Accessibility links

Илхам Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы Каспий теңізінде кеме-ғимарат салып жатыр. Бұған Әзербайжан заңының не қатысы бар?


Каспий теңізіндегі Caspian Dream Liner тұрғын үй кешені макеті.
Каспий теңізіндегі Caspian Dream Liner тұрғын үй кешені макеті.

Азаттықтың Әзербайжан қызметі – Азадлыг жүргізген зерттеу Каспий теңізінің жағалауына салынған элиталық үйлерді "заңдастыру" туралы жақында қабылданған заң небір қызыққа толы екенін көрсетті. Бұл президент Илхам Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы Эмин Агаларов пен ресейлік олигархтың Каспий теңізінде Caspian Dream Liner деп аталатын зәулім кеме салу жобасын бастаған ұлына тиімді болып отыр.

Әзербайжандағы ең ықпалды отбасы мен режимнің айналасында жүргендер экономиканың әртүрлі саласынан есепсіз байлық жинап үлгерді. Бұған әкеден балаға жалғасқан династиялық билік көмектесті.

Активтерді ұлғайту әдістерінің ішінде үшінші компанияларды пайдалану, парақорлық пен маңызды келісімшарттарға қол жеткізу де бар.

Автократ президент Илхам Әлиевтің туыстарына экономиканың табысты салаларынан пайда көруге мұқият ойластырылып, дер кезінде қабылданған заң да көмектесіп отыр.

Азаттық зерттеуі Каспий жағалауындағы жерлерді пайдалануға беруге қатысты жобаларды заңдастыруды көздейтін жаңа заң Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы әрі ресейлік олигархтың ұлы Эмин Агаларовқа тиімді екенін анықтады.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев

Азаттық репортажы 7 мамырда Әлиевтің өзі қол қойып, қабылдаған жаңа заң Агаларовтың жобасында ғимараттың қоршаған ортаға әсерін бағалайтын қарапайым құжаттар мен рұқсат қағаздардың өзі жоқ екенін көрсетті. Мұны шенеуніктер де растайды. Caspian Dream Liner жобасы Бакуден 30 минуттық жерде орналасқан Sea Breeze Resort курорты аумағында, Каспий теңізінің ең әдемі жағалауында орналасқан.

CASPIAN DREAM LINER ҚҰРЫЛЫСЫ

2023 жылдың екінші жартысы мен 2024 жылдың бірінші жартысында Агаларовтың Crocus Group компаниясы немесе оның мердігерлері 5 гектар жерге жасанды мүйіс салған. Бұл круиз кемесі түріндегі 11 қабаттық Caspian Dream Liner тұрғын үй кешенінің негізі болады. Жасанды жер аумағының кеме тоқтайтын орынға ұқсас бөлігінің құрылысы мамырда жаңа заң қабылданар алдында аяқталды.

Жасанды мүйіс орналасқан жер теңізге 800 метрдей кіріп тұрады, бұрын ол жерде жағажай ғана болған. Құрылыс ың-шыңсыз, жасырын жүргізілген сияқты. Алты ай бұрын үкімет бекіткен аумаққа бөлу және даму жоспарында Dream Liner жобасы аталмаған. Бұл Агаларов пен Әлиевтің отбасы мүшелері ықтимал сатып алушылар арасында жобаны насихаттай бастағанда белгілі болды. Алты айдан кейін Әзербайжан президентінің сөзінен аса алмайтын парламент жасанды арал салуды мақұлдайтын заң қабылдады.

Sea Breeze Resort, 2023 жылғы мамыр. Google Earth Pro фотосы
Sea Breeze Resort, 2023 жылғы мамыр. Google Earth Pro фотосы

"Каспий теңізінің Әзербайжан Республикасына тиесілі бөлігіне (көлі) жасанды жер учаскелерін салу" туралы заңның Агаларов сияқты мердігерлерді жалға алу және лизинг төлемдерінен босататын тұсы бар. Теңіз жағасындағы коммерциялық жалдау құнын ескерсек, Dream Liner жобасы бойынша жылына небәрі 12 мың доллар төленуі керек еді.

Президенттің баспасөз қызметі Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы мен оның тұрғын үй кешені туралы сұрақтарға жауап бермеді.

Агаларов пен Sea Breeze Resort әкімшілігі де Азаттық зерттеуіне қатысты пікір білдірмеді. Agalarov Development компаниясы алдағы жобалардың көптігінен өтініштерді қарап үлгермей жатқанын айтты.

Кәсіпкер Ибрагим Ибрагимовтың жасанды арал салу бойынша құны 100 миллиард доллар болатын "Хазар аралдары" жобасы сәтсіз аяқталғаннан кейін, жаңа заң Агаларов пен болашақта инвестор болуы ықтимал адамдарға сенім сыйлағандай болды. Бұл жоба қаржы және нормативтік мәселелерге байланысты тоқтап қалған сияқты. Соның салдарынан кәсіпкер қарызға батып, 2015 жылы тергеуге де алынды.

"11 қабатты зәулім апарт-қонақ үй ашық теңізде жүзіп жүрген кеме түрінде салынады. Ерекше жоба Әзербайжанның туризм тарихының жаңа бетіне жол ашады. Бұл бүкіл әлемнен турист тартатын мега жобаға айналуы мүмкін", – деді Dream Liner мердігері жарнамада.

Аумағы 55-660 шаршы метр аралығындағы 226 пәтердің бағасы әр шаршы метріне $6 500 доллардан басталады. Бұл Бакудегі жылжымайтын мүліктің орташа бағасынан 10 есе қымбат. Мердігер сөзінше, пәтерлер 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Sea Breeze Resort курорт кешенін 2006 жылы Эмин Агаларов ашқан. Ресми сайттағы дерек бойынша, кешен 500 гектар жерде орналасқан, қосымша 6 километрге созылатын жағажай мен 150 гектар жасыл желек бар. 50 мейрамхана, 60 бассейн, SPA және фитнес орталығы, қайық-кеме тоқтайтын айлағы бар кешенге 700 миллион доллар инвестиция құйылған.

Эмин Агаларов (оң жақ шетте) және (солдан оңға қарай) Гейдар Әлиев, Мехрибан Әлиева, президент Илхам Әлиев, Лейла Әлиева Бакуде жаңадан ашылған Гейдар Әлиев орталығында тұр. Мамыр, 2012 жыл.
Эмин Агаларов (оң жақ шетте) және (солдан оңға қарай) Гейдар Әлиев, Мехрибан Әлиева, президент Илхам Әлиев, Лейла Әлиева Бакуде жаңадан ашылған Гейдар Әлиев орталығында тұр. Мамыр, 2012 жыл.

ПОП-МУЗЫКАДАН ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІККЕ

Агаларов – әзербайжан-ресейлік миллиардер Араз Агаларовтың ұлы, әкесі құрған, ресейлік Crocus Group құрылыс компаниясының вице-президенті. Бакуден 20 километр жердегі Нардаран ауылындағы Sea Breeze Resort демалыс орны осы компанияға қарайды.

Crocus Group компаниясы Sea Breeze Resort курорты және Caspian Dream Liner жобасы жайлы зерттеуіне қатысты сұрақтарға жауап бермеді.

Тартымды, көп саяхаттайтын Агаларов кәсіби карьерасын поп-әнші болып бастаған (тіпті, ең сұлу әйелдермен және Дональд Трамппен бірге "In Another Life" деген музыкалық клипке түскен). Жасөспірім кезінде-ақ Crocus Group топ менеджері болған.

2006 жылы Агаларов президент Илхам Әлиевтің үлкен қызы Лейлаға үйленеді. Атақты жұп 2015 жылы ажырасты. Екеуінің егіз ұлы бар.

Президенттің қызымен айырылысып кетсе де, Агаларовтың Әзербайжандағы кәсібі тоқтаған жоқ. 2023 жылы мамырда ресейлік ТАСС ақпараттық агенттігі кәсіпкердің сөзіне сүйеніп, Caspian Dream Liner құны 200-250 миллион доллар деп жазды. Агаларов "Мемлекет құрылысқа рұқсат берсе, Sea Breeze әлемнің туризм картасынан ойып тұрып орын алады" деген.

Әзербайжан билігі 10 миллион халқы бар елге инвесторлар тартуға тырысып жатыр. Мемлекет мұнай мен газға бай экономикасын диверсификациялағысы келеді. Билік Украинадағы соғыстың салдарына, Бакудің Қарабақ үшін таласта жеңіске жеткеннен кейін қалаларды қалпына келтіріп, халықты көшіруге ақша бөлгеніне қарамастан, экономикалық өсімді сақтап қалуға тырысып жатыр.

КӨЛЕҢКЕЛІ ҚҰРЫЛЫС

Dream Liner салынатын жасанды мүйіс 15 жылға арналған Бакудегі аумақтарды бөлу және даму картасында жоқ. Бакудің бас жоспары деп аталатын құжатты Әзербайжан үкіметі 2023 жылдың соңғы күні таныстырған. Картада Sea Breeze Resort курорты туризм мен ірі көлемдегі коммерциялық жобаларға арналған аумақ ретінде белгіленген.

Қала құрылысы және сәулет өнері мемлекеттік комитетінің Sea Breeze Resort кешеніне берген құрылысқа рұқсат қағазында 2023 жылы бірнеше айда салынған мүйіс туралы ақпарат жоқ.

Бұл оқиғаны жақсы білетін, бірақ жеке бас қауіпсіздігіне алаңдаған ақпарат көзі Sea Breeze курорттық кешеніне жартыарал салуға рұқсат берілмегенін, бірақ мұны "ерекше жағдай" деп қарастыруға болатынын айтты. Аты-жөнін атамауды өтінген ақпарат көзі жобаны ашық талқылауға құқығы жоғын айтып, артық ақпарат бермеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Агаларовтың жасанды мүйіс жобасына экологиялық сараптама жүргізу туралы өтініш бермегенін растады.

Не мемлекеттік комитет, не Агаларов, не оның компаниясы рұқсат қағазы барын айтып, пікір бермеді.

Google Earth және Planet Labs кейінгі 14 айда түсірілген спутник суреттерінде курорттың солтүстік жағалауындағы жасанды мүйіс құрылысында прогресс бары байқалады.

Planet Labs суреттерінен 2023 жылғы 23 қазанға қарай жасанды мүйіс аумағының құрылысы қарқынды жүріп жатқаны, 17 сәуірге қарай жұмыс бітуге таяғаны көрінеді.

7 мамырда заң қабылданған күні Азаттық Әлиевтің "Жаңа Әзербайжан" билеуші партиясына мүше бірнеше депутатпен сөйлесті. Олар жаңа заң мен оның Sea Breeze Resort жобасына ықпалы жайлы редакция сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

"Аталған дүниелер заңсыз болмауы үшін заң қабылдадық", – деді депутат Тахир Керимли. Оның "Бірлік" партиясы "Жаңа Әзербайжан" партиясын қолдайды.

Керимли жаңа заң жасанды жер учаскелерін салған кісілерге иегер құқығын бермейді дейді. Депутаттардың айтуынша, заң керісінше, жасанды жер аумағы Әзербайжан мемлекетінің иелігінде қалады және оны тек коммерциялық немесе басқа серіктестерге жалға беруге болады деп сендіреді.

"Ол жерді жай ғана жалға алды", – деді Керимли Агаларов пен Caspian Dream Liner жобасы жөнінде.

Бірақ заң Агаларов сияқты инвесторларды жасанды жер учаскесін салғаны үшін жалға алу немесе лизинг төлемдерінен босатады.

"Салық бойынша және өзге де жеңілдіктер инвесторларды тарту үшін жасалады. Халықаралық тәжірибеде осындай әдіс жиі қолданылады", – дейді салық және кеден мәселесі бойынша сарапшы, экономист Натик Джафарли. Бірақ үлкен көлемде инвестиция тартып, Әзербайжанда еркін әрі бәсекеге толы орта қалыптастыру үшін мұндай жеңілдіктер жеткіліксіз.

"Инвесторларға елде тәуелсіз сот жүйесі бар деген сенімділік керек. Олар қанша ақша салған бизнесін күні ертең біреу тартып алмайтынына сенімді болуға тиіс. Сондықтан шенеуніктер, олигархтар мен олардың айналасындағылар осындай мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді пайдаланады, – дейді экономист Джафарли.

Бакудегі адам құқықтары жөніндегі адвокат Асабали Мустафаев бұрын режиммен кикілжіңге келіп, тіпті лицензиясынан айырылып қалған. Ол жаңа заңмен танысып, Caspian Dream Liner арналған жерді заң қабылданбай тұрып салған дейді.

"Енді мемлекет Агаларовтан құжаттарын жаңартуды талап ете ме деп сұрасаңыз болады. Кәсіпкерден рұқсат қағазын сұрай ма? Олай болмайды, өйткені кәсіпкер бұл кезеңнен әлдеқашан өтіп кетті. Оның бұл нысандарды қалай заңдастыратынын білмеймін, өйткені бұл аумақ не заңда, не тәжірибеде жоқ", – дейді Мустафаев.

Қала құрылысы және сәулет өнері мемлекеттік комитетінің басшысы Рашад Исмаилов Әзербайжан инвесторларды тарту мақсатында Каспий теңізінің жағалауына жасанды жер учаскелерін салуға рұқсат беруді жоспарлап отыр деп мәлімдеді.

Парламенттің ресми сайтында жарияланған жаңа заңда қоршаған ортаға әсерін бағалау және экологиялық сараптама қорытындысы қажет жобаларға қойылатын талаптар көрсетілген. Сондай-aқ суға шомылуға кедергі немесе қауіп туғызатын жобаларға тыйым салынады.

РЕСЕЙЛІК САТЫП АЛУШЫЛАРДЫ ТАРТУ

Agalarov Development компаниясы жариялаған жарнама роликтерінде қолдан салынған, ондаған футбол алаңы сыятын мүйісте алып кемеге ұқсайтын, террассасы бар биік ғимарат бейнеленген.

Агаларов 2023 жылы Бакуде наурызда өткен инвестициялық форумда Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Израильден келген 250 қонаққа Sea Breeze Resort курортын таныстырған. Ол кезде Dream Liner құрылысына арналған жасанды жер учаскесінің орны да жоқ еді.

Биыл наурызда жасанды мүйіс салынып, "жасанды жер учаскелері туралы" заң жобасы дайындалып жатқанда, "Sea Breeze" курортына Redis Business Class (бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік пен дистрибуция саласындағы ірі ресейлік компания басшыларының жабық клубы) тобы барды.

Сәуірде Sea Breeze компаниясы өкілі Росбанктің Мәскеудегі бөлімшесінде презентация өткізгенін айтты. Росбанк Ресейдегі ең бай адамдардың бірі Владимир Потанинге тиесілі. Ол өз кезегінде Кремльді қолдағаны үшін АҚШ пен Ұлыбританияның санкциясына ілінген.

Forbes журналы 2022 жылы Ресейге қарсы санкция салынған соң, ресейліктер Әзербайжанда жылжымайтын мүлік сатып ала бастады деп хабарлады. Журналда ресейліктер жылжымайтын мүлік презентациясының ерекше мақсатты аудиториясына айналып келеді деп жазылған.

Әзербайжан 2020 жылдан бастап Ресеймен әріптестігін күшейтті. Баку армян жікшілдері бақылауындағы Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан территорияларды жаулап ала бастады. 2022 жылы президент Әлиев Ресей агрессиясына қарсы халықаралық санкцияларға қосылған жоқ. Әзербайжанда ел экономикасына кемі 295 мың доллар инвестиция құйған немесе 59 мың доллардан басталатын жылжымайтын мүлікке ие шетелдіктерге уақытша тұрғылықты мекенжай анықтамасын беру бағдарламасы бар. Сәуірде Мәскеуде өткен презентациялардың бірі Әзербайжанға қалай және не үшін көшу керек деген тақырыпқа арналды.

Агаларов пен оның қызметкерлері ресейлік сатып алушыларды тарта алды ма, белгісіз. Бірақ әлеуметтік желілердегі хабарларға қарағанда, курортқа ресейлік риелторлар көп келетін көрінеді. Не Агаларов, не оның компаниясы Азаттықтың жоба жайлы сұрақтарына жауап бермеді.

Жоба жүзеге аспай қалса, бұл жеткілікті тырыспаған дегенді білдірмейді. Әлеуметтік желіде Әлиевтің айналасындағылар 2023 жылдың маусымындағы суреттерді бөлісті. Онда президент Әлиев пен бірінші ханым, 2017 жылдан бері елдің вице-президенті Мехрибан Әлиева Sea Breeze курортында жүр. Президент сайты бұл туралы ештеңе жазған жоқ.

Эмин Агаларов Бакудегі Sea Breeze Resort қонақүйінде "Аптап" атты музыка фестивалінің ашылуы кезінде. Баку, 26 шілде, 2018 жыл.
Эмин Агаларов Бакудегі Sea Breeze Resort қонақүйінде "Аптап" атты музыка фестивалінің ашылуы кезінде. Баку, 26 шілде, 2018 жыл.

Caspian Dream Liner пәтерлерінің жарнамасы Nargis журналының Instagram аккаунтына да шықты. Бұл журналды бірінші ханым Әлиеваның әпкесі басқарады.

Сәуірде Sea Breeze компаниясы өз сайтында Әзербайжанның автомобиль жолдары мемлекеттік агенттігі алты жолақты тасжол салуды бастады, бұл Бакуден курортқа дейінгі жолды 23 минутқа дейін қысқартады деп жазды.

ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Crocus Group Sea Breeze Resort арналған жерді қалай алғаны туралы тарихи дау Әлиевтің бұл мәселеге ерте араласқанын көрсетеді. Бұл Агаларов пен оның Каспийге қатысты армандарына тиімді болды.

2021 жылы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Crocus Group компаниясы Sea Breeze салынған елді мекен шенеуніктерінің заңсыз әрекетінен пайда тапқан деді. Сот Нардаран муниципалитеті 2007 жылы 18 тұрғынмен келісімшартын назарға ілмей, жағалаудағы 30 rектар жерді Crocus Group компаниясына заңсыз сатқанын айтты. Қымбат курорт құрылысы осыдан басталды. Сот шешімі туралы бірінші болып ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық туралы хабар тарату жобасы хабарлады.

Страсбург соты жерді заңсыз сатуға президент Әлиевтің 2007 жылғы жалға беру туралы келісімшарт жасаған басқарманы тарату жайлы бұйрығы түрткі болды, Crocus Group 344 000 доллар өтемақы төлеуге міндеттелді деді. Арыз берушілердің адвокаты "сот шешімін қолдауға болады, бірақ өтемақы көлемі Crocus Group-тың Sea Breeze жобасынан тапқан ақшасындай көп емес" дейді.

Баку порты маңында теңізде су шашып тұрған кеме.
Баку порты маңында теңізде су шашып тұрған кеме.

Жақында Sea Breeze жағажайына барғанымызда, кіру құны 30 доллар шамасында болды. Әзербайжанда орташа айлық жалақы 550 доллар.

2011 жылы диаспорамен жұмыс мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Назим Ибрагимовтың ағасы, кәсіпкер Ибрагим Ибрагимов Каспий теңізінің түбінен "Хазар аралдары" деген жоба салуға 100 миллиард доллар инвестиция салатынын жариялады. 41 аралдан тұратын жасанды архипелаг 1 миллион тұрғынды жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіп, Формула-1 тасжолы, әлемдегі ең биік ғимарат, 150 мектеп пен 50 ауруханадан тұруы керек еді.

Бірақ Ибрагимов құрылысты бастау мен рұқсат қағаз алуға келгенде реттеуші органдармен кикілжіңге келіп қалған. 2015 жылы экология министрлігі "Хазар аралдарын" экологиялық бағалау теңіз түбінде құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін өткізілгенін айтып, ресми қорытынды беруден бас тартқан.

2015 жылы Хазар жағажайы у-шумен ашылғаннан кейін Ибрагимовті ондаған миллион доллар қарызына байланысты тергеуге алған. Әлемде мұнай бағасы күрт арзандап, бұл Әзербайжан мен мұнайға тәуелді басқа да елдерге қатты әсер етті. Содан бері Ибрагимов "Хазар аралдары" жобасын қайта қолға аламын дегенімен, ілгерілеп жатқаны байқалмады.

Агаларов пен Sea Breeze Resort жағажайдың дәл сол бөлігінен тағы бір ірі жасанды арал салуды жоспарлап отыр. Ашық дереккөзде ақпарат аз, спутник суреттері аралдың негізі жоғын көрсетті.

Наурызда Агаларов әлеуметтік желіде бірнеше адаммен бірге жарты ай түрінде салынған арал мен Әзербайжан туын еске салатын жұлдыз пішіндес нысан макетінің жанында тұрған суретін жариялады. Арал жағалауға екі түрлі жолмен жалғанған.

"Әзербайжандағы тамаша адамдар тобымен бірге ай пішіндес арал салайық", – деп жазды Агаларов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG