Accessibility links

Тоқаев өз әкімшілігін басқарған Бектеновті үкімет жетекшілігіне тағайындады


Олжас Бектенов – Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған премьер-министрі
Олжас Бектенов – Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған премьер-министрі

Қазақстанның жаңа премьер-министрі болып осыған дейін президент әкімшілігіне жетекшілік етіп келген Олжас Бектенов тағайындалды. Ол бұрын жемқорлықпен күрес қызметін де басқарған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен Олжас Бектеновті Қазақстан премьер-министрі қызметіне тағайындады. Бұл туралы 6 ақпан күні Ақорда хабарлады.

43 жастағы Олжас Бектеновтің кандидатурасын үкімет жетекшілігіне сейсенбі күні таңертең Қазақстан президентіне биліктегі "Аманат" партиясы ұсынған. Бұл ұсынысты "Аманат" партиясы мен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жариялаған соң Ақорда "заңға сәйкес, ұсынылған кандидатты мемлекет басшысы мәжілістегі фракция жетекшілерімен талқылады" деп хабарлаған.

Сейсенбі күні жаңа премьер-министр тағайындалғаннан кейін бұдан бір күн бұрын орнынан түскен ескі үкімет мүшелерінің басым көпшілігі бұрынғы қызметінде қалғаны Ақорда жариялаған президент жарлықтарынан мәлім болды:

  • Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Мұрат Нұртілеу – премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі;
  • Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары;
  • Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары;
  • Нұрлан Байбазаров – премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – аппарат жетекшісі;
  • Руслан Жақсылықов – қорғаныс министрі;
  • Ержан Саденов – ішкі істер министрі;
  • Азамат Есқараев – әділет министрі;
  • Алмасадам Сәтқалиев – энергетика министрі;
  • Ғани Бейсембаев – оқу-ағарту министрі;
  • Айдарбек Сапаров – ауыл шаруашылығы министрі;
  • Бағдат Мусин – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Ерлан Нысанбаев – экология және табиғи ресурстар министрі;
  • Саясат Нұрбек – ғылым және жоғары білім министрі;
  • Шыңғыс Әрінов – төтенше жағдай министрі;
  • Ақмарал Әлназарова – денсаулық сақтау министрі;
  • Алмасадам Сәтқалиев – энергетика министрі;
  • Мәди Такиев – қаржы министрі;
  • Аида Балаева – мәдениет және ақпарат министрі;
  • Ермек Маржықпаев – туризм және спорт министрі;
  • Марат Қарабаев - көлік министрі;
  • Светлана Жақыпова - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Бұлардың ішінде Бектенов, Байназаров, Әлназарова, Әрінов пен Такиевтен өзгелері бұрынғы үкіметтің құрамында болған.

Мамандығы заңгер Олжас Бектенов 2023 жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін президент әкімшілігінің басшысы болып істеп келді.

Ол түрлі жылдары Ақмола облыстық және Астана қалалық әкімдіктерінде лауазымды қызметтер атқарған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қалалық әділет басқармасының бас маманы болып бастаған.

2018 жылдың жазынан бастап Қазақстанның мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019 жылғы маусым айынан бірінші орынбасар болып істеді.

2019 жылғы маусым айында Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын президентке тікелей бағынатын мемлекеттік орган етіп қайта құруды тапсырды.

Қанды қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы 25 ақпанда Тоқаев Бектеновті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы етіп тағайындаған еді. Сол жылы күзде оған жемқорлықпен күрес қызметінің генерал-лейтенанты деген арнаулы атақ берілді.

Олжас Бектенов Қазақстанның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы болған кезде түсірілген фото
Олжас Бектенов Қазақстанның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы болған кезде түсірілген фото

Бектенов жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы болып тағайындалған соң көп ұзамай елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі кейбір адамдар ұсталып, қамауға алынды. Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды жемқорлық қылмысына қатысы бар деген айыппен сотталып, алты жылға қамалды. Бірінші президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы бизнесмен Қайрат Боранбаев та сот үкімімен бостандығынан айырылды. Оған қаржы жымқырған деген айып тағылды. Мемлекетке бірқатар активін қайтарған соң Боранбаев былтыр мерзімінен бұрын қамаудан босатылды.

Интернеттегі ашық деректерде Олжас Бектенов есімді адам "Ақмола әуесқой бокс федерациясы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі деп көрсетілген. Бұл ұйым 2018 жылғы қаңтарда құрылған. 2022 жылы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мекемесінің баспасөз қызметі осы мемлекеттік орган басшысының спортшылармен бейресми кездескенін хабарлаған. Ол кезде ресми ақпаратта Бектеновті "Ақмола әуесқой бокс федерациясы президенті" деп жазған болатын.

Жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы Олжас Бектенов спортшылармен бірге. 2022 жылғы шілде айы.
Жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы Олжас Бектенов спортшылармен бірге. 2022 жылғы шілде айы.

Бақылаушылар Назарбаев билікте болған кезде Олжас Бектенов президент әкімшілігінде қызмет атқарғанын айтады. 2015 жылдың шілдесінен 2016 жылға дейін ол президент әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі болған. Бұдан бөлек, Әділет министрлігінде тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары болып істеген.

Қаңтар оқиғасынан кейін ел үкіметін басқарып келген және сол кезеңде осы қызметке бірнеше рет қайта тағайындалған Әлихан Смайыловтың үкіметі дүйсенбі күні орнынан түскен. Жаңа премьер-министр бекігенге дейін оның қызметін уақытша атқару бұрынғы бірінші вице-премьер Роман Склярға жүктелген еді.

Ертең, 7 ақпанда президент Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуі тиіс. Ресми баспасөздің хабарлауынша, ол жиында 2023 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге міндеттер белгіленбек.

Қызметтен кеткен экс-премьер Әлихан Смайылов әлеуметтік желіде жариялаған постында кейінгі екі жылды "қоғам үшін шешуші кезең" деп сипаттап, өзі басқарған үкімет "реформаларды жүзеге асыру және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті" деп мәлімдеді. "Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша экономика 5,1 пайыз өсті" деп жазды Смайылов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG