. Олар жекеменшік компанияның жұмысшылары. Біз оларды ұлттық компания штатына жұмысқа қабылдай алмаймыз. Кез келген адам келіп: «Мен «ҚазМұнайГазда» істегім келеді» дей алмайды ғой. Наразылықты сот заңсыз деп таныған. Сондықтан жұмысшыларды тарауға, кен орнымызда жұмысты жалғастыруға шақырамын" деді ол.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны Oit Transport corporation ЖШС - 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.

2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG