Accessibility links

Риддер әкімдігі АЭС-ке қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді


Қоғам белсендісі Назар Асайынов
Қоғам белсендісі Назар Асайынов

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімдігі жергілікті қоғам белсендісі Назар Асайыновқа атом электр станциясы бойынша референдум болатын 6 қазан күні митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Азаттыққа 30 қыркүйекте Асайыновтың өзі хабарлады. Белсенді әкімдік негізсіз бас тартып отыр деп сотқа жүгінбек.

Қала әкімдігі Асайыновқа берген жазбаша жауабында оның митинг өткізу туралы тапсырған хабарламасы заңға сай толтырылмаған деген. Назар Асайынов бұған келіспеді. Ол хабарламаның нақты қай тұсы заңға сай келмейтінін әкімдік түсіндіре алмады деді.

– Бейбіт шеруге шығудың арнайы талаптары бар. Соның бәрін сақтай отырып, заңгермен келісіп хат жаздым. Ол хатқа екі күннен кейін жауап алдым. Талаптарыңыз "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның 10-бабына сәйкес келмейді, соған байланысты рұқсат берілмейді депті. Айналайын әкімдік, несі сәйкес келмейді? Ұғындырып айтсаңдаршы. Сол 10-бапқа сүйене отырып жазған хатым ғой. Жалғыз емес, заңгерлермен ақылдасып, бірге жаздық. Демократиялық Қазақстанда менің құқығымды шектеп тұрсыңдар ғой. Амандық болса, заңгерлер қағаздарды дайындап жатыр, бүгін кешке әкімдікті сотқа беремін, – деді Назар Асайынов Азаттық тілшісіне.

Назар Асайынов бейбіт шеру туралы хабарламаны әкімдікке 25 қыркүйекте тапсырған. Ол 6 қазанда 100 шақты адам жиналып, АЭС салуға қарсылық, қалалық референдум комиссиясы мүшелерін ауыстыру, облыс әкімін орнынан алу және жемқорларға жазаны қатайту туралы талаптар қоямыз деген. Белсенді Қазақстанда "жемқорлық өршіп тұрғандықтан АЭС салу қауіпті" деп есептейді. Оның үстіне сайлау, референдум сынды саяси науқандар "әділ өтпейді", комиссия мүшелігінде билікке ыңғайлы адамдар отыр деді ол.

Бейбіт шеруге шықпақшы болғандар мұнымен қатар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың да қызметтен кетуін талап етпек болған. Асайыновтың сөзінше, әкім қызметке келген 2023 жылдан бері орынбасарлары мен аудан әкімдерін жылдам ауыстырып, бұрын өзімен бірге істеген командасын маңайына топтай бастаған.

– АЭС салуға Қазақстан әлі дайын емес. Неліктен? Жемқорлық өте шарықтап тұр. Қазақстан өзі көп нәрсеге дайын емес. Не топан суға, не өртке дайын емес. Енді жедел жәрдемді қысқартамыз дейді. Жетім-жесірлерімізге ешқандай жағдай жасай алмаймыз. Қарап тұрсам АЭС-тен басқа да проблема көп. Алдымен соларды жеткізіп алу керек, – деді Назар Асайынов.

Қазақстанда бейбіт жиын өткізуге заң бойынша шектеу жоқ. Бірақ билік көп жағдайда алаңдар бос емес немесе акция ұйымдастырмақ болғандар өтініш формасын заңға сай толтырмады деп, митингіге келісім бермейді. Белсенділер мұны алдарқату, шын мәнінде адамның пікір білдіру еркіндігі қорғалмайды деп есептейді.

6 қазанда Қазақстанда "АЭС құрылысын салуға келісесіз бе?" деген жалғыз сұрақ бойынша референдум өтеді. Билік халықты науқанға қатысуға үгіттеуді бастап кетті. Референдум алдында АЭС-ті жақтаушылар мен наразылардың алуан түрлі пікірі айтылып жатыр. Билікшіл партиялар және әртүрлі кәсіпорын мен оқу орын қызметкерлері атом электр станциясын "болашақ үшін қажет әрі экологиялық таза қуат көзі" деп атайды.

"Атом станциясын салмасақ [Ресейге энергетикалық тәуелділік] арта береді. Ең қажет кездерде біз энергияны Ресейден сатып аламыз, ол біздегіден анағұрлым қымбат. Соның салдарынан тәуелділік туындайды. Егер өз энергиямызды, соның ішінде атом энергетикасын көп өндірсек, тәуелділік ондай деңгейде болмайды" деді Азаттыққа сұхбатында "Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин.

Оның айтуынша, Алматы облысындағы Үлкен ауылына жақын жерде орналасады деген АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиян тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды. Жантикин "көл жылып кетпейді, өйткені АЭС-тің жылыту жүйесіне көлдің еш қатысы болмайды" деді. Оның айтуынша, атом электр станциясын 9 балға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болады, яғни жер сілкінісі болған жағдайда АЭС зардап шекпейді. Оның сөзінше, Жапонияның Фукусима станциясы тұрған аймақта қатты жер сілкінгенімен, ғимараттың өзі құламаған, АЭС-ке цунамиден зақым келген.

Ал АЭС салуға қарсы адамдар елде жемқорлық көп, қауіп-қатер жоғары және станция маңындағы өзен-көл суы тартылып кетуі ықтимал дейді. Сонымен бірге референдумда АЭС-ті қай ел салғанын қалайсыз деген сұрақ жоқ, құрылыс мақұлданса, ресейлік компания іске кірісуі мүмкін деп қауіптенетіндер де бар.

Бұдан бөлек, елде сайлау, референдум тәрізді науқандар әділ өтпейді деп сынап жүргендер жетерлік. Орталық сайлау комиссиясы бұған дейінгі сайлауларда бірді-екілі заң бұзушылықтар кездескенін растаған, бірақ олар науқан барысына әсер ететіндей деңгейдегі мәселелер емес деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG