"ТАСҚЫН ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ"
Қазақстанда 2024 жылы су таситын кезеңге дайындық мәселесі былтыр, 2023 жылдың тамызында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында 343 үйді су басып қалғанан кейін үкімет отырысында талқыланған. Ұзаққа созылған талқыға бұл мәселеге қатысы бар мемлекеттің мекемелердің барлығы қатысып, атқарған жұмысы жөнінде есеп берген.
"Тасқын жұмыс барысындағы олқылықты, ақшаны уақытында толық бөлмеу сияқты қателікті кешірмейді. Былтыр көктем оңай болған жоқ. Су адамға ырық бермей, жағдайдың асқынуына оңтүстік және батыс аймақтардағы елді мекендер маңында су ағызатын арналар мен арықтар жоқтығы себеп болды", – деді сол кездегі төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов сол тұстағы премьер-министр Әлихан Смайыловқа (екеуі де 2024 жылдың ақпанында министрлер кабинетінің бүкіл құрамымен бірге отставкаға кетті – ред.).
Сол жиында 2021-2023 жылдардағы су тасқынының алдын алуға арналған іс-шара жоспарының ("жол картасы") жартысына жуығы жүзеге аспай қалғаны белгілі болған еді.
"Атқарылған жұмысты талдаған уақытта 218 іс-шараның бар болғаны 88-і немесе 40 пайызы ғана іске асырылып, 14 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған болып шықты. Қалған 138 іс-шараның 58-і әлі жалғасып жатыр, 78-і уақытында аяқталмайды деген қауіп бар, – деген Шәріпханов. – Әлі күнге дейін техникалық тексеруден басқа жұмыс жүргізілген жоқ".
Алда алапат тасқын болуы мүмкін деген әңгіменің ұшығы биыл қаңтарда тараған-ды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аймақтың 87 елді мекеніне қауіп төніп тұрғанын айтты. Ол кезде ТЖМ министрі болған Шәріпханов оңтүстік облыстарға да дайын болу керегін ескерткен еді.
Мамандар Орал қаласында 30 жыл ішіндегі ең ауқымды тасқын болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қостанай облысы ТЖД өкілі облыстағы 10 бөгет жеткіліксіз, олардың біреуі жарылса, дабыл жүйесі жоқ ауылдық жерлер су астында қалуы мүмкін деп мәлімдеген.
Ақпанда қызметке жаңадан тағайындалған төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов қарғын су "тез еруі мүмкін, бірақ күтпеген жерден су таситындай жағдай болмайды" деп айтқан еді.
"Дайындық жұмыстарының бәрі жасалды, оған қарсы алгоритмдер бар, сондықтан көктем келсін, көре жатармыз", – деген Арынов.
Дәл сол ақпан айында министр "жол картасын" жүзеге асыруда прогресс бар деп мәлімдеп, кейінгі жеті айда (оның үшеуі – қыс айлары) орындалмаған іс-шара саны 130-дан 92-ге дейін азайғанын хабарлаған. Бірақ ол атқарылған 38-і нақты қандай іс-шара екенін ашып айтқан жоқ. 2021-2023 жылдарға арналған "жол картасы" аясындағы іс-шараларға жағалауларды нығайту, бөгеттер салу және қайта жөндеу жұмыстары, арналарды тазарту, бөгеттерді жөндеу, су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу кіреді.
ТЖМ наурызда тағы есеп берді. Есепте көктемге дайындық барысында жалпы ұзындығы 65 шақырым болатын уақытша бөгет салынғаны, 670 арна мен екі мыңға жуық арық тазартылғаны, 10,5 текше метр қар шығарылғаны айтылды.
"СУ ЖАЗЫҚ ДАЛАДАН КЕЛДІ"
Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, су тасып, қауіп төндіргеннен кейін Қазақстанның әртүрлі өңірінен 20 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Жеті өңірді – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын су басты. Тасқын салдарынан БҚО-да төтенше жағдай режимі жарияланды. Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлағандай, енді ғана сең жүре бастаған Шығыс Қазақстан облысының бес ауданы қазір қатер аймағында тұр. 300-ден астам ауылды тасқын су басу қаупі бар. Қазақстан билігі биылғы тасқын келтірген залал кейінгі 30 жыл ішіндегі ең ауқымды шығын болуы мүмкін дейді.
ТЖМ "қарғын судан келетін қауіпке дайын болдық, алайда кейбір аймақта күтпеген жерден су деңгейі жылдам көтеріліп кетті" деп отыр.
"45 мыңнан астам адам тұратын 11 аймақ пен 46 елді мекенге тасқын туралы ескерту жасалды. Қазір суға кетіп жатқан қалған 5 облысқа келер болсақ, бұл аймақтарға тасқын су өзеннен емес, жазық даладан ағып келіп жатыр. Яғни су даладан келді. Бұл аймақтарда кейінгі жылдары су деңгейі көтерілмеген еді", – деді 2 сәуір күні төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов.
Тасқын әлі басылмады. Батыс Қазақстанға қауіп күшейді (5 сәуір, 2024 жыл)
Ол "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны директоры Данара Әлімбаеваның сөзіне осылай жауап қатты. Сол күні Әлімбаева бұған дейін ауа райын болжайтын қызмет желтоқсаннан бері су тасқыны болатынын болжап келеді деп мәлімдеді.
"Қазгидромет" кәсіпорнының мәліметінше ұйым 377 гидрологиялық бекетке мониторинг жүргізеді. Оның 329-ы – өзен бекеті.
– Біз су тасқыны жөнінде алдын ала болжамды жыл сайын 1 ақпанда жариялаймыз, ал негізгі болжам 1 наурыз күні хабарланады, сөйтіп сәуірдің аяғына дейін күн сайын болжап отырамыз, – деді ұйымның баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова. – Күн сайын, тәулігіне 2 рет судың деңгейі, температурасы, ауа температурасы бақыланады. Күз, қыс және көктем кезінде мұздың жай-күйін, ал қыста мұздың қалыңдығы мен мұз бетіндегі қардың қалыңдығын бақылаймыз.
"ЖЫЛДАР БОЙЫ МАРДЫМСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕЛГЕН"
Экономикалық ынтымақтастық ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан аумағының 75 пайызына табиғи апаттардан қатер төніп тұр.
"Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын дерлік қайталанатын тасқын ауқымды экономикалық шығын мен антропогендік зардаптар туғызып отыр", – деп хабарлады ұйым 2019 жылы.
Сарапшылардың айтуынша, ел аумағы қарғын су астында қалуына ішінара табиғи факторлар ықпал еткен. Су ресурстары зертханасының жетекшісі, гидролог Айсұлу Тұрсынова бұған күзден бері құбылған ауа райы да – бір себеп дейді. Биыл қыс ерте түсіп, топырақ кеппей жатып, жерге сең қатты, аса көп мөлшерде қар жауып, күн тым ерте жылынды, соның салдарынан сең қатқан жер суды сіңіріп үлгермеген.
– Одан кейін өзен арналарының толып кетуі және шөгуі сияқты қарапайым факторлар бар. Сөйтіп, табиғи арналардың ғана емес, арықтардың, дренаж жүйелерінің де су өткізу қабілеті нашарлаған, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, арналарды ашу, көпірлерді қоқыстан тазалау, өзен жағалауларын нығайту, қарды уақытында шығарып тастау сияқты жұмыстар – тасқынның алдын алудағы маңызды факторлар.
Мамандар аймақтарда су тасымай тұрып жүргізілген дайындық жұмыстарының сапасын дәл қазір сынай алмай отыр. Дегенмен бұған дейінгі жылдарда жүргізілген зерттеулерге сүйенуге болады.
2020 жылы қоғам белсенділері БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысы Атбасар қаласының билігі 2016-2020 жылдары су таситын маусымда қалай әрекет еткенін зерттеп көрді.
"Қоғам белсенділерінің айтуынша, Атбасар қаласындағы келеңсіз жағдайға негізінен, тасқынға қарсы жұмыстардың тиімсіз жүргізілуі, үкіметтің халықтың уайымын елемеуі, БҰҰ ЕЭК Орхус конвенциясы ережелерін бұзуы, бөгет қабырғасының жарылуы, өзеннің ластануы мен саяздануы, Алматы – Екатеринбург автожолын салу кезінде қоқыс жинауға арналған құрылыс нысандарының болмауы, сыбайлас жемқорлық себеп болған", – делінген ЕЭК сайтында жарияланған зерттеу қорытындысында.
Мамандар су қоймалары мен контрреттегіштер салуды да тасқынның алдын алу шарасы деп есептейді. Мұндай жобалар Қазақстанда да бар, бірақ олардың жағдайы қандай екенін ешкім білмейді. Мысалы, 2011 жылы салынған Сырдариядағы Көксарай контрреттегішін алайық. Оған құрғақшылық кезінде суару үшін пайдаланылған судың артық мөлшері жиналып қалған. Қазір ол жартылай ғана жұмыс істеп тұр. ТЖ министрінің айтуынша, мамандар жұмыстың ретін білмей, құрылысты тоздырып жіберген.
"8 жерде су қоймасын дұрыс пайдаланбау және уақытылы су ағызбау салдарынан грифондар пайда болған. "Қазсушар" басқа да су қоймаларында су дұрыс жиналмайтынын жыл сайын байқайды. 2022 және 2023 жылдары Шардара контрреттегішін суға толтыру бекітілген кестеден бір ай бұрын жүзеге асырылды. Мұндай әрекеттердің салдарынан төменгі елді мекендерді су басып қалу қаупі туады", – деді Арынов.
Тағы бір үлкен проблема – көпшілігі 1970-80 жылдары, кейбірі тіпті 1960 жылдары тұрғызылған гидротехникалық нысандардың қазіргі жағдайы. 2023 жылы экология және табиғи ресурстар министрі 1478 нысанның 510-ын жөндеу қажет деген еді.
"ҚазҰАЗУ Water Hub халықаралық зерттеу орталығының" директоры Анатолий Рябцев бүкіл сала қаржыландыру тапшылығынан қатты зардап шегіп отыр дейді.
– Біз ондаған жылдар бойы қайта жөндеуді қажет ететін нысандарға қаржы бөлмей келеміз, – деді ол.
Мамандар қазір Қазақстанда болып жатқан, әрбір он жылда бір рет қайталанатын ірі ауқымдағы су тасқынын толықтай тоқтату мүмкін емес, бірақ залалды барынша азайтуға болады дейді. Бұл жерде болжам жасау маңызды рөл атқарады. Бірақ гидролог Айсұлу Тұрсынованың пікірінше, оның өзі ресурстар мәселесіне келіп тіреледі. Ал "Қазгидромет" кәсіпорнында нақты картинаны болжауға сол ресурс жетіспей жатады дейді маман.
2017 жылы "Қазгидромет" Гидрология департаментінің директоры Дүниежүзілік метеорология ұйымының есептеуі бойынша, Қазақстан аумағында кемінде 800 су бекеті болуы керек деп айтқан. 7 жыл ішінде Қазақстанда барлығы 49 су бекеті ғана орнатылды.
– Қазақстан аумағындағы 370 су бекеті мәлімет жинауда мұндай үлкен аумақты толық қамти алмайды. Мониторингтен бастап, өзен бастауларын басқару шараларына дейінгі жұмыстың бәрі мүшкіл халде, себебі жылдар бойы ештеңе істелмеген, – дейді Тұрсынова.
Анатолий Рябцев апаттың басты себебі – саланы дұрыс бақара алмау дегенмен келіседі.
– Су біздің салғырттығымызды бетке басты. Бір кездері мәселені шешуді бастап, аяғына дейін жеткізе алмағанымыз бізді осындай халге жеткізіп отыр, – дейді Рябцев.
ПІКІРЛЕР