Accessibility links

ТЖМ Атырау облысында су басқан үйді тексеруге шыққан екі ер адамның денесі табылғанын хабарлады


ТЖМ таратқан сурет. Атырау облысы, Құлсары. 6 сәуір 2024
ТЖМ таратқан сурет. Атырау облысы, Құлсары. 6 сәуір 2024

7 сәуірде сағат 11 шамасында Атырау облысында құтқарушылар екі адамның денесін тапты.

Ақпаратқа қарағанда, 6 сәуірде Жылыой ауданы Құлсары қаласында “1974 жылы туған ер адам досымен бірге рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйді тексеру үшін трактормен бара жатқанда жолдан шығып аударылған”.

ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезінде өте мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйлер мен эвакуациялау пункттерінен кетпеуге шақырды.

Бұған дейін елде су тасқынынан қаза болғандар жөнінде ақпарат болған, алайда бұл ресми түрде мойындалған алғашқы хабарлама.

Осы аптада Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 10 жасар баланың өлгені хабарланған. Оқушы бала ауыл сыртындағы сайға барып, қар суына батып мерт болған. Абай облысында төрт адам із-түзсіз жоғалды. Аягөз ауданының Қарағаш ауылында екі адам суға кетті деп айтылады. 39-жастағы Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин 26 наурызда трактормен 10 сағат бойы өзен ортасында қалып қойған, бірақ көмек келмеген. Ауыл әкімі Азаттыққа ауданнан "көмек сұрағанын", бірақ көмек келмегенін жеткізді. Айғыз ауылы маңындағы Үйтас қыстауының малшысы 47 жастағы Әділжан Құлқаевты 23 наурызда тасқын ағызып әкеткен. Үржар ауданында 23 жастағы тұрғын да іздестіріліп жатыр, ол да өзенге ағып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Ақпаратқа қарағанда, Құлсарыда қазір әкелі-балалы екі адам іздестіріліп жатыр. Қала тұрғыны Ақмарал Ербөлекова кешеден бері жоғалып кеткен екі ер адамның әлі іздестіріліп жатқанын растады. Ол жан-жақтан көмек сұрап жатқанын, тікұшақ пен дронмен іздеп, сүңгуір жіберсе дейді.

ТЖМ мәліметінше, су тасқыны басталғалы бері эвакуация аймақтарынан 72 мыңнан астам адам құтқарылған, 16 мыңы бала. Қазір Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жағдай күрделі.

Атырау облысы Жылыой ауданынан 28,5 мың тұрғын эвакуацияланған, 6 781-і – бала. Жұрт қайық, тікұшақ және әскери техника арқылы көшіріліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG