Accessibility links

Садықовты атуға тапсырыс бергендер әлі табылмады, Астана күдіктілерді Киевке беруден бас тартқан


Киевте қаза тапқан қазақстандық блогер Айдос Садықов.
Киевте қаза тапқан қазақстандық блогер Айдос Садықов.

Биыл маусымда Киевте қастандықтан көз жұмған оппозициялық журналист Айдос Садықовты өлтіруге тапсырыс бергендер әлі анықталмаған. Ал Қазақстан бас прокуратурасы қастандықты орындады деп күдікке ілінгендерді Украинаға беруден бас тартқан. Украина бас прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың қазасына қатысты іс қалай жүріп жатқанын айтты.

"ІС ӘЛІ ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР"

Украина бас прокуратурасы биыл маусым айында Қазақстаннан Айдос Садықовты атып кетті деп күдікке ілінген екі адамды Киевке беру туралы өтініш жіберген. Ведомство күдіктілерді Қазақстан мен Украина арасында 2018 жылғы "экстрадиция туралы" келісім негізінде сұраған. Бірақ Қазақстан бас прокуратурасы күдіктінің бірін Украинаға беруден бас тартқан. Астана күдікті Қазақстан азаматы екенін алға тартқан. Бұл туралы Украина бас прокуратурасы 27 қыркүйекте Азаттыққа жіберген ресми жауабында айтты.

Биыл 18 маусымда қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды. Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Сол кезде-ақ Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтқан еді. Ал Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.

Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу. Украина бас прокуратурасы жариялаған фото.
Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу. Украина бас прокуратурасы жариялаған фото.

Бұған қоса, Украина тарабы биыл шілдеде Қазақстанның органдарына сотқа дейінгі тергеуге халықаралық құқық жағынан көмек сұраған. Украина бас прокуратурасының Азаттыққа хабарлауынша, Астанадан бұл сұрауға әзірге жауап келмеген.

"Осы сұрауға берілетін жауапқа қарай қылмыстық істің қалай жалғасатынына қатысты шешім шығарылады. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін сараптамалық тексерістер жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді Украина прокуратурасы 27 қыркүйектегі жауабында.

Орган Украина ұлттық полициясының бас басқармасының тергеушілері Садықовтың қазасына байланысты істі әлі тергеп жатқанын, оқиғаны көрген адамдар куәгер ретінде сұралғанын айтты.

"Іздеу жұмыстары жүргізіліп, оқиға орны тексеріліп, қажетті сот сараптамалары жүргізілді. Жиналған дәлелдер негізінде екі адамға Украина қылмыстық кодексінің "Қасақана адам өлтіру" бабы бойынша күдікті екені хабарланды" дейді Украина бас прокуратурасы жауабында.

ИНТЕРПОЛ АРҚЫЛЫ ІЗДЕУ

Киев екі күдіктіге Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялаған. Дегенмен күдіктінің бірі Алтай Жақанбаевты Қазақстанның органдары ұстаған еді, ал Мейрам Қаратаев әлі ұсталған жоқ.

Украина ұлттық полициясы "Қазақстан органдарының ұсталған күдікті Жақанбаевқа қатысты жүргізген тергеу нәтижесі қандай болғанынан хабарсыз және екінші күдікті Қаратаевтың қайда жүргенін білмейді".

Биыл 10 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа "қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр, Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету жөнінде өтініш хат та жолданды" деп мәлімдеген.

Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. 21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған еді.

Кейін Қазақстанның тиісті органдары бұл тергеу қалай жалғасып жатқаны жайлы ешқандай хабар таратпады.

Журналист Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салу сәті. Киев, 5 шілде 2024 жыл.
Журналист Айдос Садықовты ақтық сапарға шығарып салу сәті. Киев, 5 шілде 2024 жыл.

Азаттық ашық дереккөздерден күдікті Қаратаевқа тиесілі деген нөмірді тауып, ол нөмір өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтады. Кейбір адамдар оның байланыс нөмірін "Мейрам Арыс", "Мейрам Арыстан" деп, жиырмаға жуық қолданушы "Мейрам А" деп сақтаған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің "Арыстан" дейтін арнайы бөлімі 2016 жылдан бастап "А" арнаулы мақсаттағы қызмет деп аталады.

Getcontact қосымшасы Жақанбаев нөмірін кейбір абоненттер "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ", "Алтай Сыр" деп сақтағанын көрсетті. "Сырбар" – ҰҚК сыртқы барлау қызметі.

ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG