Павлодар облысы Майқайың кентінде кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару тобының қызметкері Айдос Шаймерден жерленді. «Майқайыңалтын» компаниясының ескі шахтасы опырылған жерде терең шұңқырға автобус құлағанда үйінді астында қалып мерт болған марқұмды төтенше оқиғадан кейін жеті айға жуық уақыт өткенде тауып, шұңқырдан алып шыққан. 36 жастағы Айдос Шаймерден – төтенше оқиға салдарынан қаза тауып, үйінді астынан табылған үшінші адам. Төртінші құтқарушы мен автобус әлі табылған жоқ.
Марқұмның артында бес баласымен қалған жесірі Нұрсұлу Шаймерден автобус шұңқырға құлағанда хабар-ошарсыз кеткен күйеуі мен оның әріптесін іздеу жұмыстары тоқтатылғанына келіспей, іздеуді жалғастыруды талап етіп, Астанаға дейін барды, президентке видеоүндеу жариялап, бұл іске "бей-жай қарамауға" шақырды.
20 шілдеде Төтенше жағдайлар министрлігі автобус шұңқырға құлағанда қаза тапқан үшінші құтқарушы табылғанын хабарлады. Марқұмды содан бір күн бұрын "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамына қарасты аумақтағы жер қазу жұмыстары кезінде 70 метр тереңнен тауып алған.
Биыл 4 қаңтарға қараған түні апат туралы хабар түскеннен кейін үш құтқарушы мен көлік жүргізуші мінген автобус жолға шыққан. Оларға шахта аймағында түтін шығып жатыр деп хабарлаған, бірақ жол опырыла бастағанын ескертпеген. Жер опырылған сәт бақылау видеокамерасына жазылып, компаниядағылар одан хабардар болғаны кейін сотта анықталды.
Құтқарушылар мінген автобус ескі шахтаның орнынан жолда пайда болған тереңдігі 200 метрге, ені 500 метр болатын шұңқырға құлап кеткен. Қаза тапқан екі құтқарушыны – 24 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 52 жастағы Олег Тышкевич үйінді астынан сол күні табылған. 36 жастағы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы көлік жүргізушісі Айып Тілеубергенов үйінді астында қалып қойған. ТЖМ жер қабаты опырылып кету қаупі зор екенін айтып, ақпан айында ол екеуін іздеу жұмыстарын тоқтатып, мамыр айында қайта жалғастырған.
Қаза тапқан екеуі хабар-ошарсыз кеткен деп саналғандықтан жұмыс беруші олардың отбасына өтемақы төлеуден бас тартқан.
Төтенше оқиғаның себептерін зерттеген комиссия "Майқайыңалтын" компаниясы өндіріс қауіпсіздігі талаптарын елемей қойған, өйтпегенде жердің опырылуына, адам қазасына жол бермеуге болар еді. Жауаптылар қатарында бас директор, оның орынбасарлары, директорлар, бас инженер мен бас маркшейдер бар. Құтқарушылардың кінәсі жоқ" деген қорытындыға келген. Комиссияға мүше болған өндірістегі қауіпсіздік комитетінің дерегінше, "Майқайыңалтын" компаниясының лауазымды тұлғалары шахтада қуыстар барын білген, бірақ оларды толтыру жұмысын жүргізбеген және технологиялық жолды опырылып кетуі мүмкін жерден басқа бөлікке көшіруге асықпаған.
Қаза тапқандардың туыстары "Майқайыңалтын" компаниясы кінәлі дейді, ал компания құтқарушылардың өзіне және олардың жұмыс берушісіне кінә артады. Алтын өндіруші компания болса кінәсі жоғын айтып, биыл көктемде мемлекеттік комиссияның актісін заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінді. Сот оның арызын қанағаттандырмады. Қазір құтқарушылардың қаза бойынша қылмыстық іс тергеуі жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР