Accessibility links

Oyan, Qazaqstan белсендісі 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап етті


Oyan, Qazaqstan! белсендісі Темірлан Еңсебек және полиция қызметкері. Алматы, 9 ақпан 2024 жыл.
Oyan, Qazaqstan! белсендісі Темірлан Еңсебек және полиция қызметкері. Алматы, 9 ақпан 2024 жыл.

9 ақпанда түстен кейін Алматыда Республика алаңында Oyan, Qazaqstan! белсендісі Темірлан Еңсебек 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.

Белсенді әкімдіктің ресми лауазымды тұлғаларының аты жазылған плакат жайды.

"Апта сайын феминистер шеру өткізуді талап етіп, жалғыз адамдық пикеттерге шығып жатыр. Менің ойымша, әйелдер құқығы жүйелі түрде бұзылады" деді Еңсебек.

Masa.media сайты жариялаған видеода Темірлан Еңсебек қазіргі әкім Ерболат Досаев жыл сайынғы дәстүрді бұзып, әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтады.

Белсендінің пикетіне полиция қызметкері келіп, акция жөнінде сұрайды. Темірлан Еңсебек оған шараның рұқсат етілген пикет екенін түсіндіреді.

1 ақпан күнгі баспасөз жиынында әйел құқығын қорғаумен айналысатын ұйым белсенділері Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, жергілікті билік белсенділерге бейбіт жиынға бөлінген орындарда "мәдени шара өтеді", "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген.

Былтыр феминистер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген негізге келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған.

Жуырда феминистер әкімдік шеруге рұқсат етпесе, жалғыз адамдық пикеттер өткізетінін мәлімдеген. Алғашқы пикетті 2 ақпанда белсенді Лия Берген өткізген. Кейбіріне кедергі де жасалды.

Былтыр да 8 наурызда әйелдер шеруіне рұқсат етілмеді, алайда кейін феминистерге Ганди паркінде шағын акция өткізуге рұқсат берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG