Accessibility links

Тоқаев Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерге су басқан аймақтарды "бекітті". Бұл нені білдіреді?


Большая Малышка ауылында үй-жайларды басып қалған судың деңгейін өлшеу үшін қолдан жасалған аспап. Солтүстік Қазақстан облысы, 16 сәуір, 2024 жыл.
Большая Малышка ауылында үй-жайларды басып қалған судың деңгейін өлшеу үшін қолдан жасалған аспап. Солтүстік Қазақстан облысы, 16 сәуір, 2024 жыл.

16 сәуір күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер су тасқынынан зардап шеккен "әр облыс, аудан мен ауылға" қамқоршы ретінде бекітілетінін мәлімдеді. Әр кәсіпкерге "нақты жауапкершілік артылады" деп қосты Тоқаев. Кәсіпкерлердің ешқайсысы оған қарсы келген жоқ, бірнешеуі миллиардтаған ақша аударуды бастап та кетті. Ал Азаттық пікір сұрап хабарласқан сарапшылар "олардың басқа амалы болмағанын" айтады.

"АПАТ БӘРІН ТЕҢЕСТІРДІ"

16 сәуір күні Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен адамдармен және кәсіпкерлермен кездесу кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Forbes қаржы-экономикалық журналының қазақстандық басылымы түзген тізімге енген кәсіпкерлермен "әңгімелесетінін" мәлімдеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысына сапарында кәсіпкерлермен және еріктілермен кездесті. 16 сәуір, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысына сапарында кәсіпкерлермен және еріктілермен кездесті. 16 сәуір, 2024 жыл.

"Елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады", – деген президенттің сөзі Ақорда сайтында жарияланды.

Кәсіпкерлер қалай "бекітілетінін", олар қалай және неліктен "нақты жауапкершілік" арқалайтынын Ақорда кеңірек түсіндірген жоқ. Алайда 25 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында сөйлеген сөзінде Тоқаев "бекіту" туралы сөзін қайталады, бірақ бұл жолы "көмектесуге ниет білдірген" дегенді қосып айтты.

"Әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын", – деді Тоқаев.

Forbes Kazakhstan басылымы түзген 2023 жылғы Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінде 44 адам және 6 отбасы бар. Президент мәлімдемесіне кәсіпкерлер қарсы болғаны жайлы ешқандай ақпарат жоқ.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақстандағы жағдайда кәсіпкерлер тіпті қалаған күннің өзінде де президентке қарсы келе алмас еді деп есептейді. Ойынның жазылмаған мұндай ережесін елдің бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев орнықтырып кеткен дейді ол.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов
Саясаттанушы Димаш Әлжанов

– Билік басындағылар – президент пен командасы – өзіне тәуелді бизнестерді тікелей пайдалануды жалғастыра береді, себебі олар елдегі көптеген процесті бақылауда ұстап отыр, қолында күштік аппараты бар және кез-келген сәтте кәсіпкерлердің қаржы көзін жауып тастауға, кәсіп жүргізуге қолайлы бүкіл жағдайды өзгертіп жіберуге мүмкіндігі мол, – дейді саясаттанушы.

Азаттық Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмендердің бірқатарына хабарласып, президент мәлімдемесіне қатысты пікір сұраған еді. Осы мақала жарияланғанға дейін тек Болат Өтемұратовтың ("Верный капитал") және Ерлік Балпанбаевтың (Alina компаниялар тобы) баспасөз қызметінен жауап хат келді.

Өтемұратовтың баспасөз қызметі кәсіпкер Ақтөбе облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 10 млрд теңге бөлгенін хабарлады.

– Басына ауыр күн туған мыңдаған азаматымыздың қалыпты өмірге қайта оралуына мемлекет барынша жағдай жасап жатыр, осыған үлес қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп хабарлады Болат Өтемұратовтың баспасөз қызметі.

Alina Group компаниясын құрған Ерлік Балпанбаев президент бастамасы жөнінде былай деді:

– Бастама дер кезінде әрі әділ көтеріліп отыр. Еліміз көлемі жағынан бұрын-соңды болмаған табиғи апатпен бетпе-бет келіп, оған қарсы бүкіл халық болып жұмылып жатыр. Тіпті Forbes тізіміне енбеген жүздеген мың азаматымыз су тасқынынан зардап шеккен қалалардың халқына қолдан келген көмегін беріп жатқанын көріп отырмыз. Қарапайым адамдар, бизнесмендер, корпорациялар да көмектесіп жатыр. Апат бәрін теңестірді. Осы бір ауыр сәтті бәріміз күш біріктіріп қана еңсере аламыз.

Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бірнеше күн бойы бизнес өкілдері тасқын салдарымен күреске қандай көмек беріп, қанша ақша аударып жатқанын БАҚ арқылы хабарлай бастады. Forbes тізімінде 19-орында тұрған Сергей Кан "мемлекет басшысының үндеуін қолдайтынын" мәлімдеп, инфрақұрылымды қалпына келтіруге 1,5 млрд теңге бөлетінін айтты. "Fincraft Group" ЖШС иесі Кеңес Рақышев пен оның әйелі, "Сәби" қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова 1,2 млрд теңге бөлген, бірнеше мұнай-газ компаниясында үлесі бар кәсіпкер Бахаридин Аблазимов 3 млрд теңге көмек беретінін хабарлады.

Бұл ақпараттардың бәрі Тоқаевтың сөзінен кейін 5 күн өткенде – 22 сәуірде желіде жарияланды.

Kaspi.kz құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе (20 млрд теңге), BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев (5 млрд теңге), "Қазақмыс" компаниялар тобы (40 млрд теңге), Тимур Құлыбаев (30 млрд теңге) және басқалар да тасқыннан зардап шеккендерге ақша жіберуге ниетті екенін мәлімдеді.

Журналист Ардақ Бөкеева
Журналист Ардақ Бөкеева

Forbes Kazakhstan рейтингтері редакторы Ардақ Бөкеева Forbes тізіміндегі кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендірудің және билікке жақындығының арқасында "байлыққа ие болмағанын" айтды.

– 2012 жылы біз жасаған ең алғашқы рейтингтегі адамдардың 80 пайызы "жеке меншігіне қарпып қалғандар" еді. Ал қазір олай емес, қазір бізде жоқ жерден кәсіп бастап, қиындықты көп көрген, яғни бизнесін құтқарып, билікпен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысқан, алайда одан алшақтау жүруді жөн көретін кәсіпкерлер бар, – дейді журналист.

БИЛІКТЕН "БӨЛІС" ДЕГЕН БҰЙРЫҚ ТҮССЕ...

Төтенше жағдай кезінде бизнесмендерді көмекке шақыру – Қазақстанда бұрыннан келе жатқан тәжірибе. Ондайда ел басшылары кәсіпкерлерге "бөлісу" керегін жұмсақ емеурінмен білдіретін. Немесе қатқылдау сөзбен жеткізетін. "Әрбіріңді сотқа жетектеп апара аламын", – деді бір кездері Назарбаев. Ал 2015 жылы капиталды заңдастыру науқан жүріп жатқан шақта Қазақстанда адамдардың қалай байығанын білетінін мәлімдеген. "Мемлекет баюына мүмкіндік берген адамдарды бес саусақтай білемін" деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамындағы іс-шарада жүр. Астана, 21 наурыз, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамындағы іс-шарада жүр. Астана, 21 наурыз, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Бұл нарратив Назарбаевтың ізбасары Тоқаевқа да жат емес. Ол бизнесмендерге бұған дейін де, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң іле-шала, елге көмек беріңдер деген үндеу тастаған. Сол кезде президенттің тапсырмасымен "Қазақстан халқына" атты қор құрылды.

"Тұңғыш президент – елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар және тіпті халықаралық бағам бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет танытып, оған жүйелі және тұрақты түрде көмектесетін уақыты жетті, – деді Тоқаев. – Әрине, біз ірі бизнес тарапынан қорға елеулі және тұрақты, қайталап айтамын, тұрақты түрде ақша аударылып тұрады деп күтеміз".

Ол кезде бір кәсіпкер ғана ашық қарсылық білдірген. Ол адам – бизнесін нөлден бастап аяққа тұрғызғанын, олигархтар тобына жатпайтынын баса айтқан Ерлік Балпанбаев еді. 2022 жылы ол бұқаралық ақпарат құралдарына ашық хат жазып, қызметінің ашықтығына өзінің күмәні бар қорға ақшасын сеніп табыстай алмайтынын айтқан еді. Бизнесмен аталған қорға ақша аударудан бас тартуын компанияның сол кездегі "жағдайының қиындығы, пандемия салдарынан туындаған шектеулер, әлемдегі тауар жеткізу желісінің бұзылуы, тасымал құны мен шикізат бағасының айтарлықтай қымбаттауы" сияқты себептермен түсіндірген.

"Мұндай бастамалардың болуының өзі көпшіліктің көкейіне бөлінген қаржы соған мұқтаж адамдарға жетпей қалады-ау деген күдік ұялататынына сенімім кәміл. Өкінішке қарай, игі ниетпен басталып, ақырында "ұрлап-жырлаумен" аяқталған жайттарды дәл сол БАҚ-тың өзінен оқып, біліп жатамыз. "Қазақстан халқына" қорының құрылымында нақтылық, қаржының кәдеге жарауын бақылауда айқындық пен жауапты нақты адамдардың аты-жөні пайда болса, біз оған қаржылай қатысу жағын қарастыра аламыз деп ойлаймын", – деп жазды бизнесмен. Бұған қоса ол қорға қатысу әркімнің еркіндегі шаруа екенін де айтқан.

Балпанбаевтың Азаттыққа жақында берген жауабына сүйенсек, Alina Group биыл төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап (Тоқаев мәлімдеме жасамай тұрып) зардап шеккен қалаларға жәрдем көрсетуді бастап кеткен.

"Біз шынымен мұқтаж адамдарға, бәлендей дабыра қылмай-ақ, іспен де, басқалай да көмектесіп жатырмыз", – дейді кәсіпкер. Ол компания берген көмегі діттеген жерге жетуін бастан-аяқ толық қадағалайтынын айтты.

Бизнестің қоғамға тұрақты түрде көмек беріп келе жатқанын журналист Ардақ Бөкеева да растады.

– Барлығының иелігіндегі кәсіпорындарының жанынан ашылған жеке қайырымдылық қоры бар, әлеуметтік жобаларды солар арқылы қаржыландырады – мектеп жөндейді, аурухана тұрғызады, ота жасатуға, білім алуға көмектеседі. Олар ақшаны қайда жұмсап жатқанын біледі, сосын әлбетте, басқа бір жаққа ақша бөлген кезде оның қайда, қалай жұмсалатынын да білгісі келеді, – дейді Бөкеева.

2024 жылдың қаңтарында "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев өткен екі жылда қорға 196,6 млрд теңге түскенін, оның 90 млрд теңгесі жұмсалғанын хабарлады. Сәуір айында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде қорға тағы 2,5 млрд теңге түскен. Оның 950 млн теңгесін Динара мен Тимур Құлыбаевтарға тиесілі Қазақстанның Халық банкі аударған.

"БҰЛ НЕ, БАСЫБАЙЛЫ ҚҰҚЫҚ ПА?"

2024 жылы Қазақстан экономикалық еркіндік рейтингінде 176 елдің арасынан 66-орын алды. Бұл рейтингті жыл сайын Heritage Foundation зерттеу орталығы мен Wall Street Journal газеті түзеді. Зерттеушілер Қазақстан экономикасының еркіндігі "орташа деңгейде" деген тұжырым жасаған.

Қазақстан "салық жүктемесі" және "мемлекеттік шығыстар" бағамы бойынша жақсы, бірақ "сот жүйесінің тиімділігі" мен "үкімет адалдығы" жағынан нашар деген баға алған. Кейінгі екі бағам бойынша "репрессивті" деп аталыпты.

– Әкім өз аймағындағы бизнес өкілдерін жинап алып: "Көмектесіңдер, күш те, ақша да жетпей жатыр" десе, онысын түсінемін. Бірақ президенттің біреуге бірдеңені бекітіп қоямын деуі... бұл не сонда, басыбайлы құқық па? Қысқасы, біртүрлі мәлімдеме. Forbes тізіміндегілер көмек бермей жатыр деп ойламаймын, бірақ "әркімге нақты жауапкершілік арту" деген не? Біздің елде өзі құқықтық сана бар ма, жоқ па? – деген сұрақ қояды Ардақ Бөкеева.

Тоқаевтың бұл мәлімдемесін саясаттанушы Димаш Әлжанов та сынға алды. Президент үндеуі бұйрықтан айнымайды дейді ол.

– Бұл қазіргі кезде Қазақстандағы жағдай қандай екенін және мемлекет пен саяси ортаның ел экономикасына қаншалық ықпал ете алатынын өте анық көрсетіп отыр, – деді саясаттанушы "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында. Бұған қоса ол "су тасқыны басқару жүйесі түгелдей тұралап қалғанын әшкере етті" деді.

Тоқаевтың 21 сәуірдегі мәлімдемесі Youtube-тегі "Гиперборей" бағдарламасында да талқыланды. Бағдарлама қонағы, қоғам қайраткері Болат Әбілов бұл жайтты бизнестің, әсіресе "бір кезде шенеунік болып, кейін байып кеткен, елде де, шетелде де миллиардтаған доллары бар" кәсіп иелерінің"әлеуметтік жауапкершілігі" деп атады.

– Алдымен олар аз-аздан беріп отырды, ал президенттің мәлімдемесінен кейін ондай қаражат көбейе бастады, – деді Әбілов.

Бағдарлама авторы Вадим Борейко Қазақстандағыдай жағдай экономикалық еркіндік орнаған елдерде ерсі көрінетінін айтты. Мысалы, Калифорниядағы өрт кезінде АҚШ президенті Джо Байденнің белгілі кәсіпкер Илон Маскке "әмияныңды ашсай" деген талаппен қоңырау шалғанын елестетудің өзі қиын деген наз айтты журналист. Әбілов "дамыған батыс елдерінде мұндай атымен жоқ" деп оның сөзін қоштады.

Америкалық Freedom House үкіметтік емес ұйымының бағасына сүйенсек, 2024 жылы Қазақстандағы демократия рейтингі 1,32-ден 1,29-ға дейін төмендеп кеткен. Ұйым Қазақстанды билік бір қолға шоғырланған авторитар режим басқаруындағы ел деп сипаттаған. Ондай елдер қатарына басқарушы диктаторлары саяси бәсекеге, пікір алуандығына жол бермей, адам құқықтарын өрескел бұзып отырған мемлекеттер жатады.

Орал тұрғындары биліктен көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG