Әлихан Смайыловтың премьер-министр қызметінен кеткені дүйсенбі күні Ақорда сайтында жарияланған президенттің жарлығынан кейін белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің "орнынан түсуі қабылдансын" және "министрлер кабинеті басшысының міндетін уақытша атқару бірінші вице-премьер Роман Склярға жүктелсін, ал үкіметтің барлық басқа мүшелері жаңа құрам бекітілгенге дейін жұмысын жалғастыра берсін" деп қаулы еткен.
Қызметтен кету туралы шешім не себепті және кімнің бастамасымен қабылданғаны түсіндірілмеді. Бірнеше сағаттан кейін Смайыловтың Facebook-те жарияланған "қоштасу" постында да бұл сұрақтарға жауап болмады. Бұрынғы премьер президентке өзіне сенім артқаны үшін, ал әріптестеріне нәтижелі жұмысы үшін алғыс айтумен шектеліп, өзі басқарған кезде үкімет қол жеткізген нәтижелерді тізіп шыққан.
Смайылов басқарған 26 адамнан тұратын министрлер кабинеті 2023 жылдың қыркүйегінде құрылған еді. Конституция бойынша, үкімет қызметінен кеткеннен кейін президент мәжіліске жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады. Содан соң үкімет басшысы лауазымына лайықты делінген кандидат тағайындалады. Әрі қарай, оның ұсынысымен президент жаңа министрлер кабинетінің құрылымын анықтайды.
Премьер-министр лауазымына кім тағайындалатыны әзірше белгісіз. 7 ақпанға Тоқаевтың төрағалық етуімен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді деп жоспарланған. Қоғам арасында соған дейін Смайыловтың орнын басатын адам белгілі болып қалады деген болжам бар.
Азаттыққа берген сұхбатында қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов бұрынғы премьердің жұмысы және оның орнына кім келетіні жайлы ойын айтты.
"СӘТСІЗДІКТЕР ҮШІН КІНӘНІ МОЙЫНА АРТЫП ҚОЯДЫ"
– Ең алдымен, Әлихан Смайыловтың премьер-министрлігі Қаңтар оқиғасынан кейін дереу осы қызметке отыруымен есте қалады. Ол оңай кезең болмағанын білесіз. Смайыловтың осы екі жылдағы жұмысын қалай бағалар едіңіз?
– Мәселе сол, біздің саяси жүйеде премьер-министр дербес саяси тұлға бола алмайды. Премьер де, министрлер кабинеті де толықтай президентке бағынады. Мұндай жағдайда президенттік абсолютизм үкіметтің қызметіне зор кедергі болады.
Екіншіден, үкімет саяси дербестік мәселесінде парламентте отыратын партияларға, тіпті парламенттік көпшілікке арқа сүйей алмайды: олардың экономика саласында да, әлеуметтік салада да, басқа салаларда да дербес әрекет етуге қауқары жоқ. Сондықтан бұл жерде Смайыловтың қызметі – Тоқаев қызметінің айнасы десек болады.
Экономикадағы, энергетика саласындағы сәтсіздіктер, инфляцияның шарықтауы, халық табысының төмендігі – осы бір жағымсыз факторлардың бәрі президент үшін үкіметті қызметтен алып, кейінгі екі жылдағы сәтсіздіктер үшін жауапкершіліктен сытылып кетуге техникалық тұрғыдан мүмкіндік беретін сылтау болды. Дәл қазір біз соны көріп отырмыз.
– Дегенмен Смайылов мырза мен оның үкіметі билікте болған уақытта көңілімізден шыққан да сәттер бар шығар?
– Мәселе біздің ұнамайтын немесе ұнайтын бірдеңе іздеуімізде емес, үкімет, жалпы атқарушы билік – қабілетсіз. Ол толықтай президентке тәуелді болғандықтан жап-жақсы мемлекеттік саясатты дұрыс жүзеге асыра алмай отыр.
Смайыловтың қызметін басқа премьер-министрлердің қызметімен салыстырсаңыз да шамамен осындай картина көресіз. Өйткені үкіметті өз еркі жоқ, елеусіздеу адам басқарса, маңызды шешімдер мен реформаларға келгенде тізеге баса алмайды, ол тек президенттің тапсырмаларын орындаумен ғана шектеледі. Бұл жағынан келгенде Әлихан Смайылов – Қазақстандағы премьер-министрдің типтік образы.
– Сонда Смайылов оған дейін қордаланған мәселелерді қабылдап алып, енді сол "мұраны" келесі адамға тастап бара жатыр ма?
– Солай деп тұжырым жасауға да болады, бірақ меніңше одан да жақсы баға мынау: Смайылов – президенттік абсолютизмнің құрбаны және салдары. Өйткені Қазақстанда болған барлық премьер-министр осындай проблемаларға тап болады.
Елде халықтың шынайы қажеттілігіне жеткілікті көңіл бөлінбейді, саяси режим өзімен-өзі, яғни ол қоғамның мүддесі мен проблемасынан оқшау өмір сүріп жатыр. Бұл жерде атап өтетін бір жайт – үкіметке жақын БАҚ-тар бұған дейін таратып келген жаңалықтар ақпараттық кеңістікті үкіметтің орнынан түсетініне дайындаған. Міне, бүгін сол оқиға болып еді, БАҚ-тар жауапкершілікті Смайыловтың мойнына "жүктеп", президентті одан "босату" мақсатында кейінгі екі жылда қордаланған проблемаларды тізіп жатыр.
Бұл да техникалық қадам, өйткені біздің жартылай президенттік жүйемізде премьер-министрдің маңызды функцияларының бірі – саяси басшысын мұндай жауапкершіліктен құтқару.
– Бұл бір пиар-қадамға ұқсайды екен.
– Бұл жерде бірнеше қадам бар. Біріншіден, жиналып қалған негатив президентпен бірге қалмай, үкіметпен бірге кетеді. Екіншіден, президентке бұл орынға өз идеяларын жүзеге асырып, жақсы орындайтын неғұрлым лайықты тұлғаны тағайындау мүмкіндігі туып отыр. Үшіншіден, премьер-министр болу – президент әкімшілігіндегі басқа лауазымдарға қарағанда танымалдау қызмет, сол себепті Тоқаев өз иерархиясынан біреуді ел алдына шығаруы мүмкін. Бірақ қоғам үкімет бұдан былай өз бетінше шешім қабылдай ала ма деген көзқарас тұрғысынан қарайды. Бұған жауап: "Жоқ". Қазақстан үкіметінің саяси дербестігі жоқ, себебі Смайыловтың орнына қаншалықты білікті әрі қабілетті тұлға келсе де, саяси дербестік жоқтығы премьер-министр лауазымына үміткер адамның бойынан біз көргіміз келетін қасиеттердің бәрін жоқ қылып жібереді.
"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚОЛ АСТЫНДАҒЫ ОРЫНДАУШЫ ОРГАН"
– Демек, келесі кім болатынын талқылаудың қажеті жоқ па?
– Солай деуге де болады. 1990-жылдары [президент] Нұрсұлтан Назарбаев пен [премьер-министр] Әкежан Қажыгелдиннің арасында болған тайталас бұларға үлкен сабақ болды. Тұңғыш президент те, кейінгі президент те содан кейін аса сақтық танытып, азды-кем өз бетінше шешім қабылдай алатын және амбициясы жоғары саясаткерлерді премьер-министр етіп тағайындамайтын болған.
Көп жағдайда дәл сондай үлгіні облыс және қала әкімдерінен де байқап жүрміз: жалтақ, харизмасы жоқ, саяси тәуелді тұлға, айтарлықтай уақыт жоғары лауазымды қызмет атқарса да, саясатты өз бетінше жүргізе алмайды.
– Қазақстанның саяси алаңының тазарғаны сонша, харизмасы бар, өзі шешім қабылдай алатындар жоқтың қасы деп ойламайсыз ба?
– Жеке мәселелерді ақпарат алаңына жеткізуші режим спикері мен дербес саяси тұлға болу – екі бөлек дүние. Қазір саяси дербестік ешкімде жоқ, сол себепті президент кімді тағайындаса да, нәтиже шамамен бірдей болады.
Есіңізде болса, Тоқаев 1999-2002 жылдар аралығында премьер-министр болды, оның "Демократия – саясаттағы "киндерсюрприздердің" қолындағы ойыншық емес" деген сөзі бәріміздің есімізде ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын алғаш құрушыларды сынаған Тоқаев телеарналардан осылай де мәлімдеген – ред.).
Тоқаев амбициясы жоғары, авторитар жүйе ішінен үй тігіп, өзіне қажетті база жасақтап, жақтастар жинайтын адамды тағайындай алмайтынын түсінеді, өйткені ондай адам президенттің өз билігіне тікелей қауіп төндіреді.
Назарбаевтың тұсында иерархияның барлық сатысынан түгел өткен адам ретінде Тоқаев мұны жақсы бағамдай біледі. Бұл тұрғыда маңызды шешімді өзі дербес қабылдай алатын тұлға премьер-министр болады деп күтпеген абзал.
Үкімет құрамын парламент құрып, бекітетін демократиялық елдермен салыстырып қарап көріңізші: ол жақта үкіметке коалициялық бағдарлама жасау жүктеледі, яғни ол сайлау арқылы билікке келген парламенттік көпшіліктің немесе үкіметке кепілдік беріп, өз атынан бір іс-қимыл атқаруды тапсыратын парламенттік көпшіліктің бағдарламасы.
Біздегі үкімет жүйесі толықтай президентке есеп береді, іс жүзінде президенттің бұйрығымен құрылған. Ол жай ғана бұйрық орындаушы, оның ешқандай бағдарламасы жоқ. Үкімет құрамына кіретін министрлер де көзқарасы мен мүддесі айқын саясаткер емес.
– Қандай жағдай болcын, кей министрдің тұсында әлдебір сала жақсарса, енді бірінің тұсында нашарлай түсті, демек олар шама-шарқынша бір нәрсе шеше алады, тіпті табысқа жетті десе де болғандай. Саяси сала мен шаруашылық саласын айтпағанда.
– Өзіміз білетін эмпирикалық тәжірибеге сүйеніп көрелік. Бізде 1995 жылдан бері еш өзгеріссіз жұмыс істеп келе жатқан жүйе бар. Ондағы үкіметтің қызметі аралас сипатта: үкіметтің жаңа құрамы енгізген, мәжілістен тысқары түрлі мәселелерді ескеретін бағдарламалар да, сонымен қоса жүйенің тиімділігін арттырып, есеп беруге міндеттейтін бағдарламалар да бар.
Әрине, кейбір тұлғалар ерекше көзге түсуі мүмкін, бірақ әңгіме мүдде қайшылығына келіп тірелсе – қандай да бір саясат жүргізіп отырған жерден одан қашып құтылу, әрине, мүмкін емес – мұндай мәжіліске шығарылмайтын ішкі мәселелер, әсіресе олар елді саяси басқарумен байланысты болса, қоғам мүддесінен басым түседі.
Жай ғана мысал ретінде алайық, "Самұрық-Қазына" холдингін реформалап, үкіметке бағынбайтын және оған есеп бермейтін жеке ірі құрылымның қызметі тарапынан есеп беруді енгізгіңіз келсе, үкіметтің бұл салада ешқандай билігі мен саяси құзыреті жоғын көресіз.
Сондықтан, иә, әсіресе үкімет мүшелерінің саны басым болған соң, кейбір дүниелер жүзеге асып та жатады, бірақ бәрі шектен аспайды. Сол себепті ақыр соңында біз мұндай жүйенің тиімсіз екенін көреміз және үкіметтің тиімсіздігінің себебі жүйедегі кедергілер екенін анық түсінеміз.
– Ақорда мұны түсіне ме?
– Әрине, сөзсіз түсінеді, жүйе әу баста солай құрылған. Егер 1993 жылға дейінгі БАҚ жарияланымдары мен газеттегі мақалаларды оқып, саяси процесті байқасаңыз, атқарушы билікті үнемі сынап-мінеген, одан есеп талап еткен парламент пен атқарушы билік арасындағы өзара байланыс мүлдем басқаша болғанын көресіз.
Қазір парламент әлсіз немесе саяси күш-қауқары жоқ, үкімет тек президент бұйрығын орындайтын органға айналған.
Оның үстіне саяси процестің өзі шектеулі болғандықтан, үкімет саясаткерлердің жаңа буынын дайындамайды. Премьер-министрдің өзінен бастап министрлерді түгелдей дерлік саясаткер деуге келмейді, олар көбіне мемлекеттік қызметкер сияқты, яғни бұйрық бойынша тағайындалғанымен, ешқайсының нақты саяси мүддесі жоқ.
ПІКІРЛЕР