Accessibility links

Тендер ойнатылды, арық бітелген күйі жатыр. Семейді неге су басты?


Семейдің Затон ықшамауданында арық тазалап жүрген жұмысшылар. Абай облысы, 11 наурыз, 2024 жыл.
Семейдің Затон ықшамауданында арық тазалап жүрген жұмысшылар. Абай облысы, 11 наурыз, 2024 жыл.

Абай облысының әкімшілік орталығы Семей қаласының көшелерін және қала маңындағы ауылдар мен ықшамаудандардағы бірнеше жер үйді су басып жатыр. Жергілікті билік күн күрт жылып кеткендіктен осылай болды десе, қоғам белсенділері мен судан зардап шеккендер бұған ауа райының қатысы жоқ деп біледі.

"ҚҰРАЛ-САЙМАНЫ ДА, АДАМЫ ДА ЖОҚ"

Петр Бригидов – 70-тен асқан қария. Шөкесінен отырған күйі жанында тұрған темір шелекті суға толтырып жатып, қандай қиындыққа тап болғанын әңгімелей бастады. Шелек аузы-мұрнынан шыға суға толды. Зейнеткердің жер үйін су алғанына осымен екінші күн.

– Міне, су әлі келіп жатыр. Мен болсам біресе күрекпен, біресе шүберекпен жинап әуремін, – дейді Пётр Бригидов. – Бұрын арықтарды уақытылы тазалайтын, үйімізге су келмейтін. Биыл су басып қалды, өйткені арықты ешкім тазалаған да, тескен де жоқ. Үш ай бойы жүгірдім, жаңа жылға дейін арықты тазалаңдар деп ескерттім, бірақ ешкім келген жоқ. Ешкім құлақ аспады. Жартасқа бардым, күнде айқай салдымның кері.

Зейнеткер Петр Бригидов үйіне кірген сумен әлек болып жатыр. Семей, 12 наурыз, 2024 жыл.
Зейнеткер Петр Бригидов үйіне кірген сумен әлек болып жатыр. Семей, 12 наурыз, 2024 жыл.

Бригидовтың ауласында бір топ адам жұмыс істеп жатыр. Олар осы маңайға жырамен келетін суды бұру үшін толып қалған арықтарды тазалап, суды арнайы құралмен сорып әбігер.

– Төтенше жағдай қызметін, әкімді, бәрін шулатқаннан кейін бригада келді. Кеше түні бойы тазартып, су сорды. Таңертең ауысыммен басқа бригада келді. Жыраны бұрып берді. Оған дейінгілер ақшасын алды да, кетіп қалды, – дейді тұрғын.

Бригидовтың айтуынша, бұрын су тек "2-3 метрге дейін ғана жақындап келіп қайтатын". Өйткені арықты уақытында тазалап тұратын.

Петр Бригидов тұратын ықшамаудан Затон деп аталады. Семей маңындағы ойпатта орналасқан басқа да ауылдар сияқты Затонды бірінші болып су басады.

Затон ықшамауданындағы көшені су басқан. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.
Затон ықшамауданындағы көшені су басқан. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер кінәні ауа райына артады.

"Семей қаласында күн күрт жылып, қар тез ерігендіктен төрт үйдің ауласы мен бес көшені су басып қалған", – деді 11 наурыз күні төтенше жағдағы департаменті.

Бірақ жұрт бұл ауа райынан емес, негізінен, су бұру жүйесі бақылаусыз қалғанының салдары дейді.

Семей шекарасындағы Березов ауылында тұратын Кәкен Кәріпбаев арықтарды тазартуға тендер жеңіп алған ұйымға хабарласып көрген: ол тоған суға толып, өзі тұратын ауыл мен көрші ауылдың арасындағы жалғыз жолды мұз басып қалғанына алаңдайды.

Көшеде жаяу жүру қиын, лай судың асты көктайғақ мұз. Березов ауылының оқушыларына сабаққа барып-қайту үшін көлік берген.

Семей қаласының тұрғыны Кәкен Кәріпбаев. 12 наурыз, 2024 жыл.
Семей қаласының тұрғыны Кәкен Кәріпбаев. 12 наурыз, 2024 жыл.

Алайда проблема сол күйі шешілмеді. Тоғандағы су ақсын деп орнатқан екі құбырды да мұз құрсап, қамыс басып қалған. Қар ерісе, екі ауылдың ортасындағы жол жүруге мүлде жарамай қалады.

– Құрал-саймандары да, адамдары да жоқ. Жұмысты тезірек аяқтаңдар деп, күніне бес-алты рет хабарластым. Сосын амал жоқ, өзіміз адам жалдап, көршілерді ұйымдастырдық. Ол сонау қазан айының ортасы еді, жаңбыр жауып тұрған шақ, – дейді Кәкен Кәріпбаев.

Қар суы тұрғындарды әбігер қылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:43 0:00

Кәріпбаев билік орындары төтенше шара қабылдамаса, үйлер суда қалады деп қорқады.

– Қаңтарда жауын жауды да, жер қатып қалды. Қазір сол ери бастады. Ертең су қайда ағады? Әрине, жоғары қарай. Қазір олар жанталасып, біреуді жұмыстан шығарып, әуреге түседі. Бірақ одан не пайда? Бір апта осылай тұрса, үйлер суға кетеді, – деген Кәріпбаев тұрғын үй секторын нұсқады. – Әне, су ана жаққа қарай ағып, қар еріп жатыр.

Березов ауылындағы су ағатын құбыр көк мұздың құрсауында жатыр. Семей, 12 наурыз, 2024 жыл.
Березов ауылындағы су ағатын құбыр көк мұздың құрсауында жатыр. Семей, 12 наурыз, 2024 жыл.

ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНА НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАЙ МА?

Қазақстанда климат күрт құбылып тұрады. Қыста қар жаууы, көктемде су тасуы және жазда жер-дүниені құрғатып-қурататын аптап болуы – қалыпты құбылыс. Бірақ Семейдегі қазіргі жағдай табиғи құбылыс емес, адам қолымен жасалған проблема дейді қоғам белсенділері.

350 мың адам тұратын қаланың халқы былтыр желтоқсан айынан бастап арықтар тазаланбай тұр деп дабыл қақты. Мирный ауылындағы үйлерді, сарайларды су басып, мұз қатып жатты. Халық отын-көмірін су жиналған жерден ары тасып әлек болды.

Абай облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Роллан Машпиев бұл тасқын – қала инфрақұрылымына немқұрайды қараудың салдары дейді. Шенеуніктер шала жасалған жұмысты қабылдай береді, оның астарында көлденең пайда табу ниеті бар шығар деп те топшылайды.

– Зейнеткер маманды алып барып, көрсеттім. Оның айтуынша, [арық] науалар деңгейге сай орнатылмаған. Араларында су жан-жаққа ағып кетпес үшін қойылатын резеңке жалғағыш жоқ. Науаларды қалай болса солай тастап, үстіне құр топырақ үйіп кеткен. Астына қиыршық құм қоспасын төсеуі, көктемде бүкіл желіні тазартуы керек болатын. Тазаламаса, суық түскенде мұның бәрі су ағып кетуіне кедергі болады да, мұз қатады.

Су басқан көшелердің бірі. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.
Су басқан көшелердің бірі. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.

Науа орнату және арық жөндеу жұмыстары бойынша тендерді Тараз қаласындағы "Аз и Мур строй" компаниясы ұтып алған дейді Машпиев. Келісімшарт 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болған. Кейін компания оның мерзімін ұзартудан бас тартқан.

– Әдетте, шарт конкурс өткенге дейін, яғни тендерге басқа компания келіп, немесе сол компания қалғанға дейін бірнеше айға ұзартылатын. Олар аяғына дейін жұмыс істеуі керек еді. Бірақ істемеді. Олардан кейін бір жергілікті компания техникасы мен адамдарын алып келіп, жұмыс істей бастады. Бірақ бар болғаны бір жарым ай ғана жұмыс істеді де, кетті. Соның салдарынан арықтар тазаланбай қалды. Қазір 8-9 жыл бойы қызмет көрсеткен "Зеленстрой" қайтадан қолға алыпты, – дейді Машпиев.

Бригада шебері Бердібек Хайруллиннің айтуынша, су бұратын арықтар тазармағандықтан аулаларға су кірген.

– Тазартпаған, тереңдетпеген. Салдарынан халық зардап шегіп отыр. Су толып жатыр. Шөпті де уақытында шаппаған. Дұрыс қарамаған ғой. Қоқысын ғана жинап алған. Міндетті жұмыстар жасалмады, – дейді Хайруллин.

"Аз и Мур строй" компаниясы Семейдегі тендерге 2023 жылы сәуірден қатыса бастаған. Бірден арық жүйесін жыл сайынғы жөндеуге 103 миллион теңге және жол грейдингін жасауға (жол жабынын тегістеуге) 150 миллион теңге ұтып алған. Компания су бұруға арналған арықтардың күтіміне деп, тағы 40 миллион ұтады. Тамыз айында "Аз и Мур строй" компаниясына жолдарды грейдермен тегістеуге тағы 50 миллион теңге қосып берген. Тараздық компанияға тіпті еріген қарды, жаңбыр суын және лай суларды айдауды да сеніп тапсырған.

Тасқын су елді әбігерге салған кезде арық тазалап жүрген жұмысшылар. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.
Тасқын су елді әбігерге салған кезде арық тазалап жүрген жұмысшылар. Семей, 11 наурыз, 2024 жыл.

"Аз и Мур строй" компаниясы барлық міндетімізді орындадық, ал қазіргі су тасқынына қатысымыз жоқ деп отыр. Компания басшылығы қоғам белсенділері мен Семей тұрғындарының сынына келіспейді.

– Не дейді өзі?! Жұмысты жақсылап атқардық, келісімшарт 31 желтоқсанға дейін күшінде болды. Тапсырыс беруші бәрін қарап, жұмысты қабылдады. Олай айтуға болмайды. Бұл біздің кінәміз емес, – деп жауап берді "Аз и Мур строй" директоры Фатима Төлебаева телефонмен.

– Бәрін тазаладық. ТКШ мамандарының бәрі қалай тазалағанымызды, қалай істегенімізді көрді. Қалалық инспекторлармен жұмыс істедік, – дейді компания өкілі Айдос Тәңірбергенов.

"ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК"

Қазақстанның құрметті құрылысшысы деген атағы бар, Семей қаласында тұратын Николай Исаев су тасқынын ауа райынан көру ақылға сыймайды дейді. Ол бұған жауаптылар жұмыс барысында кеткен қате-кемшілікті жасырып қалған деген пікірде.

– Ауа райы шындықтың бетін ашты. Биыл қар көп болған жоқ, қыстың аяғына қарай аздап қана жауды. Бұл бір. Екіншіден, барлық нұсқалар қарастырылуы керек еді. Кез-келген жобада қауіп-қатер ескерілгені жөн.

Семейдегі Березов ауылы. Абай облысы, 12 наурыз, 2024 жыл.
Семейдегі Березов ауылы. Абай облысы, 12 наурыз, 2024 жыл.

Исаев үйлерді су алғанына су бұру жүйесін тазартуға тапсырыс берген әкімдік те, тапсырыс алған мердігер компания да кінәлі деп есептейді.

– Әкімдік тапсырыс беруші болғандықтан, жағдайды ретке келтіріп, жауапкершілікті мойнына алуы керек. Өйткені қалай болғанда тапсырыс беруші сол ғой. Ол не тапсырманы дұрыс бермеген, не шала жасалған жұмысты қабылдап алған. Ауа райына сілтеу – ақымақтық. Орындаушының да кінәсін жоққа шығармаймын. Тапсырыс орындауға басқа аймақтан келіп, біздің өлкенің ауа райын білмегендіктен осылай болып отыр. Тендер жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Көбіне басқа аймақтан келіп тапсырыс орындайтындардың қолында қалам мен ақша салатын әмияннан басқа ештеңе болмайды.

Азаттық бұл мәселеге байланысты қойған сұрағына Семей қаласы әкімдігінен жауап ала алмады. Баспасөз қызметі тілшімізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысынан сұраңыз деп кеңес берді. Ал онымен байланысу мүмкін болмады.

Семейдегі су басқан арық жүйесін тазартуға қазір әскери қызметкерлерді жұмсап жатыр. Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті көмекке 68303-әскери бөлімнің сарбаздары мен құрал-жабдықтарын алдырдық деп мәлімдеді. "Қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұрған жоқ", – деді департамент.

Петр Бригидов үйін қар суынан әлі тазарта алмай жатыр. Үйдің ішінде сырт киіммен жүруге мәжбүр болған зейнеткер бөлмелер сыз тартып, баспанам тұруға жарамай қала ма деп қорқады. Үйдің іргетасына ылғал сіңіп алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG