Қазақстан Украинаға нота жолдады
Оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандықтан кейін Қазақстан Украинаға ресми нота жолдады. Бұл ақпаратты Азаттыққа Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархат Қалетаев айтты.
"Біз Украина сыртқы істер министрлігіне осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін ресми нота жолдадық. Әлі жауап келмеді. Украина тарабынан бізге ешкім хабарласқан жоқ" деді елші.
Берік Уәли Тоқаев "Бәсе" каналын қарамайды дейді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Наталья Садықованың "Бәсе" арнасы Тоқаев үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген сөзіне қатысты Tengrinews.kz сайтына пікір білдірді.
"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді" дейді Тоқаевтың баспасөз хатшысы.
Киевте қастандыққа ұшырап, қазір ауруханада жатқан Айдос Садықов пен оның әйелі Наталья Садықова ашқан "Бәсе" Youtube-арнасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін ашық сынайтын видеолар жариялайды. Арнаға бір миллионнан аса адам жазылған. Видеолары мыңдап, миллиондап қаралым жинайды. Садықовтар бұл каналды өздері босқын мәртебесін алған Украинадан жүргізеді.
Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу анықталды. Олар – Қазақстан азаматы
Украина ұлттық полициясы қазақстандық оппозициялық белсенді әрі журналист Айдос Садықовқа қастандық жасаған адамдарды анықтады. 20 маусымда Украинаның Бас прокуратурасы ресми сайтында 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев пен 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев туралы хабарлама жариялады. Екеуі де Қазақстан азаматы.
Тергеу дерегінше, олар Қазақстан азаматы Айдос Садықовты қасақана өлтіруге тапсырыс алған. Тапсырыс берген кім екені әлі белгісіз, тергеу оны анықтап жатыр.
Жақанбаев пен Қаратаев 2 маусымда Киевке барып, Садықовты аңдуға кіріскен, сол үшін Opel Vectra көлігін сатып алған. Садықовтың күнделікті қайда баратынын, қай жолмен жүретінін, не істейтінін анықтаған.
Booking онлайн-қызметі арқылы 8 маусымда Киевтегі Берестей даңғылы бойындағы, "жәбірленушінің тұрғылықты жеріне жақын" маңдағы үйден жалға алынған пәтерге екеуі 12 маусымда барған.
18 маусым күні 12:14 кезінде М.Қаратаевтың Ярмола көшесіндегі №38 үйге апаратын жолдың бойында "автомобильге жүргізуші отыратын жақтан тез жақындап барып көздеп атқан оғы Садықовтың басына тиіп, миын жарақаттаған".
"Садықовты қасақана өлтірмек болып қастандық жасағаннан кейін Қаратаев пен Жақанбаев қылмыс болған жерден із жасырып, кейін, қылмыс құралын жасыру мақсатымен атыс қаруынан – дыбыс шығармайтын арнайы жабдығы бар тапаншадан арылған, оны Киевтегі хайуанаттар бағы қоршауының іргесіне лақтырып кеткен", – деп жазылған құжатта.
Қауіпсіздік органдары Қаратаев пен Жақанбаев ұсталған я ұсталмағанын әзірге хабарлаған жоқ.
"Бұл қылмысты істегендер Қазақстанның екі азаматы – Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. Олар Киевке осы қылмыс үшін, Айдос Садықовты өлтіруге арнайы келген. Ол адамдар анықталды. Бұл қылмыстың ізі Қазақстанға тіреледі" деді Наталья Садықова "Бәсе" YouTube-арнасында жарияланған видеода.
Алтай Жақанбаев жөнінде әзірге мардымды ақпарат жоқ. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерде "Мейрам Қаратаев" деген адам Қостанай облыстық ішкі істер департаментінде қызмет атқарғаны жазылған. "Ол қызметкерлер арасында нысана көздеуден өткен жарыстарда бірінші орын алған", – деп жазды Наталья Садықова Facebook’тe жариялаған постында.
21 маусым күні Қазақстан ішкі істер министрлігі аты-жөні аталған күдіктілердің біреуі 2019 жылы қаңтарда ішкі істер органынан жұмыстан босатылған, қазір полицияда қызмет атқармайды деп мәлімдеді
Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр"
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев оппозициялық белсенді Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлады
Оның айтуынша, Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырған.
"Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын" деп хабарлады Берік Уәли.
ПІКІРЛЕР