Accessibility links

Майқайыңда құтқарушыларды іздеу қайта жалғасты


Майқайыңда опырылған жер. 28 наурыз 2024 жыл.
Майқайыңда опырылған жер. 28 наурыз 2024 жыл.

Павлодар облысы Майқайың кентінде шахта аумағындағы шұңқырға құлап, үйінді астында қалып қойған құтқарушыларды іздеу қайта жалғасты. Бұл жөнінде Азаттыққа олардың жақындары хабарлады.

— 132 күн бойы ешкім ештеңе шешкен жоқ. Не әсер еткенін білмеймін, бірақ сол жерде бас директор ауысып, ол бізге күйеуім мен оның әріптесін табуға уәде берді. Үміттеніп отырмыз, — деді қаза тапқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің жесірі Нұрсұлу Шаймерден.

— 13 мамырдан бастап жұмысқа кірісті. Іздеу жұмыстары күні-түні болады деп уәде берді, — дейді топырақ астында қалған жүргізуші Айып Тілеубергеновтің ұлы Нұрсұлтан Тілеубергенов.

Сәуірдің соңында "Алтыналмас" акционерлік қоғамы құтқарушыларды іздеу мүмкіндігі туралы мәлімдеді. Компанияның сайтында жарияланған хабарламада "Майқайыңалтын" АҚ акционері кәсіпорындағы өнеркәсіп қауіпсіздігі деңгейіне бағалау жүргізу және іздеу, тау-кен өндіру жұмыстарын қайта бастау үшін "Алтыналмас" АҚ-ны тартуды және жаңа бас директорды тағайындауды шешті" деп жазған.

Шешімге "4 қаңтардағы "Майқайыңалтын" компаниясының аумағындағы қайғылы жағдай себеп болған".

4 қаңтарға қараған түні "Майқайыңалтын" диспетчері құтқарушыларға шахта аймағында түтін шығып жатыр деп хабарлайды, бірақ оларға жолдың опырыла бастағаны ескертілмеген. Құтқарушылар мінген автобус жолда пайда болған шұңқырға түсіп кетеді. Жүргізуші дереу тежегіш басқанымен көмектеспеген: топырақтың бір бөлігі автобуспен бірге құлайды. Сол күні екі құтқарушының мәйіті табылды, ал қалған екеуі мен автобус әлі табылған жоқ. Іздеу жұмыстары ақпанда құтқарушылардың қауіпсіздігі үшін тоқтатылды.

Қайғылы оқиғаның себептерін зерттеген арнайы комиссия "Майқайыңалтынның" әрекетсіздігі құтқарушылардың өліміне алып келді деген. Комиссия "топырақтың жоғарғы қабатының және содан кейін шахтаның тазарту аймағының құлауына сол жерде пайда болған қуыс себеп болған. Қуыстың орнын толтыру компанияның міндеті еді. Жауаптылардың қатарында бас директор, оның орынбасарлары, директорлар, бас инженер және бас маркшейдер бар. Құтқарушылардың кінәсі жоқ" деген қорытындыға келген.

Комиссия қорытындысына "компания қауіпсіздік талаптарын елемеген және топырақтың опырылуының да, адам өлімінің де алдын алуға болатын еді" деп те жазылған. Қазір құтқарушылардың қаза болғанына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG