Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі делінетін су тасқыны басталғалы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов тек бір рет қысқа видомәлімдеме жасады. Су басқан аймақтарға шыққан ол ахуалды ашып түсіндірмейді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттің жоғары лауазымды адамдарын қорғаған соң министр портфеліне қол жеткізген Әріновтың жұрт алдына аз шығуы оның бұрынғы қызметімен байланысты ма?
ҚОЛЫНА "ҚАРУ ДА, КҮРЕК ТЕ ҰСТАҒАН" МИНИСТР
Ол су тасқыны басталғалы бері тек бір рет бір минутқа жетер-жетпес видеомәлімдеме жасады. Су басқан өңірлерге барды, апат болып жатқан аймақтарды тікұшақтан қарады. Бірақ көпшілік алдына шығып мәлімдеме жасамады. Су тасқыны салдарын жоюға тікелей жауапты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің соңғы апталарда жұрт алдындағы белсенділігі ведомствоның сайты мен әлеуметтік желі аккаунттарында оның сапары жайлы құрғақ ақпаратпен және мемлекеттік арналарға берген бірнеше минут сұхбатпен шектеледі.
Министрдің көп көзге түспеуін оның алдыңғы қызметімен байланыстыратындар бар. Ол 18 жыл бойы мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеген. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаевты (бұл үшін «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалін алды), кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты қорғады.
2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін күш құрылымдарына жаңа кадрлар қойған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әріновті мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары және президент күзеті қызметінің басшысы етіп тағайындады.
Төтенше жағдайлар мен құтқару саласында мүлде тәжірибесі жоқ Арынов қазір соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқынымен күресуге мәжбүр. Ақпан айының басында үкіметте ауыс-түйіс жасаған президент Тоқаев атқарушы билікте жұмыс істеп көрмеген өз күзетінің бастығын төтенше жағдайлар министрі етіп тағайындады. Тағайындалғаннан үш күн өткен соң баспасөз мәслихатына шыққан Әрінов су тасқынына дайын екенін мәлімдеді.
«[Су тасқынына] дайынмын. Қолыма қарумен қатар күрек те ұстадым, басқа да құралдар ұстадық. Бастысы – жұмысты уақытында ұйымдастыру. Қалай дайын болғанымызды келешек көрсетеді. Сол кезде сын болса, айтарсыздар» деді ол көктемде су тасқыны болатынын, ал министрдің төтенше жағдай саласында тәжірибесі мүлде жоқтығын меңзеген журналистерге.
Арада бір жарым ай өткенде жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар мен өзенде көтерілген су деңгейінен ел өңірлерін су басты, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылды. 17 облыстың онын су басып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланды.
Азаттық сәуірдің 11-і күні төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдап, ведомствоның су тасқынына қаншалық дайын болғанын сұрады. Сәуірдің 19-ы күні Азаттыққа жолдаған жауабында министрлік ведомство «адамдардың өмірін және олардың мүлкін құтқару және төтенше жағдайларда халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық міндеттерді орындауға үнемі дайын» екенін айтты.
Ведомство Азаттықтың «министр Әрінов су тасқынына өзінің дайындық деңгейін қалай бағалайды?» және «Әріновтің бұған дейін төтенше жағдайлар саласында жұмыс істемеуі су тасқынының алдын алу мен оның салдарымен күресу жұмысына әсер етті ме?» деген сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
«Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына дайын болмағаны анық, − дейді Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис. Олар бұған дейін айтқандай, дәл мұндай тасқынды күтпедік деуі мүмкін. Су тасқынының жойқын салдары оған алдын ала қамдану қажет болғанын көрсетті».
Бірнеше облысты су алғанда Тоқаев Өзбекстанның Үргеніш пен Хиуа қалаларында жүрді. Үргеніш әуежайында оны сән-салтанатпен қарсы алды. Әуежай аумағында үлкен кілемдер жайылып, оның үстінде ерлер мен әйелдер өзбек биін биледі. Осы уақытта ғимараттардың бірінің төбесінде музыканттар карнай ұлттық аспабында ойнады. Артынша Тоқаев Хиуаға барып, қаланың көрікті жерлерін аралады. Бұл уақытта Атырау облысының Құлсары қаласын су басып жатты. Қалада әрбір екінші адам эвакуацияланды, Мұғалжар мен Ембі өзендері арнасынан арнасынан асқанда кемі төрт адам суға батып өлді. 18 сәуірде ішкі істер министрі тасқыннан қаза болғандар саны 7-ге жеткенін мойындады.
Өзбекстан сапарынан оралған президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезіндегі биліктің әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады. Су тасқынына қарсы уақытылы шара қолданбағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары мен ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Қатаң сөгісті Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар мен Абай облыстарының әкімдері де алды. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облысы әкімдеріне қатаң сөгіспен қатар қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берілді. Алайда су тасқынының алдын алуға тікелей жауапты төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы сөгіс пен ескерту алғандардың қатарында болған жоқ.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің ойынша, Әріновтің сөгіс алмауына оның Тоқаевқа адалдығы мен жақындығы себеп болуы мүмкін.
«Біріншіден, Әрінов екі жыл бойы Тоқаевтың тікелей қауіпсіздігіне жауап берген, өзінің адалдығын екі жыл ішінде танытқан. Яғни Тоқаевқа жақын адамдардың бірі, оның сеніміне ие. Оның қызметке тағайындауына осы фактор себеп болуы мүмкін» дейді Нұрсейітов.
Сонымен қатар, сарапшының ойынша, тағы бір себеп – министрдің ақпан айының басында ғана қызметке тағайындалуы.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те министр Әрінов төтенше жағдайлар министрлігінің басына су тасқыны болардан екі ай бұрын келгендіктен сөгіс алған жоқ деп есептейді.
«Төтенше жағдайлар министрлігі – күрделі ұйым. Оның басына келген адамға жағдайды түсіну, байыбына бару үшін бірнеше апта керек. Ол енді қызметке кірісе бастағанда көп жыл бойы болған іс үшін, жергілікті жердегі ахуалға жауапты басқа шенеуніктердің көзінше сөгіс жариялау қисынсыз болар еді» дейді Әбішев.
Әбішевтің айтуынша, оның ахуалды қалай түзейтіні бірнеше айдан кейін ол президентке есеп бергенде белгілі болады. «Бірақ қалай болғанда да бұл ұжымдық жауапкершілік болмақ».
МИНИСТР ЖҮРГЕН ҮНСІЗ ВИДЕО
«Өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп су басуға қарсы іс шаралар өткізіліп жатыр... Су тасқыны ахуалы жеке бақылауымда» деді Әрінов 27 наурыз күні видеомәлімдемесінде. Бұл – министрдің су тасқынына байланысты қазақстандықтарға арнаған алғашқы және әзірге соңғы мәлімдемесі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасындағы ақпаратқа қарағанда, Әрінов су басқан аймақтарды аралап жүр. 6 сәуір күні ол премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Қостанай облысына барған. Облыс басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге су басқан аула учаскелері, эвакуациялық пункттер мен корей көпіріндегі бөгеттерді аралады.
«Бәрін жедел атқарып, үйлеріңізге барынша тез қайта алатындай жағдай жасауға тырысамыз». Мемлекеттік «Хабар» арнасы эвакуация пунктіне барған Әріновтің осы бір ауыз сөзін берген.
Әрінов артынша Солтүстік Қазақстан, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына барды. Бұл сапарда Әріновтің су басқан аймақты тікұшақтан қараған фото-видеолары тарады. Көпшілік министрді фото, видеодан көргенімен, үнін естімеді.
Батыс Қазақстан облысынан Солтүстік Қазақстан облысына келген Әрінов мемлекеттік екі телеарнаға қысқа сұхбат берген. 24kz арнасына берген бірнеше минут сұхбатында Әрінов Есіл өзені бойындағы елді мекендерге су басу қаупі төніп тұрғанын, олар соңғы сәтке дейін қауіпсіз жерге көшпегенін, енді эвакуация жүріп жатқанын айтты.
«Су келмей тұрып уақтылы қауіпсіз жерге көшуге болады. Оның үстіне біз көлік береміз, құтқарушы жібереміз. Біздің жігіттер құтқарып қана қоймай, жүк тиейді, мал айдап жүр. Өйткені олар жаны ашып, халыққа тиетін зардапты барынша азайтуға тырысып жатыр» деді Әрінов сұхбатында.
Министр мемлекеттік Qazaqstan арнасына Есіл өзенінің деңгейі сәл өсуі мүмкін екенін, Ресейден Жайық өзеніне үлкен су келгелі жатқанын, құтқарушылар бар күшін салып, адамдарды уақытылы көшіріп жатқанын мәлімдеді.
Азаттық төтенше жағдайлар министрлігіне жолдаған ресми сауалда Әріновтің су тасқыны салдарын жою үшін қандай шешім қабылдағанын сұраған. Министрлік өз жауабында Әріновтің су тасқыны қаупі бар өңірлерге жұмыс сапармен барғанын айтқан.
«[Төтенше жағдайлар министрі] онда төтенше жағдайлар министрлігі аумақтық бөлімшелерінің жұмысымен танысты, проблемалық мәселелер бойынша өңірлердің төтенше жағдайлар департаменті басшылығын тыңдады, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша өңірлердің басшылығымен кездесулер өткізді. Су тасқыны салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңестер өткізді. Су тасқыны қаупін азайту бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің жұмысын, сондай-ақ зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізілуін ұйымдастыруды басқарды және үйлестірді» делінген министрлік жауабында.
«Қазіргідей адамдар өміріне әсер етіп, оларды баспанасыз, мал-мүліксіз қалдырған ірі апат кезінде адамдар үкіметтің белсенді әрекетін көргісі келеді. Меніңше, [төтенше жағдайлар] министрі халықты жұбандыратын, сенім ұялататын тұлға ретінде көзге түспеді» дейді Джоанна Лиллис.
Лиллис министрдің көп көзге түспеуін оның бұрынғы қызметімен және үкіметте жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығымен байланыстырады. Биыл ақпанда ғана үкімет құрамына қосылған Әріновтің жария саясатта тәжірибесі жоқ.
«Әрінов көп көрінбеді, халықты сабырға шақыратын әрекеті байқалмады. Бәлкім, оған саясаткер болмағаны себеп шығар».
Азаттық сәуірдің 11-і күні төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқыны кезінде министрдің неліктен көпшілік алдына шығып сөйлемейтінін және оның төтенше жағдайлар саласында тәжірибесі жоқтығы жұмысына қалай әсер ететінін сұрап, ресми сауал жолдаған. Мақала жарияланған уақытқа дейін министрліктен жауап келмеді.
"РЕЖИМ ТАБИҒАТЫНА ТӘН НӘРСЕ"
17 облыстың онында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланғанда Тоқаев су тасқынына қарсы шараларды үйлестіретін және оның салдарымен күресетін республикалық штаб құрған. Бұл штабқа премьер-министр жетекшілік етеді, ал вице-премьер қызметіне тағайындалған Қанат Бозымбаев − штаб жетекшісінің бірінші орынбасары.
«Бозымбаев Батыс Қазақстан облысындағы ахуалды бағамдады», «Петропавлдың су басқан ықшамаудандарынан кетуден бас тартқан тұрғындарды күштеп көшіруді тапсырды», «Бектенов тез арада өтемақы төлеуді тапсырды» − штаб құрылғалы бері өңірлерге барып жүрген үкімет жетекшісі мен оның орынбасарлары ақпараттық алаңның алдыңғы шебіне шыққан.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Тоқаев көрші елден келгеннен кейінгі телеүндеуінде премьер-министр мен оның орынбасарларын су басқан аймаққа жіберіп, ахуал «менің бақылауымда» деу арқылы өзін кризис менеджер ретінде көрсеткісі келді дейді. Президенттен кейін премьер-министр, оның орынбасарлары алдыңғы шепке шығып, төтенше жағдайлар министрі сияқты лауазымды азаматтар екінші қатардағы фронтмендерге айналды.
«Яғни президенттің өзі кризис менеджер ретінде жақсы полицейдің рөлін ойнап отырған кезде, қалған лауазымды шенеуніктер президенттің көлеңкесінде қалуға мәжбүр» дейді ол.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев қазір пиар науқанның салмағын министрден жоғары тұрған басшылар арқалады дейді.
«Министрдің мәлімдеме жасамайтын себебі, оны жоғары басшылық жасап жүр. Президент аймақтарға барды, премьер-министр аймақтарды белсенді аралап жүр, вице-премьерлер өңірлерге жол тартты. Яғни қызметтік иерархияда министрден жоғары тұрған бірнеше адам жария мәлімдеме жасап жүр» деді Әбішев.
Шалқар Нұрсейітов министрдің белсенді болмауын саяси режим табиғатымен де байланыстырады. «Авторитар режимде президент тағайындаған министр тек президенттің және техникалық түрде премьер-министрдің алдында жауап береді. Қоғамдық-саяси алаңда жүріс-тұрысын, іс қимылын президент әкімшілігінің нұсқаулығына сәйкес атқарады».
Ал Джоанна Лиллис билік апат салдарын жойған соң президентке берілгендігіне қарай қызметке тағайындаудың салдары туралы ойлануы керек деп есептейді.
«Бұл – Қазақстанда [министрлер] білігіне қарай емес, билікке адалдығына қарай қызметке тағайындалатынының көрінісі. Тоқаев оған сеніп, арқа сүйегені анық. Бірақ бұл бір қызметті сеніп тапсыруға болатын адам басқа қызметті алып кетеді деген сөз емес. Сондықтан президент апаттың беті қайтқан соң бұл жайлы ойлануы керек» дейді Лиллис.
ПІКІРЛЕР